Қабдеш НҰРКИН, соғыс және еңбек ардагері, Павлодар облысының Құрметті азаматы:
- ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттарының ұсынысын қолдаған Елбасы Мәжілісті және жергілікті мәслихаттарды таратып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл өте орынды және уақытында қолға алынған шара деп түсінемін. Мұндай тәжірибе көп елдерде қолданып келеді. Мәжілістің және мәслихаттардың құрамын жаңартып отыру - өмір талабы. Бұлар - мемлекетіміздің заң қабылдау органдары. Өмір бір қалыпта тұрмайды, Заң да өмірге сәйкес жұмыс жасауы қажет. Заң жаңарып отыруы керек. Парламент және мәслихат депутаттарының заңдарды жақсы, өте жетік білуі – олардың негізгі қызметтік міндеттері. Өкінішке орай, таратылған Мәжілістің кейбір қабылданған шешімдері толық заң талаптарына сай өз дәрежесінде дайындалмағандықтан, соңынан бірнеше рет өзгерістер мен толықтыруларға душар болып жатады. Мұны халық жақсы біледі. Әрине, бұл Мәжілістің атына лайық емес, жағымсыз жайттар оның қоғам алдындағы беделіне үлкен нұқсан келтіреді. Келешекте болдырмау өте қажет.
Алдағы сайлауда Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарға депутат болып көзі ашық, көкірегі ояу, өмірдің өрінде, еліміздің төрінде, халқымыздың көзі мен сөзінде көрінген, көпке татыр сөзі бар, көпке тиер көмегі бар, ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылып қызмет істейтін, Елбасындай ел қамын ойлайтын азаматтар сайланады деп толық сенеміз. Мәжілісті және мәслихаттарды сөзі балдай, ісі қылдай адамдардан сақтасын Құдай.
Депутаттардың басым көпшілігі білікті заңгерлер, экономистер, қаржы және индустриялық-инновациялық саладағы жас мамандардан құралса дұрыс болар еді. Ағамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, «жаңадан сайланған депутаттар халық жүрген жолмен жүрсе, адаспайды». Солай дейік, солай боларына сенейік!
Ғалымбек ЖҰМАТОВ, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Павлодар қалалық «Шаһар» газетінің редакторы:
- 2012 жылы өтетін маңызы зор саяси шараны бұрынғы депутаттардың орнына жаңадан азаматтарды сайлау деп қарастырған дұрыс емес, бұл - елдің болашақ игіліктерін айқындайтын таңдау. ҚР Парламенті Мәжілісіне немесе жергілікті мәслихаттарға таңдау жасауда әрбір тұрғын депутат – халық мінбері, көпшілік қалауы екенін түйсініп дауыс берсе абзал. Өз басым кезектен тыс сайлауды жариялау уақытылы қабылданған оң шешім дегенге келісемін. Себебі, қазір әлемде қаржылық, экономикалық дағдарыс етек алуда. Соның салдарынан жер шарындағы көптеген мемлекеттерде наразылықтар туындап, жағдай күннен-күнге ушығып барады. Осындай жаһандық мәселелерді ескерсек, біздегі сайлау науқанын кезектен тыс өткізу құба-құп. Жаңадан сайланатын мәжілісмендер мен мәслихаттар депутаттары қазіргі күннің мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарап, елімізді алдағы күндері кездесуі ықтимал қиындықтарға лайықты дайындайды деп сенім артамыз. Өзіңді мемлекеттің бір бөлшегі ретінде сезіне алу немесе ұлтжандылығыңды дәлелдейтін тұс осындай елдік маңызы зор оқиғаларда орын алады. Бұған дейінгі дауыс беру науқандарында байқағанымдай, кейбір ағайындарымыз сайлау науқаны кезінде бейқам көзқарас танытып, ал кейін халық сайлаған депутатты жақтырмай, өзінше пікір айтып жатады. Олары тіптен дұрыс емес, сайлау біткен соң белсеніп шығу, айта берсең азаматтыққа сын. Сондықтан, халық болып жұмылып, өзіміздің дұрыс таңдауымызды жасайық.
Ата-аналар сайлауға тұңғыш қатысқалы отырған балаларын шараға алдын ала дайындап, оның маңыздылығын ұғындырғандары жөн. Бұл арқылы жастарымызға патриоттық тәрбие береміз. Алғаш дауыс беруші әр азамат мемлекеттің болашағына қажетті дүниеге өзінің де үлес қоса алатынын сезіне алуы тиіс. Міне осы арқылы бұл саяси науқанды жоғары әрі әділ түрде өткізе алатындығымыз айқын.
Арман АҚЫШЕВ, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті тарих және құқық факультетінің деканы:
- Жарты жылдан астам уақыт бұрын Президент сайлауы өткені белгілі. Ал келесі жылдың қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы ұйымдастырылады. Өз басым еліміздегі екі бірдей саяси құрылымдардағы сайлау науқанын жеделдетіліп өткізілгенін құптаймын. Көппартиялы Парламентті жасақтауға мүмкіндік беретін осы демократиялық тетікті кешіктірмей қолға алғанымыз жөн. Бұл маңызды қадам Қазақстанның көппартиялылық және саяси пікір алуандығы идеяларына жол ашпақ. Бұл түрлі пікірлердің пайда болуы мен ортақ мәселелерді бірлесе шешуге оңтайлы мүмкіндік туғызады. Сайлауды өткізуге билік басындағы азаматтар ғана емес, барша Қазақстан азаматтары бір адамдай қатысуы керек. Қоғам болған соң, жекелеген топтардың да, ұйымдардың да өзіндік көзқарасы болады. Олардың барлығы дұрыс шешім жасайды деген үміттемін. Мемлекетіміз ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын экономика, әлеумет, мәдениет, халықаралық қарым-қатынастар және тағы басқа салалардағы толағай табыстармен қарсы алуда. Мұның барлығы біртұтас халқымыздың дұрыс шешімі мен қолдауының арқасы екені сөзсіз. Келесі жылы өтетін сайлау еліміздің экономикасының еселі дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, әлем елдерімен берік серіктестікті нығайта түсуіне мұрындық болмақ.

