Ақын АЛАҚАНҰЛЫ, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі:
- Қазақстан Парламенті Мәжілісін тарату өте орынды шешім болды. Оның себебін бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп жатырмыз. Ата Заңымызға сәйкес бұл жолы елдің Парламенті көппартиялы болуы тиіс. Бұл, алдымен, еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттырса, екіншіден, демократиялы мемлекет екенімізді нақтылай түседі. Келер жылдың 15 қаңтарына жоспарланған сайлау науқанында белсенді істерімен сенімге ие болған партиялар жеңіске жетеді деп ойлаймын. Бүгінгі таңда партиялар өз үміткерлерін ұсынуда. Сайланатын депутаттар жеке бастарын емес, ұлттың қамын, елдің болашағын ойласа екен. Олардың мемлекеттік тілге деген көзқарастары түзу, ниеттері ақ болса, тіптен жақсы. Сондай-ақ, сайланатын халық қалаулылары құқықтық тұрғыдан білімді, жан-жақты болғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Біз бұған дейін бірнеше сайлау өткіздік. Оларда заң бұзушылық орын алған емес. Осы жылғы науқан да әділ өтетініне кәміл сенемін.
Гүлнар Қайдарова, «Гофротара» ЖШС-нің директоры:
- ҚР Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауы - біздің келешегіміз үшін сындарлы кезең қарсаңында өткелі тұр. Қазірде әлемдік экономиканың ахуалы тұрақсыз, іргелі мемлекеттердің өзі тұралап, дағдарыстың амалын таба алмауда. Осы орайда, бізге заман талабына сай жедел әрі дұрыс, кәсіби жағынан білікті, тындырымды депутаттар сайлау міндеті жүктеледі. Бұған дейін мемлекетіміз қиындыққа қарамастан уәделі межелерге қол жеткізді. Алдағы уақытта да осы бағытымыздан таймаспыз деген сенімдемін. Елбасымыздың ұстанған саясаты бүгінде әр салада өз жемісін беруде. Енді оны халық игілігі үшін кеңінен өрістетуге заң шығарушы орган – Мәжілістің жаңа құрамы сүбелі үлес қосуы керек. Яғни, алдағы сайлауда халқымыз белсенділік танытып, іргелі істер атқаруға қуатты партиялар мен лайықты үміткерлерді іріктей алуға тиіс. Бұл жолы қатар өтетін қос сайлауды жоғары деңгейде өткізе алсақ, қарқынды дамуымыздың бір кепілі сол болмақ.
Қабидолла ШӘКӘРІМОВ,
«Замандас» ардагерлер үйінің директоры:
- Алдағы жылдың қаңтар айының орта шеніне дейінгі кезең еліміз үшін маңызды электоралдық науқан болмақ. Оған сақадай-сай дайын болуымыз шарт. Ең бастысы, халық белсенділігі көп мәнге ие. Тұрғындар бұл шараға атүсті қарамаса екен деген тілегіміз бар. Біз сайлау барысында ҚР Парламенті Мәжілісіне немесе әр деңгейдегі мәслихаттарға депутат таңдап қана қоймай, өз болашағымызды айқындайтындығымызды ұмытпайық. Себебі, депутаттарды «халық қалаулылары» деп бекер айтпаса керек.
Сайлау додасына қатысуға қазірдің өзінде бірнеше саяси партияның ниеттеніп отырғандығын білеміз. Мұның өзі көппартиялы Парламентті жасақтауға қолайлы жағдай туғызып отыр. Міне, бұл – елімізде демократиялық құндылықтарымыздың қашан да бірінші кезекте тұратындығының дәлелі.
ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы шешім де уақытылы қабылданды деп ойлаймын. Оның өзіндік себептері бар. Депутаттар қауымы Мәжілісті тарату туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған үндеулерінде түсіндіріп атап өтті. Заман өзгеруде. Заманға сай адам да өзгереді емес пе? Парламентке тың күш қажет сияқты. Бұл ретте, жаңа сайланған депутаттарға жаңа міндеттер де артылады.

