Eлбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жас мемлекетіміздің іргелі ел болып қалыптасуына сіңірген еселі еңбегі өлшеусіз мол. Оның көреген саясатының нәтижесінде еліміздің қай саласы болмасын заман талабына сай ерекше екпінмен алға қадам басуда. Солардың қатарында білім мен ғылым да бар. Бүгінде еліміз аталған салаларды озық үлгіде дамыта отырып, бәсекеге қабілетті болуды көздейді. Себебі, онсыз болашақ жоқ, келешегіміз көгермейді.
Бүгінде Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша Қазақстанның мыңдаған жастарына әлемнің жетекші елдерінде жоғары білім алуға жағдай жасалып отыр. Өткен жылы ел ордасы – Астанада әлемдік деңгейдегі «Назарбаев университеті» ашылды. Бұл еліміздің білім мен ғылымды дамыту бағытындағы елеулі істерінің бірі ретінде тарихтан орын алды. Қазіргі кезде Президенттік интеллектуалдық мектептер отандық білім берудің теңдессіз көшбасшысына айналды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлтымыздың әлеуетін дамытуға қосқан үлесі осындай ауқымды істерден көрінеді.
Білім мен ғылым кеңістігіндегі жаңашылдыққа бетбұрыс еліміздің индустриялық-инновациялық дамуға белсенді бағыт алуына мүмкіндік беруде, Қазақстанның гүлдену, өркендеу жолындағы маңызды қадамы болды.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары атынан мемлекетіміздің алдында сіңірген қайратты да ерен еңбегі мен еліміздің Бостандығын, Тәуелсіздігін, Ынтымақтығын сақтаудағы көрегенділігі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Халық қаһарманы» деген жоғары атақтың берілуін қолдаймыз.
Е.АРЫН,
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, ғылыми кеңес төрағасы, э.ғ.д., профессор.
Жиырма жыл ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз талай қиын-қыстау кезеңдерден абыроймен өтті. Жай ғана өтіп қоймай, дамыған үстіне дами түсті. Соның арқасында бүгінде мемлекетіміздің қай салада болмасын мол мүмкіндіктерін әлем мойындап отыр.
Соңғы жылдары елімізде индустрия-ландыру саясатына көп көңіл бөлініп отырғандығы белгілі. Бұл ретте, мемлекеттік үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуші алпауыт кәсіпорындардың бірі Екібастұздың ГРЭС-1 станциясының қуатын арттыру жобасы қарқынды жүзеге асуда.
Біз Мемлекет басшысының еліміздің жалпы энергетика саласына деген қолдауын ерекше жоғары бағалаймыз. Ел Президентінің болжампаздығы мемлекеттің энергетика кешеніне қажетті инвестиция тартып, қазіргі заманға сай озық технологияларға негізделген өндірісті дамыту ісін қамтамасыз етті. Осы шаралардың барлығы бізге шикізаттық емес сектордың экспортқа бағытталған кәсіпорындар жұмысын ілгерілетіп, өндірісті жаңғыртуға жаңа мүмкіндіктер берді.
Біз, Павлодар облысының энергетиктері Ұлт Көшбасшысы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларын қызу қолдаймыз. Елін сүйген ердің ерен еңбегі лайықты бағасын алуы тиіс. Осы тұрғыдан айтқанда, Елбасымызға ең лайықты марапат – «Халық қаһарманы» атағы.
Р.СВАМБАЕВ,
«Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС басқармасының төрағасы.

