Бүгін баршамыз үшін ең ұлы әрі айшықты мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні аталып өтілуде.
Егеменді еліміздегі ең жоғары құндылық өлшемі – Тәуелсіздіктің таңы атқанына дәл жиырма жыл толды.
Дархан даламызға азаттық пен теңдік, ынтымақ пен бірлік нұрын әкелген Тәуелсіздік - әр қазақстандық үшін қасиетті ұғым. 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңға қол қойды. Осылайша, Еуразия құрлығының жүрегінде орын тепкен, ежелде Ұлы дала атанған ұлан-ғайыр жерде жаңа әрі дербес мемлекеттің дүниеге келгенін жария етті.
Бұл көрнекті күн жас мемлекетіміздің тарихына алтын парақ болып мәңгілікке жазылып, өміріміздің жарқын да жаңа дәуіріне бастау болды, халқымыздың ғасырлар бойғы ұлттық жаңғыруға, рухани еркіндікке, экономикалық өсу мен мәдени өрлеуіне деген ұмтылысын заңды түрде бекітті.
Жиырма жылдағы тәуелсіз даму – бұл тарих ағымының бір сәті ғана, бірақ ол тұтас дәуірге бара-бар кереметтей ауқымды оқиғалар мен жасампаздыққа толы болды. Бүгінде жас қазақ мемлекеті - тарихи жоғары өрде.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы, көрегенділігі мен пайымдылығы арқасында бүгінгі Қазақстан – бүкіл әлем ерекше бағалайтын және құрметтейтін қуатты, экономикалық табысты, саяси тұрақты мемлекет.
Тәуелсіз Қазақстанның жарқын бейнесі – Еуразияның інжуіне айналған біздің ару қаламыз Астана болып табылады. Барлығымыз үшін бұл - жаңаруымыздың және жасампаздығымызға деген мақтанышымыздың белгісі.
Біздің жолымыздың түпкі негізі – толеранттық арқылы тұрақтылыққа, ырықтандыру арқылы жаңғыртуға қол жеткізу. Ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтудан асқан маңызды әрі игілікті іс жоқ – біздің жалпыұлттық құндылықтарымыз осылай деп үн қатады.
Қазіргі таңда біз өз алдымызға бәсекеге қабілетті экономикасы мен ел тұрғындарының өмірі үшін ең озық стандарттары бар Жаңа Қазақстанды құрудағы ауқымды мақсатты ұстанып отырмыз.
Аталған мақсатты бағындыру үшін, ең бастысы, бізде барлық қазақстандықтар сенім артатын Ұлт Көшбасшысы бар. Қуатты, өркендеген және бақуатты мемлекет – Жаңа Қазақстанды тек мәртебелі Елбасының жетекшілігімен ғана құра аламыз.
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды осынау тамаша ұлық мереке – Тәуелсіздік мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге және отбасыларыңызға мықты денсаулық, бақыт, амандық, бейбітшілік және игіліктер тілеймін!

