ЕЛ БОЛАШАҒЫН БІРГЕ ҚҰРАМЫЗ!
аймағымызға «Нұр Отан» ХДП республикалық қоғамдық штабының өкілдері келді
Кеше өңірімізге «Нұр Отан» халықтық - демократиялық партиясының республикалық қоғамдық штабының өкілдері келді. Партияның сайлауалды бағдарламасын насихаттаған ынталы топ алдымен аймағымыздағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.
Облыс орталығындағы «Достық үйінде» өткен шараға партия төрағасының орынбасары, республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Нұрлан Нығматулин және аталмыш партия атынан ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа кандидаттар - жерлесіміз Владимир Бобров, «Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Раушан Сәрсембаева және ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Абдуллин қатысты.
- «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы осыдан төрт жыл бұрын жоспарлаған мақсат-міндеттерді толықтай орындады. Жеткен жетістіктерді, бағындырған белестерді қарапайым халық көріп, білуде. Осы жолы да ауқымды әрі маңызды мәселелерді алға қойып отырмыз. Бұл ретте, Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қыруар жұмыстар атқарылды. Келесі бесжылдықта да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, ел мерейін өсіреміз. 2012 жылдың 15 қаңтарында өтетін сайлауда, біз, қазақстандықтар, Парламент Мәжілісінің депутаттарын таңдап қана қоймай, болашағымыз үшін маңызды қадам жасаймыз»,- деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Жерлесіміз В.Бобров павлодарлықтар ел болашағы үшін дауыс беретіндігіне кәміл сенетіндігін жеткізді. Бұл ретте, ол тұрғындардың мұң-мұқтажы шешіліп, талап-тілектерінің орындалуына жағдай жасалатындығын баса айтты. Сондай-ақ, Р.Сәрсембаева еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында әйелдердің қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті. Ал әнші Н.Абдуллин мәдениет саласының өкілдері елдің жарқын келешегі үшін таңдау жасайды деп қысқа қайырды.
«Нұр Отан» ХДП республикалық қоғамдық штабының өкілдері Павлодар қаласының Айманов көшесіндегі 41 және 42 үйлердің тұрғындарымен жүздесті. Сондай-ақ, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрында өңіріміздің мәдениет саласының өкілдерімен және «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ғимаратында Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өткізді. Штаб мүшелері бұдан басқа партияның Павлодар қалалық бөлімшесінде және «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ында жиындар ұйымдастырды.
Ф.ӘМІРЕНОВ.
Ардагерлермен кездесті
Кеше Павлодарда «Нұр Отан» ХДП республикалық штабының өкілдері соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесті. Партияның Павлодар қалалық штабында өткен шараға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Әлия Ғалымова және Анатолий Пепенин қатысты.
Мәжіліс мандатынан үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен кеңінен таныстырды. Ә.Ғалымова өз сөзінде Ертістің Павлодар өңірінің әлеуметтік салалар бойынша қол жеткізген табыстарын да атап көрсетті. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда облыста балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтудың деңгейі 56 пайыздан 90 пайызға дейін артқаны, тек биылғы жылдың өзінде өңірде жаңадан 2 бақша ашылып, мектепке дейінгі 20 нысан жөнделгені тілге тиек етілді.
Ал облыстың денсаулық сақтау саласына соңғы 10 жылда тартылған инвестиция көлемі 100 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды. Бұл ретте, жаңа заманның медициналық жабдықтарын алуға бір млрд. теңгеден астамқаржы жұмсалды. Стационарлық ауруханалар мен емханалардан бөлек, өңірде жылжымалы медициналық кешендер саны артып, ең шалғай елді мекендерге дейін қолжетімді болып отырғаны айтылды. Осының барлығы медициналық қызметтің ауқымын арттырып, сапасын көтеруге жол ашып отыр,- деді Ә.Ғалымова.
Жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде де жүзеге асқан нәтижелі шаралар аз емес. Үстіміздегі жылы біздің облыста «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында пилоттық жоба іске асырылды. Соның арқасында мемлекет тұрғындарға қолдан келетін кәсіпті игеруге жол ашты, ауылдық тұрғындарға шағын несиелер беру арқылы, бизнесті ширатуға мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ, болашағы бұлыңғыр деп саналатын елді мекендердің тұрғындарын басқа жерлерге қоныс аударту, жұмыспен қамту үшін жаңа тұрғын үйлер салу қолға алынды. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде облыста жұмыссыздық деңгейі рекордтық көрсеткішке – 5,2 пайызға дейін төмендеді.
Әлеуметтік саланы дамыту экономикалық жетістіктерсіз болмайтыны аян. Бұл туралы Ә.Ғалымова баса атап көрсетті. Экономикалық бағытта облыстың ауыз толтырып мақтанышпен айтарлықтай жетістіктері мол. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 169 жоба жүзеге асуда. Олардың жалпы сомасы 1,2 трлн. теңгені құрайды. Мұның өзі жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына және бюджеттік салықтар көлемінің артуына мүмкіндік беріп отыр.
Кездесуде кандидаттар ардагерлердің ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Көптеген сауалдарға жауаптар қайырды. Ұсыныс-тілектердің барлығы қаперге алынып, шешілуіне ықпалдық етілетіні мәлімделді.
Өз тілшіміз.
Сайлауалды штаб ашылды
«Қазақстан коммунистік халық партиясы» Павлодар облыстық филиалында сайлауалды үгіт-насихат штабы ашылды. Облыс бойынша 3800–дей мүшесі бар партия атынан бірнеше үміткер алдағы сайлауға қатысуға ниеттеніп отыр.
ҚКХП-ның Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Марат Тілендиновтің айтуынша, облыстық мәслихатқа 1 үміткер, Павлодар қалалық мәслихатына 9 адам аталмыш партия тарапынан ұсынылып отыр. Сол секілді, Павлодар аудандық мәслихатына - 2, Екібастұз қалалық мәслихатына - 1, Железин аудандық мәслихатына - 2 үміткер бар.
«Бүгінде 50-дей адам үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып, үнпарақтар таратуда. Жалпы, еліміз бойынша партия атынан 21 үміткер Парламент Мәжілісіне үміткер ретінде тіркеліп отырса, соның бірі - біздің Павлодар облысынан Гауһар Нұғманова болып табылады», - деді М.Тілендинов.
Ж.ТОЙШЫБАЙ.

