өңір тұрғындары ҰЙЫМШЫЛДЫҚ ТАНЫТТЫ

15 қаңтар, жексенбі күні елімізде ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс және түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өтті. Республикадағы барлық сайлау комиссиялары мен сайлау учаскелері таңғы сағат жетіден өз жұмыстарын бастады. Еліміз үшін елеулі саяси оқиғада аймағымыздың жұртшылығы да ерекше белсенділік танытты. Кереку өңірінде сайлаудың өз деңгейінде өтуіне барлық жағдай жасалды. Облыс бойынша ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ.

 

Дамудың даңғыл жолы үшін!

Облыс тұрғындары саяси науқанға бір кісідей жұмылып, болашаққа бей-жай қарамайтындарын дәлелдеді. Азаматтық парыздарын өтеуге асыққан жұртшылық таң сәріден сайлау учаскелеріне ағыла бастады. Қалаған партияларына, халық қалаулысы атануға лайық деп тапқан кандидаттарға дауыс берді. Аудандар мен ауылдағы жұртшылықтың дені түске дейін-ақ өз таңдауын жасап үлгерген.

Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылының орта мектебінде орын тепкен №50 сайлау учаскесі Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен ашылды. Аталмыш сайлау учаскесі ашыла салысымен кезек күткен тұрғындар дауыс беруге асықты. Алғашқы минуттарда-ақ отыздан астам адам дауыс берді. Небары бір жарым сағаттың ішінде екі жүзге тарта кенжекөлдік өз таңдауларын жасады. Халық белсенділігінің деңгейін осыдан байқауға болады. Бұл учаскедегі сайлаушылар тізімінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев та бар еді. Сағат тоғызға таман аймақ басшысы зайыбымен бірге сайлау учаскесіне келіп, конституциялық құқығын пайдаланды. Ел қатарлы азаматтық парызын орындады. «Бүгін - еліміз үшін маңызды күн. Біз Қазақстан халқының игіліктерін бағытталған мемлекеттік реформаларын жалғастыратын биліктің өкілетті тармағын сайлаймыз. Дауыс беру - бұл демократия мерекесі, бұл әрбір азаматтың конституциялық құқығына сәйкес өзі сенетін кандидаты мен партиясын таңдау мүмкіндігі», - деді аймақ басшысы.

Алғашқы болып дауыс бергендердің бірі - кенжекөлдік Бөгенбай Уахит. Ерекше атап өтерлігі, ол осыдан тура он сегіз жыл бұрын, 15 қаңтарда дүниеге келген. Павлодар қаласындағы Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжінің студенті. Самбо күресін серік еткен жас жігіт бұл күнді асыға күткендігін айтады. «Бүгін - мен үшін қос қуаныш. Кәмелетке толып, өмірімде алғаш рет дауыс бердім. Мұны еліміздің өркендеуіне қосқан үлесім деп білемін. Осынау маңызды саяси оқиғаның туған күніме тұспа-тұс келгендігін жақсылыққа балап отырмын. Бұл мереке әлі талайға дейін есімде жатталып қалары сөзсіз», - дейді Б.Уахит. №50 сайлау учаскесінің комиссия өкілдері туған күн иесіне арнайы сыйлық табыс етті.

 

Әсемгүл – бірінші!

Сайлауға белсене қатысқандардың қатарында Павлодар ауданына қарасты Мичурин ауылының тұрғындары да бар. Жергілікті жалпы орта білім беру мектебінің ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне жұртшылық ерте жинала бастады. Нәтижесінде сағат тілі жетіні соқпай тұрып-ақ дауыс беруге келген халық қарасы әжептәуір қалыңдап қалды.

Еліміздің Әнұраны шырқалып, сайлау учаскесі жұмысын бастады. Дауыс беру құқығы бар азаматтар өз таңдауларын жасауға кірісті.

Алғашқы болып дауыс беру құқығы Әсемгүл Бұтантаева есімді бойжеткенге бұйырды. Ол барлығынан бұрын келіп, алдын ала кезек алып қойған көрінеді. Сұрастыра келе, Әсемгүлдің өмірінде алғаш рет дауыс бергендігін білдік. «Мен үшін бүгін маңызды күн. Кәмелеттік жасқа толған Қазақстан азаматы ретінде сайлау құқығына ие болдым. Осынау жауапты сәтті ерекше ықыласпен асыға күттім. Ойлап қарасақ, бір-екі сағат артық ұйқыдан не пайда? Сондықтан, ерте тұрып, сайлауға келіп отырмын», - дейді бойжеткен.

Ә.Бұтантаева – болашақ дәрігер. Павлодар қаласындағы медициналық колледжде білім алуда. «Бүгінде елімізде жастарға мемлекет болашағы ретінде үміт артылып, көп қолдау көрсетілуде. Мысалы, жас мамандарды еңбекпен қамтуда игі бастамалар қолға алынған. Бұл – болашағымызға зор сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Біз, жастар, ел үмітін ақтауымыз қажет. Өз басым мемлекетіміздегі тұрақтылық, бейбітшілік үшін дауыс бердім. Дұрыс таңдау жасағаныма сенімдімін», - деп атап өтті Әсемгүл.

- Жалпы, ауылымызда 1358 сайлаушы бар. Оның ішінде 27 жас азамат - алғаш рет дауыс беретіндердің тізімінде. Елді мекен бойынша үш сайлау учаскесі жұмыс істеуде, - дейді Мичурин ауылының әкімі Болат Файзулин.

Аса жауапты сәтті ауыл ақсақалдары да назардан тыс қалдырмады. Сайлауға сақадай сай болуды шешкен қариялар саяси науқанға белсене қатысып, кейінгі ұрпаққа үлгі бола білді. Олардың қатарында зейнеткер Нұрлан Рысқұлов бар. Ақсақал таңсәріден тұрып, зайыбы Нұржамалмен бірге сайлау учаскесіне келіп, азаматтық борышын атқарды. Өмірінің басым бөлігінде туған өлкесінің болашағы үшін талмай еңбек еткен ол бүгінде сол бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ақсақалдың бес баласы бар. Жұбайымен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, қазіргі кезде он немере сүйіп отырған жайы бар. «Біз - бақыттымыз. Ізімізді жалғар ұрпағымыз бар. Келешегі кемел, бірлігі бекем елде өмір сүреміз. Бұдан артық не керек?! Сондықтан, бағымызды лайықты бағалай білейік дегім келеді. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай!», - деп тіледі Н.Рысқұлов.

 

Жастардың белсенділігі жоғары

Павлодар қаласындағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ-музыкалы драма театрында орын тепкен №87 сайлау учаскесіне барғанымызда да дауыс берушілердің қалың кезегіне тап болдық. Азаматтық борыш пен патриоттық сезімді жоғары ұстап, елдің болашағы үшін дауыс беруге ентелесе келген ағайынның жарқын өмірдің жалғасына сенімді екенін байқадық.

Аталмыш учаскеде аймағымызға келген халықаралық бақылаушы топ құрамына кіретін Польша елінің делегаттарын кездестірдік. Осындай сындарлы сәтте әр тұрғынның белсенділігі аса маңызды еді. Қазақ жұртының азаматтық таңдау жасаудағы белсенділігіне халықаралық бақылаушылар куә болды.

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында орналасқан №11 сайлау учаскесінде де халық қарасы көп болды. Әсіресе, жастар қауымының қатары қалың. Олар достарымен, құрбы-құрдастарымен бірге келіп жатты. Ұл-қыздарымыздың конституциялық құқықтарын пайдаланып, таңдауларын жасауға ынталы екендіктерін көріп, қуаныстық.

Сайлау күні Усолка шағын ауданында орналасқан №51 сайлау учаскесі де қарқынды жұмыс істеді. Таңертең ашылғаннан бастап, дауыс берушілердің қатары қалыңдай түсті. Учаскеге беттеген жұртшылық арасынан кішкентай сәбилерін жетектеген ерлі-зайыпты Әлкеновтер отбасын сөзге тарттық. «Қазақстанды мекен еткен әрбір азаматтың ел болашағына бей-жай қарамайтындығы белгілі. Сайлауға келіп, өз таңдауыңды жасау – әрқайсымыздың парызымыз. Сол себепті, біз де маңызды саяси науқаннан қалыс қалмауды шештік. Көрсін, білсін, үлгі болсын деген ниетпен балаларымызды да ертіп алып келдік. Алла жазса, олар да ер жеткен соң ел болашағы үшін таңдау жасайтын болады», - деді отағасы Серік Әлкенов.

 

Сырт көз - сыншы

Кереку өңірінде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы халықаралық нормалар мен Қазақстандағы заңнамаға сай, әділ әрі ашық өтті. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Польша елінің өкілдері осылай деді. Сайлауды сырттай бақылауға келген шетелдік меймандар жалпы Қазақ елінің саяси науқанға әзірлігін, оның ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалауда. Олардың пікірінше, бұл - Қазақ мемлекетінің демократия жолында тағы бір қарышты қадам жасауының көрінісі.

Польша елінен бақылаушылар тобын аймағымызға Польша-Шығыс ынтымақтастық қауымдастығының президенті Джозеф Бриль бастап келді. Күні бойы облыс орталығындағы бірқатар сайлау учаскесін аралап шыққан халықаралық бақылаушылар сайлаушылар үшін жасалған жағдайды ерекше атап өтті. Шетелдіктер тарапынан ешқандай сын-ескертпелер болған жоқ.

- Қазақстанның көппартиялық жүйеге бет бұрғандығы маңызды. Бұл - ел үшін демократиялық құндылықтардың қашан да бірінші кезекте тұратындығының белгісі. Шетел тәжірибесіне сүйенер болсақ, қай елде болмасын жиырма жылдың ішінде толық демократиялық қоғам құру мүмкін емес дер едік. Алайда, аталмыш саладағы Қазақстанның табыстары таң қалдырады», - дейді Дж.Бриль.

- Сайлау жоғары деңгейде өтті. Билік орындары тарапынан ешқандай араласу оқиғасы тіркелген жоқ. Халық өз еркінше таңдау жасады. Дауыс берушілерге кандидаттар жөнінде барлық мәліметтер қолжетімді болды. Сайлауға құқығы бар әрбір азаматтың дауыс беруіне қолайлы жағдайлар тудырылған. Денсаулығына, мүгедектігіне байланысты сайлау учаскесіне келе алмаған тұрғындар үйлерінде отырып-ақ таңдау жасау мүмкіндігіне ие болды. Тағы бір атап өтер жайт, шараға жастардың ерекше белсенділікпен қатысқандығын байқадық. Жергілікті бақылаушылардың өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен, мұқият қарағандықтарын да атап өтуге болады. Соның арқасында саяси дода кемшіліксіз өтті. - деді Польша еліндегі зерттеу институтының жетекшісі Владыслав Соколовский.

Шетелдік бақылаушылар өзара бейбітшілік пен береке-бірлікте ұйып отырған Қазақстан халқына айрықша қызығушылықпен қарайтындықтарын атап өтті.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

Ләззат АСҚАРОВА,

«Әріптестік орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Халықтың бүгінде көзі ашық, барлығы да сауатты. Олардың сайлау науқанына зор жауапкершілікпен келіп, ауызбіршілік танытуы қуантады. Осындай жауапты кезеңде қызымыз екеуіміз өз таңдауымызды жасадық. Қарап тұрсам, халықтың ынта-ықыласы өте жақсы. Жүздерінен қуаныштың белгісін көруге болады. Бұл елдегі тыныштық пен берекелі тірліктің арқасы деп түсінуіміз керек. Жұртымыздың амандығы мен елдің тату-тәтті ғұмыр кешуінен асқан бақыт жоқ. Мен де осы бейбіт өмір үшін, жарқын болашақ күндер үшін таңдауымды жасадым.

Кәсіби тұрғыдан сайлаудың өту барысын зор қызығушылықпен қадағаладым. Біздің орталық - өз саласының көшбасшылары болып есептелетін нәзік жандылардың басын қосқан ұйым. Сондықтан, сайлау қорытындысы бойынша жаңадан депутат атанғандардың қатарында әйел адамдардың көбірек болуын қалаймын.

 

Алмагүл БҰЗАУБАЕВА,

«Шаңырақ» мәдени ойын-сауық орталығы бөлімінің бас маманы:

- Еліміздің келешегін айқындайтын саяси шарадан тыс қалуды қаламадық. Отбасымызбен келіп, азаматтық парызымызды өтедік. Әрбіріміз дауыс беру арқылы ел болашағының жарқын жолын таңдау мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Бүгінгі сайлау нағыз демократиялы түрде өтуде. Кім қандай таңдау жасаймын десе де, өз еркінде. Міне, бұл - Тәуелсіздік алғалы жиырма жыл ішіндегі жеткен жетістіктеріміздің бірі . Ұстанған бағытымыздың дұрыстығын уақыт өзі дәлелдеп отыр.

Сайлау учаскесіне көтеріңкі көңіл-күймен ертелетіп келіп, дауыс беріп жатқан тұрғындарды көргенде қуандым. Әсіресе, жастардың қатары көп екендігі байқалады. Ұл-қыздарымыздың ел ертеңіне бей-жай қарамайтындығының белгісі бұл. Менің қызым да осымен екінші мәрте сайлауға қатысып отыр.

 

Амангелді АЙМАҒАМБЕТОВ,

спорт ардагері:

- Осы жасқа жеткенше талай сайлауға қатыстым. Бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек. Додаға түсіп жатқан партиялар мен үміткерлер баршылық. Солардың арасынан өзімнің ойымнан шыққанын таңдауға тырыстым. Өз дауысымды «Нұр Отан» партиясына бердім. Елбасымыз төрағалық ететін бұл партияның бастамасымен елімізде талай игілікті істер атқарылды. Жылдан-жылға зейнетақы, жалақы өсіп, халқымыздың тұрмысы жақсарып келеді. Мемлекеттің спорт саласына көп көңіл бөліп отырғандығын да айтып өткен жөн. Осы жетістіктер болашақта да жалғасын табады деген сенімдемін. Жаңадан сайланып, халықтың үмітін арқалаған депутаттар берген уәделерінде тұрып, елі үшін қызмет етсе екен деймін. Спортта да, өмірде де табыстарға кенеле берейік!

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31