КӨППАРТИЯЛЫ ЖҮЙЕ – КӨПТІҢ ҚОЛДАУЫНА ИЕ

 

ҚР Парламенті Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы қазақ елінің әлемдік қауымдастық алдындағы абыройын асқақтатты. Бұл саяси дода халқымыздың бүгініне бейжай, ертеңіне енжар қарамайтындығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Көппартиялы Парламент құру арқылы мемлекет дамудың даңғыл жолына нық қадам басты.

 

Мәжіліс мандаты: кімге қанша?

Экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырып келе жатқан билік партиясы – «Нұр Отан» осы жолғы сайлауалды тұғырнамасында әлеуметтік мәселелерді алдыңғы орынға қойды. Содан болар, саяси додада партия басым дауысты жинап, алға озды. Нәтижесінде, кезектен тыс өткен Парламент Мәжілісі сайлауының негізгі қорытындысы бойынша «Нұр Отан» ХДП-сы 83 мандатқа ие болды. «Ақ жол» партиясына – 8, Қазақстан коммунистік халық партиясына (ҚКХП)– 7 мандаттан үлестірілді. Бұл туралы саяси доданың нәтижесін жариялаған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов ресми түрде мәлімдеді.

Ал негізгі әрі нақты нәтижеге келетін болсақ, жексенбі күні өткен сайлауда «Нұр Отан» ХДП-сы сайлаушылардың 80,99 пайыз дауысын жинаса, «Ақжол» партиясына электораттың 7,47 пайызы дауыс беріпті. Сайлауға қатысуға құқығы бар қазақстандықтардың 7,19 пайызы ҚКХП-ны, 1,68 пайызы Жалпыұлттық социал- демократиялық партиясын, 1,19 пайызы «Ауыл» партиясын таңдапты. Ал Патриоттар партиясына сайлаушылардың 0,83 пайызының дауысы бұйырыпты. «Әділет» партиясы – 0,66 пайыз дауыс жинаған.

Орталық сайлау комиссиясы, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған 9 кандидаттың Мәжіліс депутаттығының мандатына ие болғандығы туралы Қаулы қабылдады.

 

Бақылаушылар жоғары бағасын берді

«Жас мемлекеттің 20 жылдағы жетістіктерінен өзге елдердің үйренері көп». Саяси доданы сырттай қадағалаған сарапшылар осылай дейді. Шетелдік бақылаушылардың мәлімдеуінше, қазақ сайлауы демократия қағидаларына сай және елдің заңнамаларына лайықты өтті. Қазақстандағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын бақылауға келгендердің қатарында ЕҚЫҰ Демократиялық институты мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы және Еуропа кеңесі Парламенттік Ассамблеясы өкілдері бар. Олар Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, саяси науқанға қатысты алдын ала қорытындысын жариялаған.

- Сайлау заң аясында ашық, жариялы түрде өтті. Қазақстан демократиялық құндылықтарды жоғары бағалайтын мемлекет екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Саяси дода қазақ елінің әлемдік қауымдастық алдындағы абыройын асқақтатты. Көппартиялы Парламент құру арқылы мемлекет дамудың даңғыл жолына нық қадам басты, - деді ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы байқаушылар миссиясының жетекшісі Жоау Соареш.

 

Кешегі қарсылас - болашақ әріптестердің пікірі

Жарысқа түскен жеті партия жауапты саяси науқаннан кейін естерін жиып, екпіндерін басты. Көрген, түйгендерін таразылап, сайлаудың қалай өткендігі жөнінде пікірлерін білдіруде. Саяси додаға түсіп, бақ сынағандардың дені бұл сайлаудың әділ өткенін айтып отыр. Сайлауда бақталасы болса да әділіне жүгініп, «Нұр Отанның» жеңісін мойындаған «Әділет» партиясының жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев: «Нұр Отан» ХДП өзінің нағыз жалпыұлттық партия екенін тағы бір мәрте дәлелдеді», - деген пікірде.

- Біздің ойымызша, биылғы сайлау лайықты деңгейде өтті. Өткір талас, бәсекелестік болды. Ол да демократияның бір түрі, - дейді «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев.

Сайлауда жетеудің бірі болып бақ сынағанымен, бағы жанбай қалған «Ауыл» партиясы да сайлауға өкпе айтпайды. Барымызды салдық, таңдау халықтікі, - дейді партия белсенділері. Ал «Патриоттар» партиясы Парламент Мәжілісінде жалғыз емес, көп партияның болатынына қуанышты екендіктерін білдіруде.

Ең бастысы, жеңгендер масаттанбай, жеңілгендердің сағы сынбаса екен дейміз. Халық таңдауын жасады. Ендігі мәселе - жұртшылықтың сенімін ақтау.

Әзірлеген – Д.АЙТПАЙ.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31