Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысқан Үкімет басшысы облыс әкімінің қызметіне Е.Арынның кандидатурасын ұсынды. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Бұдан кейін, аталмыш маңызды шешімді Кәрім Қажымқанұлы облыс активімен болған кездесуде ресми түрде мәлімдеді. Аймағымыздың мемлекеттік орган басшылары, халық қалаулылары, аудандар мен қалалардың әкімдері жиналған шара барысында ҚР Премьер-Министрі бұған дейін облыс әкімі қызметін атқарған Б.Сағынтаевты жаңа лауазымымен құттықтап, болашақта табыс тіледі. «Бақытжан Әбдірұлы облыс тізгінін әлемді қаржылық дағдарыс жайлаған қиын кезеңде қолға алды. Күрделі кезеңде өзіне артылған сенім үдесінен шығып, Елбасының, облыс жұртшылығының үмітін ақтады. Жаңа қызметте сізге мол табыс тілейміз. Бұл - осыған дейін әкім лауазымында атқарған абыройлы қызметіңіз үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрсетіп отырған зор сенімі. Сіздің алдыңызға қойылған жаңа мақсаттарды орындап, сәтті жүзеге асыратындығыңызға сенімдімін», - деді ол.
Б.Сағынтаев өз кезегінде Премьер-Министр К.Мәсімовті құттықтады. Естеріңізге сала кетейік, жаңадан сайланған Парламент Мәжілісі Үкіметке сенім білдірген болатын. Сондай-ақ Бақытжан Әбдірұлы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Елбасының, ел Үкіметінің бастамаларын, мақсат-міндеттерін орындау жолында қолдау көрсеткен облыс активіне, жалпы аймақ жұртшылығына алғысын білдірді. «Бұл менің ғана емес, қиын-қыстау сәттерде үнемі қасымнан табылып отырған аймақ халқының жемісі. Сондықтан, барлықтарыңызға ыстық ықыласымды білдіріп, басымды иемін!», - деген Б.Сағынтаевтың сөзіне жиналған қауым ерекше қошемет көрсетті.
- Бүгін мен өмірімдегі тағы бір үлкен белеске аяқ басқалы отырмын. Елбасының сеніміне ие болып, осынау жауапты қызметке лайықты деп танылғаныма қуаныштымын. Барлық күш-жігерімді, тәжірибемді осы салаға арнайтын боламын. Бірақ, дәл қазір көңілімді қуанышпен қоса мұң кернеп тұр. Туған жерімдей ыстық болып кеткен киелі Кереку өңіріне, халқына әбден бауыр басып қалдым. Мұнда өткен әрбір жылдар жүрегімде мәңгіге сақталып қалады, - деді.
Облыс әкімінің қызметіне Ерлан Мұхтарұлының кандидатурасы таныстырылғанда жиналған жұртшылық ду қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Елбасының бұл шешімі Кереку жұртшылығының көңілінен шыққаны анық. «Е.Арынды сіздерге таныстырып жату артық болар. Облыс дамуының басы-қасында жүрген, аймақтың ерекшеліктерін, мәселелерін жақсы білетін азамат», - деді Премьер-Министр.
Он жылдан астам уақыт бойы С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры қызметінде болған экономика ғылымдарының докторы, профессор Е.Арын еңбек жолында көптеген лауазымды қызметтерді атқарды. Әр жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақ стратегиялық зерттеу институты директорының бірінші орынбасары, Қазақстанның даму институтының президенті, ҚР Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрінің бірінші орынбасары, ҚР Білім және ғылым вице-министрі және тағы басқа да жауапты қызметтерде болды. Оның қоғамдық жұмыстағы табысты істері де бір төбе. Әсіресе, аймағымыздың әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан үлесі зор. Көптеген мемлекеттік наградалардың иегері, мемлекет қайраткері.
- Бүгін менің қуанышым шексіз. Осынау жауапкершілігі мол қызметті сеніп тапсырғандарыңызға алғысымды білдіремін. Павлодар облысы - еліміздегі экономикасы берік, өндірісі дамыған алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Осы биік деңгейімізден айырылмау, жетістіктерді еселей түсу үшін бар күш-жігерімді, білімім мен біліктілігімді жұмсаймын. Бұл қызметте Бақытжан Әбдірұлының бастамасымен көптеген игілікті, маңызды істер атқарылды. Соңғы жылдары Кереку өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны болжағаннан да артық түсті. Осы үшін Бақытжан Әбдірұлына облыс жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін, - деді Ерлан Мұхтарұлы.
Үкімет басшысы жаңадан тағайындалған облыс әкіміне мемлекет дамуы жолында қолға алынып жатқан маңызды бастамаларды жүзеге асыруға баса мән беруді тапсырды. Бұл ретте, ең бастысы, жұмыссыздық мәселесі назардан тыс қалмауы қажет екендігін атап өткен К.Мәсімов, осы бағытта қолға алынған мемлекеттік «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының жүзеге асуына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту оң жолға қойылуы тиіс. Осымен қатар, әлеуметтік саланы өркендету негізгі басымдықтардың бірі болуы керек.
Шара барысында жарыс сөзге шыққандар бұл шешімге көңілі толатындықтарын білдірді. «Бүгін біз екі ұдай күйде тұрмыз. Шебер басшы, білімді, білікті азамат Бақытжан Әбдірұлының облысымыздан кетіп бара жатқаны толғантады. Бірақ, оның жауапкершілігі мол, жоғары лауазымға тағайындалғандығы көңілімізге медеу болып тұр. Ал аймақ тізгіні өзіміздің жерлесіміз, елге белгілі, сыйлы Ерлан Мұхтарұлының қолына берілгендігі біз үшін үлкен қуаныш», - деді облыстық «Замандас» ардагерлер клубының директоры Қабидолла Шәкәрімов.
Ал Мұсылман әйелдері лигасы Павлодар облыстық филиалының төрайымы Зара Қожахметова қос азаматқа аналық ақ тілегін білдірді. «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысып отырады емес пе? Мен Бақытжан Әбдірұлына жаңа қызметінде мол табыстар тілеймін. Оның бастап кеткен игі істерін облыс әкімі болып тағайындалған Ерлан Мұхтарұлының сәтті жалғастыратындығына сеніміміз мол. Өйткені, ол елін, халқын, ұлтын шексіз сүйетін ер», - деп атап өтті Зара Қабдешқызы.
- Бақытжан Әбдірұлы Павлодар облысының әкімі қызметінде 1207 күн болған екен. Бұл аймағымыз үшін ерекше даму, өрлеу кезеңі болды десем қателеспеймін. Кереку жұртшылығының құшағы сіз үшін қашан да ашық, - деді «Павлодартелерадио» КМК директоры, облыстық мәслихат депутаты Идият Әбдіхалықов. Ал аймақ кәсіпкерлерінің атынан сөз алған «Стальмонтаж» ЖШС басшысы, депутат Александр Терентьев, Б.Сағынтаевқа өңірімізде бизнес саласының өркендеуіне мол мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Б.Сағынтаев облыс әкімі лауазымын 2008 жылдың қыркүйек айынан бері атқарып келді.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

