«КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАЙДЫ»

аймақ басшысы аппарат өкілдерін табысты жұмыс істеуге шақырды

 

Кеше облыс әкімі Ерлан Арын жаңа қызметіндегі алғашқы аппараттық мәжілісін өткізді. Оған облыс әкімінің, түрлі басқарма басшыларының орынбасарлары мен әкімдіктің бөлім жетекшілері қатысты. Аймақ басшысы жиналғандарды белсенді әрі табысты жұмыс істеуге шақырды. Алдағы уақытқа жұмыс жоспары анықталып, тиісті тапсырмалар берілді.

Жиналыс бірден іскерлік сарында басталды. Ешкімді бір-бірімен таныстырып жатудың қажеті жоқ. Әкім жаңадан тағайындалғанымен оның есімі аймақ жұртшылығына кеңінен танымал. Ерлан Мұхтарұлының облысымызда қызмет етіп келе жатқанына он жылдан астам уақыт болды.

Әдетте қандай да бір мекемеге жаңа басшының тағайындалуы өзімен бірге кадрлық өзгерістерді ала келетіндігі белгілі. Алайда, облыс әкімі әзірге мұндай ауыс-түйістердің болмайтындығын жеткізді.

- Сіздер - өз біліктіліктеріңізді нақты іс жүзінде дәлелдей білген кәсіби мамансыздар. Әрқайсыңыздың өз міндеттеріңіз бар. Сенім үдесінен шығып, сол міндеттеріңізді жоғары деңгейде орындап келесіздер. Бұдан әрі де осы деңгейден төмендемей, облысымыздың дамуы жолында аянбай еңбек ететіндеріңізге сенемін, - деді аймақ басшысы. Кадрлық өзгерістер көп уақытты талап етеді. Ал қазір уақытты босқа жоғалтуға болмайтындығын атап өткен облыс әкімі Е.Арын аймақ дамуының негізгі салалары бойынша мәжіліс қатысушыларына нақты тапсырмалар берді. Ол – кейінге қалдыруға болмайтын мәселелер.

Облыс әкімін тағайындау кезінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов аймақ тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесіне көп көңіл бөлуді тапсырған болатын. Бұл ретте, облысымызда бірқатар игі істердің атқарылып жатқандығы белгілі. Жаңа өндіріс нысандары, түрлі әлеуметтік мекемелер бой көтеріп, жұмыс орындары пайда болуда. Тұрғындардың кәсіби білім алуларына мүмкіндік жасалған. Аймақ басшысы осы және басқа да шараларды қарқынды жалғастыруды тапсырды. Жұмыссыздықты жоюға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды сәтті жүзеге асыруға бар күш жұмсалуы тиіс. Шағын және орта бизнестің дамуы да тұрғындарды еңбекпен қамтудың тиімді жолы болып табылады.

Ертең Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнайды. Облыс әкімі оның мазмұнына мұқият ден қою қажет екендігін айтып өтті. Және соның негізінде ағымдағы жылға жұмыс жоспарын айқындап, белгілеп алуды тапсырды. Онымен қоса, алдағы айға әкімдер есебі жоспарланған. Оған да атүсті қарауға болмайды. Тұрғындардың әрбір өтініш-тілегі назардан тыс қалмауы тиіс. «Барлық деңгейдегі әкімдер аталмыш шараға жоғары жауапкершілікпен қарасын. Шешімін күткен түйткілді мәселелер жоқ емес. Тек оны көре білу керек», - деді Е.Арын.

Аймақ басшысының айтуынша, облысымыздың бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қолға алынған игілікті істер жалғасын тауып, толық жүзеге асырылады. Әсіресе, жаңадан іске қосылуы тиіс түрлі өндіріс орындары мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы уақытында аяқталатын болады. Бұл ретте, өңірімізде құрылысы түрлі себептермен тұралап қалған нысандар бар. Мысалы, Павлодар қаласындағы кардиохирургиялық орталық іске қосылмай жатып-ақ «сақалды құрылыс» ретінде республикаға аты шығып үлгерді. Қаржының жетіспеушілігінен ондағы құрылыс жұмыстары тоқтап қалған болатын. Ерлан Мұхтарұлы аталмыш мәселенің өз шешімін тапқандығын жеткізді. «Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан мекеме құрылысын аяқтап, ауласын көріктендіру шараларына қосымша қаражат бөлетіндігі белгілі болып отыр. Кардиохирургиялық орталық үстіміздегі жылдың мамыр айында пайдалануға берілуі қажет», - деді облыс әкімі.

Бұдан басқа, Екібастұз қаласындағы ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты оқыту орталығы мен Павлодардағы ел Президенті атындағы интеллектуалдық мектептің құрылысына қатысты мәселелер де оң шешімін табатын болады. Бұл жөнінде аталған қалалар әкімдеріне тапсырма берілді. Е.Арын биылғы жылға жоспарланған барлық нысандар жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс екендігін ескертті.

Алда күтіп тұрған маңызды шаралардың бірі – қыркүйек айында өтетін Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының ынтымақтастық форумы. Павлодар облысы аталмыш шараға сақадай-сай болуы шарт. Оған жауапты жұмыс тобының құрамын нақтылап, бекіту қажет. Жұмыс жоспары да жетілдіруді талап етеді. Қала көркі де - аса маңызды. Сол себепті, облыс орталығын көріктендіру шаралары да аяқсыз қалмайды. Орталық жағажай, бірқатар саябақтар жаңаша кейіпке енбек. Тұрғындардың сұранысына сәйкес, балалар мен жасөспірімдерге арналған аулалық ойын, спорт алаңдарын жабдықтауға ерекше көңіл бөлінбек. Шешімін күткен мәселелердің бірі – трамвай жолдарын және жолаушы вагондарын жаңарту. Өткен жылы осы бағытта Польша елінің кәсіпкерлерімен ынтымақтастық келісімшарт жасалғаны белгілі. Оған сәйкес, аймағымызға Еуропа елдерінде пайдаланылған трамвай вагондарының жеткізілетіні айтылған еді. Аймақ басшысы бұған жол берілмейді деді. Оның айтуынша, Павлодар қаласының көшелерімен жаңа әрі сапалы трамвайлар жүруі тиіс.

Е.Арын әрбір лауазым иесі, ең бастысы, тұрғындардың өтініш-тілектеріне мұқият болуы қажет екенін атап өтті. «Әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпаңыздар. Сондықтан, бұл мәселеге бейжай, атүсті қарамауларыңызды сұраймын. Және, көмек сұрап келген азаматтарды бір-бірлеріңізге сілтеп, мекемелердің арасында әрлі-берлі жүгіртуді қойыңыздар. Әркім өз ісімен айналысып, өз саласына жауап берсін. Ал ауылдық, аудандық, қалалық деңгейдегі мәселелерді тиісті әкімдер жедел түрде шешуге дағдылансын. Егер шеше алмаса, бұл - қызметтерін өз деңгейінде атқара алмағандықтарының белгісі. Қатаң шаралар қолдануға мәжбүрлемеңіздер», - деді облыс әкімі.

Шара барысында аппарат өкілдеріне облысымыздың бұрынғы басшысы тұсында тағайындалған облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша кеңесшісі Ардақ Күзеков таныстырылды. Ол бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарған болатын.

Мәжіліс соңында Ерлан Мұхтарұлы жиналғандарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. «Барлығымыздың алдымызда тұрған мақсатымыз - бір. Ол – аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін еселей түсу. Сондықтан бір кісідей жұмылып, әрекет етейік. Қандай да бір мәселелер бойынша ұсыныс-тілектеріңіз болса іркілмей айтып отырыңыздар. «Келісіп пішкен тонның келте болмайтындығын» ұмытпайық. Бастамашыл болыңыздар. Табысты, ең бастысы, ашық түрде жұмыс істейік», - деп қорытындылады облыс әкімі жиынды.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 26 27 28 29
30 31