жІгерлІ қадамдардың бастауы
зауыт жұмысшылары Президент Жолдауын жаппай тыңдады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жұмысшылары тікелей эфирден жаппай тамашалады. Мемлекет басшысының әр сөзіне байыппен құлақ асқан олар еліміздің келешегі кемел екеніне сенім білдірді.
Бірлігі бекем біртұтас мемлекетіміз - экономика саласы бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің санатында. Бұған дейінгі әлемдік дағдарыста даурықпай, тура жолды таба білдік. Елбасы биылғы Жолдауында мәлімдегендей, алдымызда тағы бір жаңа әлемдік дағдарыс тұр. Бірақ, қанатын кеңге жайған республикамыз бұған сыр бермесі анық. «Қазақстан электролиз зауытының» қызметкерлері де ертеңгі күнге сеніммен қарайды. Кәсіпорынның түрлі түсті металл құюшысы Суат Сұлтаниманов ел Президентінің биылғы Жолдауы жарқын істерге жол ашады дейді.
- Елбасының Жолдауын әріптестерімізбен отырып тыңдадық. Қуаныштысы, Ұлт көшбасшысы Жаңаөзендегі төтенше жағдай тәртібін одан әрі созбауға шешім қабылдады. Уыздай ұйып отырған ұлттың тыныштығы мен берекесін қашырған осы бір келеңсіздік баршамыз үшін ауыр тиді. Аллаға шүкір, енді жағдайдың дұрысталатынына кәміл сенеміз. Елбасы биылғы Жолдауында индустриялық-инновациялық даму шеңберін одан әрі кеңейтуге ерекше назар аударды. Бұл – Қазақстан экономикасын жаңа бір қырынан көрсетіп, төрткүл дүниеге паш етеміз деген сөз. Мемлекет басшысы әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау салалары бойынша жаңа сайланған Үкіметке тапсырмалар берді. Жолдауда қазақстандықтар үшін маңызды деген салалардың барлығы бірдей қамтылды. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жұмыстары да оң нәтиже береріне күмән келтірмеймін. Біз, «Қазақстан электролиз зауытының» қызметкерлері, еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етіп, өз үлесімізді қосамыз,- деді С.Сұлтаниманов.
Қазақ тілінде еркін сөйлейтін «Қазақстан электролиз зауытының» аға шебері Сергей Рудченко да өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының баспана мәселесін оң жолға қойғаны - жас отбасылар үшін тамаша мүмкіндік. Сондай-ақ, ол «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы қазақстандықтарды тұрақты жұмыс орындарымен қамту халықтың Елбасыға деген сенімін одан әрі арттыра түседі деді.
Әрдайым ұйымшылдығымен көзге түсетін зауыт қызметкерлері республикамыздың болашағы берік қолда екенін жарыса айтысып, Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға атсалысатындықтарын жеткізді.
Ф.ӘМІРЕНОВ.
ЖАСАМПАЗ IСТЕР ЖАЛҒАСЫН ТАППАҚ
Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауын аймақтағы әр мекеме қызметкерлері тікелей эфир арқылы бір кісідей тамашалады. Мұндай ұжымдық көрсетілім облыс орталығындағы Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінде және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында да ұйымдастырылды.
Елбасы жыл сайын білім беру саласын дамытуға ерекше мән беріп, үкіметке жаңа міндеттер жүктеп келеді. Биылғы Жолдауында да отандық білім беру саласын жаңғыртып, оқытудың заманауи технологияларын енгізу керектігін атап айтты. Сондай-ақ, жеткіншектердің патриоттық тәрбие алуына жіті көңіл бөлу, жастардың жоғары білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету, педагог мамандардың біліктілігін арттырып, оны бақылайтын тәуелсіз сарапшылар жүйесін құру қажеттігін де тілге тиек етті.
Аталған білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен студенттер қауымы бұл жолғы Президент Жолдауында елдің инновациялық тұрғыда дамуына ерекше назар аударғанын атап өтті. Б.Ахметов атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық колледжінің 3 курс студенті Айнұр Қосыбай: «Мен Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа Жолдауын жыл сайын тағатсыздана күтемін. Өйткені, бұл – егемен еліміздің даму стратегиясы мен жарқын болашағын айқындайтын маңызды құжат. Президент биылғы Жолдауында педагогтардың білімін жетілдіру керектігін қадап айтты. Өз басым осы ойды толық құптаймын. Себебі, жас ұрпақтың білімі бәсекеге қабілетті болуы үшін алдымен оған сабақ беретін мұғалімдердің біліктілік деңгейіне назар аударған жөн. Сонымен қатар, Жолдауда патриоттық тәрбие жайы да сөз болды. Батысқа еліктеп бара жатқан бүгінгі балалардың саналы тәрбие алуы үшін бұл талап та өте өзекті мәселе деп білемін», - деді.
Аталмыш оқу орнының тарих пәнінің мұғалімі Ольга Мищенко Жолдау жүктеген міндеттердің бәрі жарқын болашақ үшін жасалып жатқан жасампаз істер екенін айтып, ұжымды бірлікпен жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының қызметкерлері жаңа құжат - елдің экономикасын өрлетіп, қазақстан-дықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға және ұлттар достығын сақтауға зор ықпалын тигізетінін алға тартып, бір ауыздан қолдау білдірді.
Н.ШОДЫР.
Асхат КҮЗЕКОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауының мен үшін маңызы ерекше. ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде алғаш рет Мемлекет басшысының Жолдау жасағанын өз көзіммен көрдім. Әрине, алған әсерім шексіз. Ел Президентінің әрбір сөзі жүрекке жетіп, санамда жатталып қалды десем, артық айтпағандығым болар.
Ел үшін маңызды шараның жыл сайын өзіндік ерекшеліктері болатын. Биыл да осы үрдіс жалғасын тапты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның таяу онжылдықтағы дамуының басымдықтарын айқындады. Осы ретте, елімізде алдағы уақытта негізгі он бағыт бойынша кешенді міндеттерді жүзеге асыру қажет екендігіне тоқталды. Мұндағы әр бөлім үлкен стратегиялық бағдарламаға негіз бола алады.
Көңілге ерекше түйген жайттардың бірі – тұрғын үй саласындағы игі өзгерістер. Нұрсұлтан Әбішұлы жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізуді тапсырды. Бұл халыққа, әсіресе, жастарға үлкен қолдау болар еді. Және, ең бастысы олардың қалталарына аса ауыртпалық түсірмейтіндей, қолжетімді болуы шарт.
Келесі мәселе - зейнетақы жүйесіне қатысты реформа. Біз ТМД елдері арасында алғашқы болып тұрақты зейнетақы жүйесін қалыптастыра алдық. Бірақ, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Дамыту қажет. Ойлап қарасақ, қазіргі кезде еліміздің әрбір азаматы өз жалақысының есебінен зейнетақы аударымдарын жасауда. Бар болғаны сол. Басқадай біз оған әсер ете алмаймыз. Ал іс жүзінде оның дамуына өзіміз ықпал жасай білуіміз қажет.
Елбасының ерекше атап өткен білім беру, білікті кадр даярлау мәселелері де көптің көңілінен шыққандығы сөзсіз. Яғни, бәсекелестікке қабілетті, халықаралық деңгейдегі біліктілігі жоғары мамандарды даярлау, адам капиталын қалыптастыру зор мәнге ие. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме халқымыз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміздің индустриялық-инновациялық даму мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ.
Айгүл Нұркина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауын мұқият тыңдадым. Шын мәнінде, келешегіміз үшін аса маңызды бағыттар туралы кеңінен айтылды. Бастысы, Жолдауда әлемдік жағдайларға байланысты елдігімізді сақтап қалатын келелі істерді жүзеге асыру белгіленді. Әлеуметтік саламен қатар, экономикалық ахуал ерекше назарға алынған. Осы күні қол жеткізген табыстарымызды одан әрі еселеу жолында қажырлы жұмыс қажет. Ең алдымен ауызбіршілігімізді сақтап, өткеннен сабақ алуға тиіспіз. Бұл тек биліктің емес, жалпы халықтың жауапкершілігіндегі мәселе. Тұрақтылық, ынтымақ болмаған жерде бақ та тұрмайды. Біз осыны бағалай білуіміз керек. Елбасы жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын жасауды тапсырып, мемлекеттік қызметшілердің табысымен қатар, шығынын да есепке алуды ұсынды. Одан басқа да экономикалық белестердің жолдары алға тартылды. Биылғы Жолдауда білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы жинақтау, ұлттық қауіпсіздік секілді көптеген басымдықтар анықталған. Өзінің жан-жақты мазмұндылығымен ерекшеленеді. Ендігі жерде сіз бен бізге осы міндеттерді орындауға өз үлесімізді қосу қажет. Осылайша ғана өз еліміздің көсегесін көгертеміз, перзенттік парызымызды өтейміз!
Мұса ТЕНТЕКБАЕВ, облыстық денсаулық сақтау саласы ардагерлер ұйымының төрағасы:
- Президент Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа Жолдауын отбасы мүшелерімен бірге отырып тыңдадым. Үкіметке көптеген жаңа міндеттер жүктелді. Әсіресе, Елбасының ел экономикасын нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты айтқан ойлары өте құптарлық. Мәселен, алдағы уақытта Жамбыл облысында үлкен зауыт салынатын болды. Бұл – барша қазақстандық үшін жақсы жаңалық деп білемін. Сонымен қатар, өзім ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында еңбек еткендіктен, осы бағытта атқарылатын іс-шараларға ерекше назар аудардым. Болашақта елімізде онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында арнайы орталықтың құрылатындығын естіп, қуанып қалдым. Қазіргі таңда мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асуда. Аталмыш бағдарлама аясында атқарылып жатқан шаралар өз жемісін беруде.
Жалпы, соңғы кездері еліміздегі денсаулық сақтау саласында көп жұмыстар қолға алынуда. Соның нәтижесінде, ана мен бала өлімі, жүрек қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім азайып келеді. Осының бәрі – Елбасының сындарлы саясатының арқасы деп білемін.
Биылғы Жолдау жүктеген міндеттер де ойдағыдай орындалып, биліктегілер халқымыздың бақуатты өмір сүруі үшін аянбай еңбек етеді деп сенемін!
Жұмабек ҚАМЗИН, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның вице-президенті:
- Дүние жүзі мемлекеттері 2008-2009 жылдары әлемдік қаржы дағдарысын бастан кешті. Осынау алмағайып заманда әлгі дағдарыстың салдарынан экономикасы мүлде тұралап қалған мемлекеттерді көрдік. Аллаға шүкір, қазақ елі аталмыш қаржы дағдарысында ешқандай да шашау шығармастан, алға ұмтылды. Төрткүл дүниені таңғажайып табыстарымен таңқалдырып келе жатқан біздің республика өзге мемлекеттерге үлгі-өнеге көрсете білді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында әлемдік дағдарыстың екінші кезеңі басталатынын мәлімдеді. Бір білетінім, бұл дағдарыс бізге әсер етпейді, еліміздің мұрты да қисаймайды. Неге десеңіз, Елбасы «Богатырь», «Қарашығанақ», «Қашаған» секілді кен орындарының басым активтері мемлекет иелігіне енгенін айтты. Сондай-ақ, Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл темір жол желілері, Атырау мұнай өндіру зауытында мұнайды тереңнен өңдеу кешені, Астана қаласын қосқанда, елдің орталық өңірлерін газдандыруды қамтамасыз ететін құбыр желісі жүйесі және өзге де индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты бірқатар жобалар жүзеге асырылмақшы. Яғни, қазақстандықтардың тағы бір ауқымды шоғыры тұрақты жұмыс орындарымен қамтылады. Бұл да болса, баянды болашаққа деген зор сенімді туғызады.
Cәуле ХАСАНОВА, Павлодар қаласындағы мамандандырылған «Жас дарын» мектебінің директоры:
- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауын «Жас дарын» мектебі ұжымымен бірге ұйып тыңдадым. Онда ел дамуының алдағы уақытта жүзеге асыруға көзделген негізгі бағыттары айқындалды. Президент өз сөзінде қазақстандық даму жолының жаңа кезеңі – экономиканы нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын арттырудағы міндеттерді жүзеге асыру керектігін айтты. Жолдауда мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму саясатындағы 10 басымдық туралы егжей-тегжейлі сөз болды.
Өз басым, Президент жүктеген барлық тапсырмалар уақытында орындалып, халық игілігіне жарайтынына кәміл сенемін. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылында жеткен жетістігіміз – осының айшықты дәлелі.
Мемлекеттің басты байлығы – халық, ал оған қамқорлық жасау – мемлекет басшылығының басты міндеті болып табылады. Халық алдында сөйлеген Елбасы: «Жетінші басымдық – Қазақстандағы адам капиталының сапалы өсуі. Бұл - ең алдымен, білім және денсаулық сақтау. Оқыту үдерісіне заманауи әдістеме мен технологияны енгізу, педагогикалық құрамның сапасын арттыру, біліктілікті растайтын тәуелсіз жүйені құру, жастар үшін білімге қолжетімділік аясын кеңейту керек», - деді. Сондықтан, ұстаздар алдында үлкен мақсаттар тұр. Сонымен қатар, Үкіметке мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бесжылдық ұлттық жоспар жасауға тапсырма берілді. Еліміздің өркендеу жолындағы ұлы мақсаттарын айқындаған Елбасының сөздері бойыма ерекше мақтаныш сезімін ұялатты.

