Нариман ИСЕНОВ,
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы:
- Елбасы биыл да елдің әлеуетін арттыруды басты межеге қойып отыр. Әсіресе, қолжетімді баспана жөніндегі тапсырмалары - жас отбасылар үшін қуанышты жайт. Түрлі сала мамандарына қолдау көрсету ісі де ел өркениетін еселері хақ. Сол секілді, алдағы уақытта да қарқынды дами түсуіміз үшін еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықтың аса маңызды екенін ерекше атады.
Тағы бір айта кетерлігі, еліміз әлемдік саясатқа лайықты қатысушы ретінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті, еуразиялық интеграция үдерісін нығайту жолын анықтауға белсене атсалысып келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның әлем елдері алдындағы беделінің артқанын көрсетеді. Көптеген шет елдің өкілдері мемлекетіміздің дамуына жоғары бағаларын беріп келеді. Сондықтан, осындай кемел келешегі бар елдің азаматы деген атқа лайық болу - біздің борышымыз.
Меніңше, мемлекетіміздің бүгінгідей биік белестерді бағындыруы - ел ынтымағы мен берекесінің арқасы. Көптеген ұлт өкілдері мен конфессиялар арасындағы үндестікті сақтап тұрудың жауапкершілігін барлығымыз түсінуіміз, сезінуіміз керек. Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы бірлікке, келісімге жол ашатын бағыт-бағдарымызға айналған.
Амангелді АЙМАҒАМБЕТОВ, спорт ардагері:
- Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын жылдағы дәстүр бойынша жанұямызбен отырып тамашаладық. Ел Президентінің жастар, ауыл, спорт мәселелерін көтергені маған ерекше әсер етті. Бәріміз де алтын бесік – ауылда өсіп, жетілдік. Сондықтан, ауылға бір бүйрегіміз бұрады да тұрады. Ұлт көшбасшысының Жолдауынан кейін ауылдың болашағы жарқын екендігіне сенім арта түсті. Сондай-ақ, жастарымыздың жұмыс орындарымен қамтамасыз етілуі олардың еңбек етуге деген құлшынысын арттырғаны анық. Елбасы айтпақшы, жастар – ел болашағы. Біз, аға буын өкілдері, олардың жеткен жетістіктеріне үнемі қуанып, марқаямыз.
Ал спорт мәселесі - мүлде бөлек әңгіме. Ел Президенті жыл сайын қазақстандықтардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына баса назар аударады. Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында: «Соңғы жылдары Астанада да, облыстарда да көптеген спорттық нысандар салынды. Оларға балалар да, үлкендер де бара алмайды деген шағым көп. Осы ғимараттардың бәрін де қолжетімді ету керек. Адамдар спортпен айналысатын болсын» деп, бүгінгі қоғам арасындағы өзекті мәселені дөп басты. Жолдаудағы басқа да мәселелер өте орынды көтерілді деп ойлаймын.
Назым ШӘЙКЕНОВА,
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың қызметкері:
- Биылғы Жолдау ерекше мазмұнды болды. Әсіресе, тұрғын үй мәселесінің шешілуіне байланысты айтылған жобалар - еліміздің жастары үшін қуанышты жайт. Сондай-ақ, еліміздегі өнеркәсіп орындарының қуатын арттыруды жолға қойғандығы, халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалына баса назар аударғаны көңілімізден шығуда. Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты айтқан Елбасы пікірін қолдаймын. Жолдауды тыңдай отырып, қазақ тілінің дамуы өзімізге, әрбірімізге байланысты деген ойға келдім. Алдағы уақытта мемлекетіміздің қарыштап дамып, қуатты ел болатындығына үлкен сеніммен қараймын.
Құдайберген ПІШЕМБАЕВ,
Май ауданының құрметті азаматы:
-Маңызды құжатты бір топ ақсақал облыстық «Замандас» ардагерлер үйіне жиналып, мұқият тыңдадық. Бұл - біздерге, ел жұртшылығы үшін қашан да маңызды оқиға. Себебі, ол - мемлекет дамуының негізгі бағыттары мен міндеттерін анықтайтын стратегиялық маңызды құжат болып табылады.
Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткен барлық дүние елдің көкейінде жүрген мәселелер еді. Елбасы соны тап басып айтты. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласын дамытудың серпінді қадамдарын белгілеп берді. Ауыл – алтын бесік. Елді мекендерде шешімін күткен мәселелер көп. Жолдауда сөз болғандай, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту ісі зор маңызға ие.
Елбасының жас ұрпақ тәрбиесіне, оның ішінде білім беру, ұл-қыздарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде айтқан сөздері ерекше қуантты. Жас мамандар жан-жақты білімді болуы тиіс. Себебі, ел болашағы солардың қолында.
Айтуар НАЙМАНОВ,
Май ауданы, Көктөбе жалпы орта білім беру мектебінің директоры:
-Бұл жолғы Жолдау мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі он бағытын айқындап берді. Оның ішінде, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі ерекше мәнге ие. Ең бастысы, ұзақ мерзімге жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын арттырып, олардың төлемақысы табысы орташа жанұяға сай болатындығы барша қазақстандықтар үшін, әсіресе жас отбасылар үшін қуантарлық жағдай.
Жолдау бағыттарының бірі білім мен денсаулық сақтау саласына арналды. Жастардың сапалы білімге қолжетімділігін арттыру, оқу орындарындағы жатақханалар жүйесін жетілдіру, жұмыстан қол үзбей арнайы кәсіптік білім алуға жол ашу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу ұстаздар ұжымының ойынан шығып отыр.
Мемлекет басшысының Жолдауын интернет желісі арқылы онлайн режимінде интербелсенді тақтадан ерекше ынтамен тыңдаған мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналар үлкен әсерде қалды.
Тоқтар БЕКСЕЙІТОВ,
С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің агротехнология факультетінің деканы:
- Әлемді алда қаржылық тұрғыдан алғанда қиын сәттер күтіп тұрғандығы белгілі. Соған орай, Елбасымыздың қазақстандықтарға арнаған кезекті Жолдауының маңызы жылдағыдан да салмақты болды деген ойдамын. Онда үстіміздегі жылдың ғана емес, алдағы онжылдықтың келелі міндеттері сараланып көрсетілген. Маған маңызды құжаттағы нақты әрекеттер, ұсыныстар және жүзеге асырылатын шаралардың орындалуы жөніндегі сенімді қағидалар ерекше ұнады.
Ел дамуының негізгі 10 бағытын айқындап тұрған Жолдау көптеген түйінді мәселелердің шешілуіне әсер ететіні сөзсіз. Қазақ халқының түп қазығы саналатын ауылды гүлдендіру, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлінуі - бүгінгі күн талабынан туындаған дүниелер. Бұл ретте, мал шаруашылығында сапаның өсуі, егіншілікті одан әрі дамыту маңызды мақсаттар болып есептеледі.

