Бүгінгі таңда көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті сауалдар көп. Солардың бірқатарын жуырда депутаттар Павлодар қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясы отырысында құзырлы мекеме басшыларына қойды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Серік Байсейітов те қатысты.
Халық қалаулылары алдымен қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Роза Шамкенованың жастармен жұмыс мәселесі жөніндегі баяндамасына құлақ түрді. Мекеме басшысының айтуынша, қазірде әлеуметтік тапсырыстармен қоғамдық ұйымдар шұғылданады. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарымен жасалған келісім бойынша бірқатар жастар қоғамдық тәртіпті сақтау шараларына да атсалысты. Олар қаланың қылмыстық оқиғалар жиі болатын аумақтарын шолып отырды. Жалпы, қалада жастардың қатысуымен әртүрлі мерейтойлық шаралар, митингілер жүйелі түрде өткізіледі.
Қалалық мәслихат депутаты Асқар Бахралинов зағиптар қоғамдарындағы мүгедек жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстарға қызығушылық білдірді. Алайда баяндамашы өкінішке қарай бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлінбегенін айтып, тосылды. Аталмыш қоғамдарда қанша жас бар екені де беймәлім. Р.Шамкенованың сөзіне қарағанда, «Жас ұрпақ», №2 мектеп-интернат секілді мекемелерде жастармен жұмыс істейтін жеке мамандар бар. Бірақ бұл жауап депутаттың көңілін көншітпеді. Қалайда зағиптер қоғамындағы жастар қоғамдық шараларға тартылуы керек. Бұл орайда әлеуметтік волонтерлерге бюджет қаржысы беріледі. Ендеше неге бұл мәселе ескерусіз қалған? Баяндамашы ескертудің қаперге алынатынын жеткізді.
Соңғы кезде Павлодар қаласының бірқатар спорттық нысандары күрделі жөндеуден өткізілуде. Оған да қыруар қаржы жұмсалуда. Алайда күтілетін нәтиже қандай болатынын әркім біле бермейді.
2010 жылға жоспарланған жұмыстардың атқарылуы жөнінде есеп беруге шыққан Павлодар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Рахметолла Қасқырбаев депутат Мирхат Серікбаевтің көңілін күпті қылған сұрақтарына жауап қайтарды. Біріншісі – орталық футбол стадионының жөндеуіне байланысты. Қаншама қаржы жұмсалуда. Сонда не істелініп жатыр, одан қандай пайда бар? Депутаттың пікірінше, UEFA талаптарына сай боламыз деп біз үлкен шығынға ұшырап отырмыз, одан да сол қаржыға неге балабақша секілді әлеуметтік нысандар салмасқа?
Қаланың бас спортшысы мәселені байыппен түсіндірді. Бұған дейін стадионда жасанды көгал төселгені бәріне мәлім. Одан кейін батыс трибуна жөнделді. Енді биыл шығыс тұстағы трибуна қолға алынып, сонымен бірге жүгіру жолдары реттеледі. Жарықтандыру мәселесі де ескеріледі. Сонымен бірге, «Автомобилист» спорт кешенін жөнге келтіру жоспарланған. Бұл істерге жергілікті бюджеттен 89 млн. теңге, республикалық қазынадан 179 млн. теңге бөлінді.
Р.Қасқырбаевтың айтуынша, күрделі жөндеулерге қанша қаржы жұмсалса да, орталық стадион UEFA талаптарынан бәрібір толық шықпайды. Жөнделген стадион еліміздің футболдан өткізілетін Премьер-лига командаларының ойнауына ғана жарайды. Дегенмен қыруар қаржы босқа кетіп жатыр деп те байбалам салуға болмайды. Стадионға мектеп оқушылары да келіп ойнайды. Келешекте мықты спортшы тәрбиелейміз десек, алдымен балалардың спортына жағдай жасау керек.
Рахметолла Мәкенұлы депутаттар басқа бір мәселеге назар аударса деген тілегін айтты. Ол – «Зеленая роща» қысқы спорт базасына қатысты. Әсіресе демалыс күндері халық осы орынға көптеп ағылады. Бірақ келушілерді аязда сыртта күттіріп қою дұрыс емес. Ол үшін арнайы ғимаратты кеңейту керек. Суықта демалушыларға ыстық шай ішетіндей бір орын қарастырып қойған абзал. Автокөлік тұрағын да ескеру керек. Қала спортының тағы бір мәселесі – аулалық клубтардың жағдайы. Баяндамашының айтуына қарағанда, қазірде әрқайсысы бет-бетімен жаттығатын клубтар орталық жүйеге бағындырылса, ондағы спорттық тәрбиені жетілдіруге мүмкіндік туар еді.
Өздеріне бағытталған мәселелерді депутаттар назарға алып, алдағы уақытта қарайтын болды.
Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

