ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІҢ ЖАҢА ҚҰЖАТЫ ҚОҒАМ ТАЛҚЫСЫНДА

Жуырда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті. Аталмыш шараны партияның қалалық филиалы ұйымдастырды. Оған жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура, қаржы полициясы, ішкі істер органдарының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, қоғамдық ұйымдар мен қалалық бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форумды өткізудің басты мақсатысыбайлас жемқорлықпен күресу ісіне азаматтық қоғамның және оның барлық институттарының өкілдерін көптеп тарту, қоғам мен билік арасында диалогтық алаңша құру. Сонымен қатар азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы инфрақұрылымын, қазақстандықтардың санасында бұл әрекетке қарсы дүниетаным қалыптастыру, мемлекеттік құрылымдардың қызметіне қоғамдық бақылауды белсендендіру де осы алқалы жиынның көздегені болды. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Айым Қанафинаның қатысуымен өткен форум барысында жемқорлықпен күреске жастарды да барынша тарту мәселесі сөз болды. Алдымен сөз алған «Нұр Отан» ХДП Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арман Әлиакпаров мемлекеттің және үкіметтік емес ұйымдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолға алып жатқан іс-шараларына кеңінен тоқталды. Ол 2008 жылы өткен партияның кеңейтілген кеңесінде Елбасының жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуге байланысты жүктеген міндеттерін тізбектеп берді. Сол кезден бастап партияның осы қоғамның кеселіне қарсы шараларының арнайы кешенді жоспары жасалып, жүзеге асырылуда. Сол жылы жемқорлыққа қарсы республикалық форум өткеннен кейін жұмыс одан әрі ширай түсіп, жүйелі түрде жүзеге асыру қолға алынғаны айтылды. Баяндамашы қалалық форум барысында бірқатар әлемдік көрсеткіштерге мән берді. Оның мәлімдеуінше, жуырда Берлинде жарық көрген жемқорлықты қабылдау, түсіну индексі бойынша Қазақстан 178 елдің ішінде 105 орынды иеленген. Бұл Орталық Азия елдері ішінде ең жақсы көрсеткіш болса керек. Атап өту керек, 2007 жылы еліміз осы рейтинг қорытындысы бойынша 150 орында болыпты. Демек, еліміз үш жыл ішінде 47 орынға алға басқан. А.Әлиакпаров осы қарқыннан айырылмасақ, жеті-сегіз жылдан кейін еліміз жемқорлық ең аз мемлекеттер қатарына ілігуге мүмкіндігі әбден бар деген сенімде. Сондай-ақ форумға қатысушылар жемқорлықтың түбіне түбегейлі балта шабу мүмкін еместігін де мойындайды. Мәселен, Қытай елінде жазаның қатаңдығына қарамастан соңғы он жыл ішінде жемқорлыққа байланысты он мың шенеунік өлім жазасына кесілген көрінеді. Елімізде жыл сайынғы жемқорлық әрекеттердің жалпы көлемі 1 млрд. АҚШ долларынан асып түсетін көрінеді. Ең жоғарғы көрсеткіш кедендік орган қызметкерлері мен сот жүйесіне тән екен. Өзге де органдар қалыс қалмайтын көрінеді. Форумға қатысушылар қолға алынған шараларға қарамастан сыбайлас жемқорлық әлі де болса барынша көрініс тауып жатқанына алаңдаулы. Міне, жұмысты одан әрі ширату мақсатында «Нұр Отан» ХДП жемқорлықпен күрес бойынша 2011-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламаның жобасын әзірлепті. Бұл жаңа жоба жайын А.Әлиакпаров кеңінен тарқатып берді. Жоба аймақтық деңгейлерде талқыға түсіп жатқан көрінеді. Ол осы жобаны талқылауға барша жұртшылық атсалысса деген тілегін білдірді. Ұсыныс-тілектер партиялық бақылау комитетіне жеткізіліп, сараптан өтетін болады. Негізі, аталмыш бағдарлама қолда бар тәжірибені одан әрі ұштап, шараларды қатаңдатуды көздейді. Қоғам дертінің себептерін қарастырып, оны жоюдың айла-тәсілдеріне мән береді. Партия алдымен жемқорлыққа қарсы жаңа заң жасайды. Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама еліміздің жемқорлыққа қарсы осы заңының негізі болып қалыптасады. Мұнда үкіметтік емес ұйымдар мен партияның, қоғамның жемқорлықпен күреске барынша тартылатыны байқалады. Лауазымды азаматтардың қаржылық әрекеттеріне жасалатын бақылаулар қатаңдатылады. Тағы айта кетерлігі, бағдарламада еліміздің барлық заңнамаларына жемқорлыққа қарсы сараптаманы тұрақты ету жоспарланып отыр. Бұл сараптама әсіресе мемлекеттік сатып алулар саласында басты назарда болмақ. Нормативтік-құқықтық актілерге қоғамдық сараптама жүргізу де өз жемісін береді деп күтілуде. Партия мемлекеттік басқару саласында жеке жауапкершілікке баса көңіл бөлмек. Тіпті жемқорлыққа бейім лауазымдық қызмет орындарының тізімін жасауды да қолға алады. Кадрлық саясатты қатаң бақылауға алған абзал, делінген екен бұл бағдарламада. БАҚ өкілдерінің қоғамдық мүдделерге байланысты оқиғаларға қатысты ақпараттарды еркін алуларын қамтамасыз ету, бұл құқықты заңдық тұрғыдан бекіту де айтылған. Әрбір өңірде жүзеге асатын индустриялдық жобалардың жүзеге асуына қоғамдық бақылау орнату керектігі де сөз етіліпті. Себебі бүгінгі күні құрылыс саласында пысықайлар қыруар қаржыны қымқыруға бейімделіп алған көрінеді. А.Әлиакпаров сот жүйесінде күрмеулі мәселелердің аз еместігін атап өтті. Осы орайда тәуелсіз қоғамдық бақылаудың жоқтығын алға тартты. Ал оны енгізу әр істің ашықтығына әкелетіні сөзсіз, дейді ол. Сыбайлас жемқорлық фактілерін азайту мақсатында сот жүйесінде тәртіптік комиссия құрамына қоғамдық ұйым өкілдерін кіргізу де өз жемісін беретініне сенім білдірді. Шенеуніктердің ротациясына да мән беру талай жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоюға септігін тигізеді деген пікірін де бүгіп қалмады. Сондай-ақ ол осы қоғам дертімен күресте «Нұр Отан» партиясының да орны ерекше екенін бөле-жара атады. Қоғам мен мемлекеттің күшін біріктіру арқылы істі оңтайландыруға әбден болады, деді. Бағдарламаның бұдан өзге де басымдылықтары жетерлік.

Қалалық форум өзге де жауапты орган өкілдерінің баяндамаларымен жалғасты. Мәселен, облыстық Қаржы полициясының жемқорлық жөніндегі істерді ашу және алдын алу бойынша басқармасының бастығы С.Нұрахметов аймақта орын алған бірқатар жемқорлық әрекеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, «Жол картасына» бөлінген қаржыны жымқыру, мемлекеттік тапсырыстар бойынша қазынаға қол салу сынды фактілер көптеп орын алған. Дегенмен, аталмыш бақылаушы орган қызметкерлері Елбасының тапсырмасына сәйкес әккілердің жолын кесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтты. Бұл орайда сенім телефонының алатын орны да сөз етілді. Ол жемқорлықты ауыздықтау үшін халықтың белсенділігін арттыру маңызды екенін тілге тиек етті.

Ал Павлодар қаласы әкімдігінің мемлекеттік құқықтық бөлімінің бастығы А.Мұқатова сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу өзі басқарып отырған органның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты бірқатар іс-шаралардың арнайы жоспары жасалған көрінеді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарына сыбайлас жемқорлық әрекеттері жөнінде ақпарат бермеу оқиғаларына жеке жауапкершілік бекіту жөнінде толықтыру енгізілгені айтылды. Олқылыққа жол бермеу үшін әкімдік жүйелі түрде мониторинг жүргізеді екен. Әкімдіктегі ақпараттар ағымы да қатаң бақылауда. БАҚ-та қаланың мемлекеттік органдарының жұмысына байланысты сыбайлас әрекеттерге жол бергендері жөнінде материалдар жарық көріп жататынын жасырмады. Оның әрқайсысы жіті талданады, деді ол. Сондай-ақ ол әкімдік жұмысының ашықтығына жетелейтін сайттың рөлін жеткізді. Мұнда қызмет көрсету стандарттары, балабақша кезегі, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу жағдайлары халық назарына ұсынылады. А.Мұқатованың айтуынша, сыбайластықпен күрес амалдары қалалық әкімдіктің отырыстарында жүйелі түрде қаралып, қалалық кеңесте мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен талқыланып отырады. Дегенмен, атқарылып жатқан іс-шаралар әлі де қатаңдатуды талап ететінін бүгіп қалмады. Сондықтан болар, 2010 жылдың он айында құқық қорғау органдары қалалық атқарушы орган қызметкерлеріне қатысты 6 қылмыстық іс қозғаған. Форумда сөз алған облыстың Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті тергеу бөлімінің бастығы Қ.Қамзаев аталмыш орган ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты сыбайластық әрекеттерді тергеу-тексеруге араласатынын жеткізді. Биыл мұндай 22 қылмыстық іс қаралған екен. Жемқорлық фактілер бойынша кейбір тұлғалар тиісті жазасын алса, енді біріне тергеу жұмыстары жүргізілуде. Аймақ бойынша 24 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Олардың кейбірінің лауазымы төмендетілсе, біріне сөгіс, енді біріне қатаң сөгіс жариялаумен іс тынған. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы өрескел қателіктер көбінде мемлекеттік сатып алулар бағытында орын алатынын айтты. Бұдан өзге де жауапты орган өкілдері жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Форумға қатысушылар қоғамның бұл дертімен күресте алдын алу шарасы бәрінен маңызды екенін бөле-жара атады. Жиын соңында алдағы уақытта іс-шараларды одан әрі ширату үшін қоғамды, үкіметтік емес ұйым өкілдерін барынша тартуға баса мән беру керек деген байлам жасалды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Павлодар қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30