Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Павлодар облыстық филиалында жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбына арналған форум өтті. Оған аймағымыздың атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері, партиялық бақылау комиссиясы мен жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағалары, аймақтық партия филиалдарының, қоғамдық бірлестіктердің, жастар ұйымдарының және БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ форумға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев және ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров келді.
Алқалы жиын барысында «Нұр Отан» ХДП-ның 2011-2020 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының жобасы талқыға түсті. Дегенмен жиналғандар алдымен өткенге көз тастап, бүгінде қоғам індетіне айналған парақорлықты ауыз-дықтау тұрғысынан қандай шаралардың атқарылып, нендей істердің тындырылғандығына тоқталды.
Елбасы, «Нұр Отан» ХДП-ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партияның 2008-2010 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы өз жемісін берді деуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда елімізде көп жұмыстар атқарылуда. Әсіресе аймақтық партия құрылмдарының еңбегін атап өткен жөн. «Жемқорлықпен күресте күнделікті, жүйелі түрде жүргізілетін жұмыс қажет екендігі сөзсіз. Бұл – заман талабы десек, партия осы талап үдесінен шығып жүр деп айтуға негіз бар. Нәтижесі де айқын», - дейді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Нұркина. Негізінен, жемқорлыққа қарсы күрес шаралары құқықтық, ұйымдастырушылық, насихаттық және тағы басқа бірқатар бағыттар бойынша жүргізілген. Ортақ мақсат жолында облыстық әкімдік бастап барлық жергілікті атқарушы билік, құқық қорғау органдары, түрлі мемлекеттік мекемелер күш біріктірді. Партия жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшелері де құзырлы органдармен бірлесіп, биылғы жылдың өзінде үш жүзден астам азаматқа құқықтық көмек көрсеткен. «Нұр Отан» партиясы сондай-ақ «Жол картасы», «Балапан» сынды басқа да республикалық маңызды бағдарламалардың жүзеге асу барысын, әсіресе мемлекеттік сатып алулар ісін бақылауға алды. Бүгінде қалтасынан қағылып, немесе басқа да бір қиындықтарға тап болған тұрғындар соңғы үміттерін арқалап партияға келеді.
Дегенмен жемқорлыққа қарсы күреске көз жұма қарайтын мекемелер де бар болып шықты. Соның салдарынан, жоғарыда аталған бағдарламаның толыққанды жүзеге асқандығы туралы сөз қозғау қиын. Павлодар облысы прокурорының орынбасары Марат Әлихановтың айтуына қарағанда, аймағымыздың бірқатар әкімдіктері мен мемлекеттік мекемелерінде бағдарламаны тиісті деңгейде жүзеге асырмағандығы туралы фактілер тіркелген. Онымен қоса, жемқорлық қылмысты анықтау көрсеткіші де өткен жылғымен салыстырғанда 17 пайызға төмендеп отыр. Себебі кейбір құқық қорғау органдарына әлі де белсенділік жетіспейтін көрінеді. Есесіне шенеуніктер парақорлықтан алдына жан салар емес. Биыл жыл басынан бері құқық қорғау органдарының 13, қаржылық бақылау инспекциясының 3, түрлі деңгейдегі әкімдіктердің 9 қызметкері жауапқа тартылған. Шағын мысал, ағымдағы жылы облыстық жол полициясы басқармасының бастығы Серік Жүнісов жемқорлыққа жол берді деген айып тағылып, қызметінен босатылды. Айта берсең, тізім әлі де жалғасады.
Облыстық экономикалық қылмысқа және жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) бастығы Манас Сабаншиевтің айтуына қарағанда, жемқорлыққа ерекше көп жол берілетін салалардың қатарында мемлекеттік сатып алулар, жер қатынастары, жол полициясы және кеден органдары бар көрінеді. Онымен қоса, дәстүрлі түрде білім беру саласы да ешкімге дес бермей келе жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, облыс бойынша жемқорлық негіздегі тіркелген заң бұзушылықтардың жиырма пайызға жуығы осы білім беру саласына тиесілі екен. Дегенмен, бұл ретте облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының саяси кеңес бюросының мүшесі Б.Сағынтаев әрбір саланың өз ерекшелігін ескеру қажет екендігін атап өтті. Мысалы, аймағымыздың білім беру мекемелерінде ондаған мың адам жұмыс істейді. Ал қызметкерлер саны едәуір аз, бірақ парақорлық көрсеткіші бойынша «үздіктерден» қалыспай келе жатқан органдар бар. Соларға да баса мән беруіміз қажет екендігін айтты.
«Нұр Отан» ХДП-ның 2011-2020 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының жобасын талқылау барысында оның бірқатар ұтымды тұстары ерекше аталып өтілді. Мәселен, жаңа жобада еліміздің жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын, сондай-ақ мемлекеттік органдардың көрсететін қызмет түрлерін жетілдіру мәселесі көрініс тапқан. Онымен қоса, жас мамандарды, әсіресе мемлекеттік органдарға қызметкерлерді мұқият даярлау ісіне мән берілмек. Жалпы, он жылдық бағдарлама барлық салаларды қамтып отыр.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, партияның жоғарыда аталған бағдарламасы жобасының авторларының бірі Н.Әбдіров форум барысында айтылған барлық ұсыныс-тілектер ескеріледі деп уәде берді.
- Шын мәніне келетін болсақ, жемқорлыққа қарсы күресте тек қана мемлекеттік, құқық қорғау органдарының күші аздық етеді. Бұл ретте, «Нұр Отан» ХДП атқарушы билік, мемлекеттік мекемелермен қоса азаматтық қоғамның да күшін бір ортаға біріктіруші құрылым ретінде үлкен маңызға ие. Ал біз қоғам болып жұмыла кіріссек, бүгінгі талқыға түсіп отырған бағдарламаның нәтижесі зор болары сөзсіз, - деді қорытынды сөзінде облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Сондай-ақ шара барысында Елбасы, «Нұр Отан» ХДП-ның Төрағасы Н.Назарбаевтың стартегиялық жоспарын жүзеге асыруда нәтижелі еңбек еткен, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласқан, жемқорлыққа қарсы күрес шараларында жоғары азаматтық ұстанымын танытқан бірқатар азаматтар арнайы төс белгісіне ие болды. Сондай-ақ партия мүшелері мен жекелеген мекемелер, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Мұндай құрметке ие болғандардың қатарында облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы да бар.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

