«НҰР ОТАННЫҢ» НҰРЛЫ ІСТЕРІ

 

 

жұртшылықтың игілігіне жарауда
 
Кеше Достық үйінің филиалында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Павлодар облыстық филиалының VIII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Алқалы жиынға «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңес бюросының мүшесі Александр Павлов, облыстық филиалдың төрағасы, аймақ басшысы Бақытжан  Сағынтаев қатысты. Өткен жылға қорытынды жасап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындаған отырысқа облыстың барлық қалалары мен аудандарынан партия мүшелері, халық қалаулылары мен мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, түрлі салалардың өкілдері жиналды.  
 
Атқарылар жұмыстар айқындалды
Партияның облыстық филиалының 2009-2010 жылдар аралығында атқарылған жұмысы және алдағы уақытта жүзеге асырылатын іс-шаралар тізбегі конференцияның негізі болды. Бұл жөнінде аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев кеңінен сөз етті. Ол баяндамасын еліміздің қарымы мол, қабілеті зор мемлекетке айнала бастағанын әрбір қазақстандық мақтанышпен айтуы тиіс дегенді тілге тиек етуден бастады. Бұл жетістіктер Ұлт көшбасшысы Президент Н.Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екенін де ешкім  естен шығармауы қажет, деді. Ол бүгінгі егемен еліміздің толағай табыстарын, басымызға қонған бақты бағалай білуді еске салды. Елдегі тұрақтылық пен татулықты, экономикалық өрлеуді одан әрі өрістету үшін Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту орынды шешім екенін баса айтты. Себебі, Тұңғыш Президенттің ұйытқысымен басталған игі істер өзінің жалғасын тауып, діттеген нәтижесіне жетуі тиіс. Міне, дәл осы бастаманы «нұротандықтар» елдің алды болып бірауыздан қолдады, белсенділік танытты.  Б.Сағынтаев республика бойынша бес миллионнан астам азамат Елбасының өкілеттігін ұзарту бастамасына үн қосса, соның 300 мыңнан астамы павлодарлықтар екенін атап өтті. Бұл ретте аймақтың партия мүшелері елден ерек атсалысқанын айту керек. Баяндамашының мәліметінше, облыста бүгінде 57 мыңнан астам тұрғын - «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Өткен жылы олардың қатары 9,2 пайызға өскен. 
Жиында облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне, өңірдегі оң өзгерістерге де тоқталды. Мәселен, өткен жылы облысқа 190 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан 284 инвестициялық жобаның 55-і облысымызға тиесілі. Былтыр соның 33-і қолданысқа берілді. Білім беру саласында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту ісінің оң шешім таба бастағанын аймақ басшысы бөле-жара атады. 2010 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтер бойынша мектепке дейінгі мекемемен қамту 52 пайызды құраса, ағымдағы айда бұл көрсеткіш 77 пайызға жеткен. Баршаға белгілі, Елбасымыз 2020 жылға дейін балғындарды 100 пайыз балабақшамен қамтуды тапсырған болатын. Б.Сағынтаев бүгінгі қарқынмен павлодарлықтар бұл тапсырманы мезгілінен бұрын орындауға қауқарлы, деді. Ал денсаулық сақтау саласында бұған дейін бой көтерген нысандарға қоса, алдағы уақытта аса қажетті тағы да бірқатар медициналық мекемелер салынатыны айтылды. Бақытжан Әбдірұлы А.Павловқа медициналық нысандар құрылысын республика тарапынан қаржыландыруды жеделдетуге партия тарапынан ықпал етуді құлаққағыс етті. 
Бұдан кейін партияның облыстық филиалының төрағасы өңірдегі игілікті істердің жалғасын тауып, сапасының артуына «нұротандықтардың» қосатын үлесі аз еместігін жеткізді. Осыған орай, филиалдың алдағы уақытта басты назарға алуы тиіс тұстарын тізбектеп берді. Тарқата айтсақ, біріншіден, жергілікті «нұротандықтар» халықпен байланысты одан әрі нығайтуға күш салуы қажет. Демек, қоғамдық қабылдаулардың маңызына мән берілуі тиіс. Айта кету керек, қоғамдық қабылдауларға келушілер саны артқан. Мысалы, 2009 жылы 1900-ден астам тұрғын өтінішімен келсе, былтыр олардың қатары үш мыңға жуықтаған. Бұл халықтың партияға сенім білдіріп отырғанының айғағы екені анық. Дегенмен, Б.Сағынтаев мұны партияға келушілердің санымен емес, арыз-шағымдар бойынша нақты атқарылған жұмыс ауқымымен бағамдау қажеттігін айтты. Өткен жылы тұрғындардан түскен арыздардың 74 пайызы оң шешімін тапқан көрінеді. Алдағы уақытта ешбір өтініш жерде қалмайды, деді филиал төрағасы. Екіншіден, партиялықтар жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуі қажет. Баяндамашы әрбір жемқорлық әрекет қоғамдық қадағалаудың жоқтығынан орын алатынын алға тартты. Үшіншіден, «нұротандықтар» мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі мерзімінде жүзеге асуына қырағылық таныту. Яғни, осы мақсаттарға бөлінетін қаржының тиімді игерілуін назарда ұстайды. Осы орайда облыс басшысы өткен жылы атқарылған істерді айтып өтті. Мәселен, төрт жүзден астам партиялық бекет әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын бақыласа, медицина саласының қызмет көрсету сапасын - 25, индустриялық-инновациялық жобаларды – 27, ал «Балапан» бағдарламасының барысын 16 бекет назарда ұстаған. Аймақтың партиялық бекеттерінің жұмысы еліміз бойынша үздік деп танылғаны да көп нәрсені аңғартатыны анық. Төртіншіден, қазіргі заманғы кадрлар саясатын оңтайландыру қажет. Облыс әкімі партиялық актив өкілдерінің біліктілігін жетілдіріп отыратын аймақтық мектеп құрудың артық етпейтінін және 7 мыңдай «жасотандықтар» әлеуетін пайдалану керектігін тілге тиек етті. Бесіншіден, «Нұр Отан» партиясының беделін арттыру үшін партия ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлінбек. Облыста бүгінде тек Шарбақты, Қашыр, Екібастұз филиалдарының ғимараттары талапқа сай көрінеді. Алдағы уақытта бұл мәселе Ертіс, Ақтоғай, Павлодар аудандарында шешімін таппақ. Б.Сағынтаев жыл соңына дейін осы түйткілді түбегейлі шешуді тапсырды. Алтыншыдан, тұрғындардың рухани-адамгершілік құндылықтарын арттыруға «нұротандықтар» белсене қатысуы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік маңызы бар шараларды насихаттауға назар аударылады. Мәселен, ақпан айында партияның кезекті съезінде қабылданатын бағдарламаны халық арасында насихаттауға күш салынбақ. Жетіншіден, нақты істер арқылы халық сенімін ақтау қажет. Қайырымдылық шаралары да назардан тыс қалмайды. Мәселен, өткен жылы павлодарлықтар табиғи апаттан зардап шеккен Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары тұрғындарына қол ұшын берді. Ардагерлерді ардақтап, мұқтаж жандарға жәрдемдесті. Міне, осы игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады, деді аймақ басшысы. Тағы бір айта кетерлігі, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы лайықты деңгейде аталып өтуіне партиялықтар бір кісідей атсалысатын болады. Партияның облыстық филиалының төрағасы Б.Сағынтаев            бұл мақсаттар мен міндеттер жемісті жүзеге асатынына сенім білдірді.   
Ал «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Қайныш Жұмадірова аймақтың барлық филиалдарына жүргізген тексеру жұмыстары бөлінген қаржының әрбір тиыны орынды әрі тиімді жұмсалғанын мәлімдеді.  
 
Оң баға берілді
Партияның облыстық филиалының атқарған игі істерін жарыссөзге шыққан азаматтар жарыса жеткізді. Жиынның бұл бөлігі партияның тұрғындар өміріндегі рөлін айшықтай түскендей болды. Мәселен, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Қанат Жұмабековтің пікірінше, павлодарлық «нұротандықтар» партияның беделін, мәртебесін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ол, әсіресе, әртүрлі бағытта жасақталған бекеттердің рөлін атап өтті. Аймақ жұртшылығы жергілікті атқарушы мекемелерден қолдау таппай, үмітін арқалап, қоғамдық қабылдаулар жәрдеміне жиі жүгінуі мемлекеттік органдар өкілдерін ойландыруы тиіс, деді ол. Ал партияның Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арман Әлиақпаров атқарылған  істерді айта келе партияның, алдағы уақытта қабылданатын жаңа бағдарламасы көп түйткілдің түйінін шешуге ықпал ететініне сенімді. Алқалы жиында аудандық филиалдардың өкілдері де тындырылған істерге тоқталуды жөн көрді. Партияның Қашыр аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Болат Бақауов та осы ұйымның арқасында талай істің басы қайырылғанын мәлімдеді. 
- Ауданда партия жанынан құрылған бақылау бекеттері, қоғамдық қабылдау шаралары тұрғындарға жемісті қызмет көрсетуде. Ешбір шара «нұротандықтарсыз» өтпейді. Қай істің де басы-қасында партияның белсенділері жүреді. Бүгінде тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдар қаралып, оң шешімін тауып жатыр. Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бастамасын да қашырлықтар бірауыздан қолдағаны, тұрғындардың бүгінгі тіршіліктеріне риза екендіктерінің белгісі деп білемін, - деді ол.
Бұдан соң сөз алған «ЕЭК» АҚ-ның бастауыш партия ұйымының төрағасы, Ақсу қалалық мәслихатының депутаты Т.Носачева, партияның Екібастұз қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ш.Базарбаева, Баянауыл ауданы Торайғыр ауылдық округі бастауыш партия ұйымының төрағасы А.Өмірзақова, Шарбақты аудандық мәслихатының депутаты, аудандық партия филиалының саяси кеңесінің мүшесі Л.Маринко, «Жас Отан» жастар қанатының Павлодар қалалық бөлімшесінің атқарушы хатшысы Ә.Жұмекеновтердің барлығы да Елбасының сындарлы саясатының, партияның белді ұстанымдары мен алға қойған мақсаттарының арқасында әр салада жемісті жетістіктер ел игілігіне жарап жатқанын жарыса айтты. Осылайша, жиылған қауым «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өткен жылы атқарған жұмысына оң баға берді. 
Партияның өткенін түйіндеп, болашақ бастамаларын түгендеген отырысты түйіндеген «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі бюросының мүшесі Александр Павлов та өңіріміздегі өрелі істерге баса назар аударды. Нақтырақ айтсақ, аймақта жүзеге асып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық жобалардың ел өмірі үшін мән-маңызын ерекше атады. Сондай-ақ ол партияның Астанада өтетін кезекті XIII съезінде қабылданатын бағдарламаның жобасы жөнінде сөз етті. Оның айтуынша, бұл жоба біраз уақыт халық талқысында болып, екі миллионға жуық пікір, ұсыныс-тілек жинаған. Сондықтан қатаң қоғамдық сараптамадан өткен бағдарлама алдағы съезде қабылданатынына, кейін өз жемісін беретініне сенім білдірді. Себебі, аталмыш құжат Елбасының Жолдауымен, 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының мазмұнымен үндесіп жатыр, дейді ол. Астаналық мейман жергілікті партия филиалының жұмысына оң баға берді. Әріптестерін алдағы уақытта сандық көрсеткіштен гөрі тұрғындардан түскен әрбір мәселеге қатысты жедел араласуға шақырды. А.Павлов партияның облыстық филиалына төрағалыққа аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың сайланғанын ең ұтымды шешім деп бағалады. Ол облыс әкімі алдағы уақытта саяси және әкімшілік күшті біріктіре отырып, оң өзгерістерге жетелейтініне сенім білдірді. 
Конференция соңында облыстық филиалдың саяси кеңесінің, саяси кеңес бюросының жаңа құрамы және Астанада өтетін партия съезіне делегаттар сайланды. 
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31