«Нұр Отан» ХДП-ның Павлодар облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес пен облыстық мәслихаттың азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты комиссиясының бірлескен отырысы болып өтті. Күн тәртібіне облыстық әділет департаментінде, ғылыми-өндірістік сот сараптамасының зертханасы мен жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықта, Павлодар заң колледжінде, облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінде жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес бойынша нендей шаралардың атқарылып жатқандығы жөнінде мәселе шығарылып, олар бойынша тиісті мекемелер басшыларының есебі тыңдалды.
Атқарылып жатқан шаралар аз емес көрінеді. Мысалы, облыстық әділет басқармасында халыққа қызмет көрсету саласы бойынша ілгерілеушілік байқалады. Тұрғындарды тіркеуге отырғызу, тіркеуден шығару сынды кейбір қызмет түрлері электронды негізде жүргізіледі. Онымен қоса, республика бойынша біздің аймағымызда ғана мұндай жұмыстар аудандарда қолға алынуда. Бұл өз кезегінде, адам факторын азайтатындығы сөзсіз. Дегенмен, жоғарыда аталған кейбір мекемелердің жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарының әлі де жетілдіре түсетін тұстары бар екендігі анықталды. Атап айтар болсақ, Павлодар заң колледжінің қаржы бөлімінің маманы бірнеше жыл бойы, жүйелі түрде қазынадан келіп түскен қаржыға қол сұғып келген. Нәтижесінде, есептей келгенде келтірілген шығын көлемі бірнеше миллион теңгенің басын құрап отыр. Комиссия мүшелері бұл жемқорлықтың алдын алуға баса көңіл бөлмеудің салдары деп отыр. Сондықтан, қай мекеме болмасын алдымен жемқорлыққа жол бермеудің амалын қарастыру қажет десті депутаттар.
Халыққа қызмет көрсету орталығы ма, әлде қалалық әділет басқармасы ма? Соңғы кездері тұрғындар осы екі мекемені жиі шатастыратын болып жүр. Себебі екеуі де облыс орталығында бір мекен-жай бойынша, бір аулада орналасқан. Онымен қоса, бұған дейін халыққа қызмет көрсету орталығында атқарылып келген азаматтарды тіркеу, құжаттандыру сынды тағы басқа қызмет түрлері енді әділет басқармасына ауысқан. Осындай шырғалаңның салдары болса керек, жұртшылық бұл мекемелердің қайсысы нақты нендей қызмет түрлерін көрсететіндігін түсінбей әлек. Тіптен, жергілікті кейбір басылым тілшілері де шатасып, бір мекеменің орнына екіншісіне қатысты сыни мақала жариялаған жағдай да кездесті. Осылайша, кейде біріне бағытталған «таяқ» екіншісіне тиіп жатқан жайы бар. Бұл мәселе осымен бірнеше рет халық қалаулыларының назарына ілігуде. Себебі соңғы кездері арыз-шағым көбейген. Өткен апта соңында, аталмыш мәселенің байыбына жету мақсатында депутаттар аты аталған екі мекемеге барған болатын. Бұл жөнінде газетіміздің өткен санында хабарладық. Сол сапарларының қорытындысы бойынша анықталған мәселелерді халық қалаулылары комиссия отырысына шығарды.
Жұртшылық жоғарыда аталған әділет органында үнемі ұзын сонар кезектің болатындығы туралы шағым түсірген. Нәтижесінде тұрғындар бір құжат рәсімдеу үшін сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Онымен қоса, халық кезек орнын белгілейтін талондарды алу үшін таң азанда жиналатын көрінеді. Облыстық әділет департаментінің бастығы Ғалия Жолдыбаева бұл тұрғындардың өз қалауы дейді. «Біз павлодарлықтарға қалалық әділет басқармасында жұмыс уақытының тоғыздан басталатындығын түсіндірдік. Одан ерте бастай алмаймыз. Себебі республика бойынша орталықтандырылған мәліметтер базасы осы уақытта қосылады. Бірақ халық өз дегенінен арылар емес», - дейді департамент бастығы.
Ал халыққа қызмет көрсету орталығында керісінше жағдай. Кезек жоқ. Ол-ол ма. Орталықтағы халыққа қызмет көрсету үшін ашылған отыздан астам терезенің тек сегіз-тоғызы ғана жұмыс істейді екен. Ал қалған терезелердегі операторлар бостан-босқа, жұмыссыз отыр. Егер олардың көрсетіп отырған қызмет түрлеріне сұраныс болмаса, онда осыншама қызметкерлерді шығынданып, босқа ұстап отырудың не қажеті бар деген заңды сауал туындайды. Бірақ, өкінішке қарай, бұл сауалға жауап беретін адам табылмады. Себебі комиссия отырысына халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері қатысқан жоқ.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

