«Жою міндет» деп мойнымызға жүктеп алған жемқорлық індетінің жыры еш таусылар емес. Қоғам болып күресудей-ақ күресіп келеміз. Бірақ, неге екендігі белгісіз, тарамыс тамырларын әр салаға жайып алған бұл дерттің емі әлі табылмауда.
Қазір жұрттың басы қосыла қалса болды, міндетті түрде жемқорлық мәселесін сөз ететін болды. «Анау пара алыпты», «мынау жемқор екен» деген әңгімелер көп айтылады. Әсіресе, оқиға шенеуніктерге қатысты болса, ерекше шабыттанып тұрып айтамыз. Ол да дұрыс. Халық мүддесін қорғаймыз, ел болашағы үшін қызмет етеміз деп ант берген мемлекеттік қызметкерлердің мұндай әрекеттерін естігенде үндемей қалу мүмкін емес.
Ойнап жүріп, байқаусызда бір нәрсені бүлдіріп, кейін осы қылығы үшін ата-анасынан сазайын тартатынын білген кішкентай баланың «мұны істеген мен емес» деп байбалам салып, жалтаратын әдеті. «Баламысың» деген осы болар. Қызығы сол, қазіргі кезде шенді-шекпенділердің бірқатары баланың осындай қылығына басатын болды...
Облыстық тәртіптік кеңестің кезекті отырыстағы талқысына білдей бір басқарманың басшылығы түсті. Атап айтар болсақ, Павлодар облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Қанат Шабенов, орынбасары Мырзажан Үсенов және аталмыш мекеменің бас маманы Ерік Сабыр жіберген қателіктері үшін кеңес мүшелері алдында жауап берді. Барлық мәселе облыстық прокуратураның аталмыш мекеме жұмысына қатысты жүргізген тексерісінен кейін басталған. Құзырлы орган өкілдері басқарма қызметіне байланысты бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Олардың басым бөлігі алкоголь өнімдерін сақтап, сату саласына қатысты құқық бұзушылықтар болып табылады. Дәлірек айтқанда, нәсібін арақ-шарап сатудан тапқан кәсіпкерлерге байланысты болып отыр. Мысалы, басқарма бастығы Қ.Шабенов мемлекеттік лицензиялаудың талаптарын бұзып, бірқатар кәсіпкерлерге алкоголь өнімдерін сатуға рұқсат берген. Олардың қатарында «Имение» ЖШС, «Крендель Company» ЖШС, «Петренко», «Серікбаев», «Гулиев», «Қазбосынов», «Әубәкіров» жеке кәсіпкерліктері бар. Ал заңнама талаптарына сәйкес, аталмыш кәсіпкерліктерге лицензия берілмек түгілі, өтініштері де қабылданбауы тиіс болған. Себебі, кейбірінде санитарлық-эпидемиологиялық тексеру нәтижелері, өрт қауіпсіздігінің сақталғандығы туралы және тағы басқа тиісті құжаттары түгел болмай шыққан. Онымен қоса, алкоголь өнімдері сатылатын сауда орындары мектеп, балабақша сынды білім беру мекемелерінен кемі жүз метр қашықтықта орналасуы міндетті. Алайда, Қ.Шабенов мұндай талаптардың сақталғандығы немесе сақталмағандығына көз жеткізбестен, ешқандай тексерусіз-ақ рұқсат қағаздарына қол қойыпты. Ең қызығы, басқа кәсіпкерлердің дәл осындай өтініштерін, құжаттары толық, дұрыс болғанына қарамастан, түрлі жайттарды сылтауратып, негізсіз түрде қабылдамаған. Анықталған кемшілік мұнымен шектелмейді. Лицензиялық міндетті төлемдерге қатысты да бірқатар құқық бұзушылықтар бар.
Облыстық прокуратураның аталмыш басқарма бастығының орынбасары М.Үсеновке қатысты анықтаған құқық бұзушылығы да осындай негізде. Ол өткен жылдың қараша айында қаламыздағы «Velvet Res» ЖШС-не алкоголь өнімдерін сатуға заңсыз түрде рұқсат берген. Атап өтерлігі, Мырзажан Әкрамұлы аталмыш мерзім аралығында басқарма бастығының міндетін атқарды.
Тәртіптік ісі қаралған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы Е.Сабыр заңсыз сауда-саттыққа жол берген кәсіпкерліктермен жұмыс істейді. Өткен жылы ол аталмыш құқық бұзушылыққа жол берген жиырмадан астам кәсіпкерлікке қатысты әкімшілік жазаға тарту туралы хаттама толтырған. Алайда, кейін анықталғандай, ол хаттамалар дұрыс толтырылмаған болып шықты. Себебі, оның ұсынысымен сот қарауына түскен кейбір кәсіпкерлердің әрекеті заңға қайшы емес деп табылған. Алайда, оған қарамастан, Е.Сабыр кінәсіз тұлғаларды жауапқа тартпақ болған. Ал бірқатар фактілерде керісінше, кәсіпкер кінәлі болғанымен, оларға қатысты әкімшілік істі заңсыз тоқтатыпты. Еркін Тұрсынұлы «бұл - білместіктен кеткен қателік» деп ақталуға тырысты. Алайда, Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтындығы белгілі. «Әр лауазым иесі өз қызметіне жоғары жауапкершілікпен қараса, мұндай қателіктер болмас еді. Барлық кемшілікті прокуратура өкілдері анықтағаннан кейін ғана түзетуге кіріскенсіздер. Бұл - қызметкерлер жауапкершілік танытпағанның, ал басқарма басшылығы мекеме қызметін дұрыс жүргізбегендіктің салдары», - деп ой қорытты тәртіптік кеңес төрағасы Нұрлан Рамазанов.
Бір атап өтерлігі, шара барысында басқарма басшылығы түрлі сылтаулар айтып, өздерінің кінәсіз екендігін дәлелдеуге тырысып бақты. Алайда, барлығы прокуратура қызметкерлерімен дәлелденіп берілді. Нәтижесінде тәртіптік кеңестің шешімімен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Қ.Шабенов сөгіс алды. Ал орынбасары М.Үсенов пен бас маман Е.Сабырға ескерту берілді.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

