Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Павлодар облыстық филиалында дәстүрлі түрде тұрғындарды қоғамдық қабылдау өткізді. Талай мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, мәселелерінің шешімін таба алмаған павлодарлықтар соңғы үміттерін арқалап аймақ басшысына көмек сұрап келді.
Павлодар қаласының «Зеленстрой» шағын ауданын көріктендіру мәселесі бойынша аталмыш ауданның бастамашылық тобы өтініштерін білдірді. Олар шағын ауданда мектеп, дәріхана, балабақша сынды әлеуметтік маңызды нысандар мен учаскелік дәрігердің жоқтығын алға тартып, шағымдарын айтты. Сондай-ақ таза ауыз су мәселесі де өзекті тұр. Ал бірнеше жылдан бері қалалық билік органдарына жолдаған арыз-шағымдары жауапсыз, үнсіз күйінде қалуда. Облыс әкімі Б.Сағынтаев Павлодар қаласының әкімі Б.Жоламановқа алдағы аптада тұрғындармен кездесіп, әрбір көтерілген мәселелер бойынша қолданылған нақты шаралар туралы мәліметтерді назарларына жеткізуді тапсырды.
Қоғамдық қабылдауға келген құлағы естімейтін тұлғалар қауымдастығының төрағасы Светлана Алейник аталмыш ұйымның жылумен қамтамасыз етілу мәселесін көтерді. Ғимараттың жылу жүйесінен ажыратылғандығына бірнеше жылдың жүзі болған. Содан бері қауымдастық мүшелері суық жерде отыруға мәжбүр болған. Б.Сағынтаев қала әкіміне бұл мәселені жақын арада шешуді тапсырды.
Ұлы Жеңіс мерекесінің 65 жылдық мерейтойына байланысты бір реттік әлеуметтік көмек төлеу туралы өтінішімен тыл еңбеккері Емберген Шақатов келді. Бұл мәселе де оңтайлы шешімін тапты. Ақсақал «Қамқорлық» айлығы аясында 15 мың теңге әлеуметтік көмек алды.
Павлодар қаласының тұрғыны Жанғабыл Сабиев Алматы қаласындағы көзі нашар көретін балаларға арналған медицина колледжінде оқитын баласы Асхатқа материалдық көмек көрсетуді өтінді. Жатақхана үшін төленетін жылдық төлемақы 300 мың теңгені құрайды. Бұл көзі көрмейтін ата-аналар үшін қиынға түсіп отыр. Аймақ басшысы облысымыздың әлеуметтік органдарына баланың есепшотына ай сайын 30 мың теңгеден аударып отыруды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

