ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАРАЛДЫ

Кеше облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымованың төрағалық етуімен кәмелеттік жасқа толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Оған қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, білім беру бөлімдерінің басшылары және ішкі істер саласының қызметкерлері шақырылды. Отырыста облыс бойынша жаппай қолға алынған «Мектепке жол» акциясының қорытындысы баяндалып, Павлодар қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар үйі мен жастарға арналған панажайлардың тыныс-тіршілігі, сондай-ақ соңғы тоғыз айдағы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық әрекеттерінің алдын алуға бағытталған жұмыс барысы сөз болды.

Алқалы жиында облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Тамара Иванова республикалық «Мектепке жол» акциясының Павлодар облысында ойдағыдай өткенін баяндады. Аталмыш шара барысында облыс бойынша әлеуметтік көмекке мұқтаж 11 мыңнан астам оқушыға 40 миллиондай теңгенің мектепке қажетті оқу құралдары мен киім-кешектері сатып алынған. Балалар игілігі үшін ұйымдастырылған қайырымдылық акциясына мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, ірі кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер де белсене қатысқан. Соның нәтижесінде алдыңғы жылмен салыстырғанда биыл тұрмыстық жағдайы нашар отбасыларындағы балалардың пайыздық қамтылуы 55,3 %-ға өскен. Атап өтерлігі, акцияға Павлодар қаласындағы мекемелер арасында қалалық әкімдіктің қызметкерлері белсене қатысса, аудандар арасында шаруа қожалықтарының басшылары мен орта және шағын бизнестің өкілдері мол үлес қосқан. Сонымен қатар оқу жылының басында облыс орталығында мектеп оқушыларына арналып кеңсе тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Әрбір мекемеде сенім телефоны қызмет істеп, «Кар-Тел» ЖШС-нің Павлодар облыстық филиалының қолдауымен көмекке мұқтаж оқушылардың тегін хабарласуларына мүмкіндік жасалған. Аталған жұмыстардың бәрі өз жемісін беріп, көмекке зәру көптеген балалар көтеріңкі көңіл-күймен мектеп табалдырығын аттаған.

Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова жиын барысында «Мектепке жол» акциясының нәтижелі өтуіне зор үлес қосқан «Нұр Отан» ХДП-ның Павлодар облыстық филиалына, Павлодар қаласының әкімдігіне, облыстық сот ұжымына, облыстық ішкі саясат басқармасына және басқа да мекемелер мен жеке кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, Алғыс хат жолдады. Бұдан соң Павлодар қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінің жағдайы әңгіме болды. Бұл жөнінде облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бастығы Гүлбарам Науразбаева баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда отбасылық үлгідегі балалар үйінде 54 жеткіншек тәрбиеленеді. Олардың 12-і тұл жетім, ал қалғандары ата-ана қамқорлығынан айырылғандар. Балалардың жан-жақты білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Алайда, салауатты өмір салтын қалыптастыру үрдісі кенже қалуда. Себебі, аталған балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің 37 пайызы ғана спортпен айналысады екен. Сондай-ақ жеткіншектер арасында құқықбұзушылық әрекеттер де орын алып тұрады. Аталған жағдаймен таныс болған Әлия Ғалымова осы салаға жауапты адамдарға тапсырма беріп, жетім балалардың жағдайын, тәлім-тәрбиесін басты назарда ұстау керектігін тілге тиек етті.

Комиссия отырысында облыс орталығындағы 16-23 жас шамасындағы жастарға арналған «Жас қанат», «Жас ұрпақ», «Жас дәурен» панажайларының тыныс-тіршілігі де қарастырылды. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қанат Кәрімов аталған үш мекемедегі тәрбиеленушілердің жағдайы мен ондағы тәрбие жұмысы жөнінде егжей-тегжейлі мәлімдеп берді.

«Жас қанат» жастар үйінде 52 тәрбиеленуші тұрады. Ондағы барлық бөлме жастарға қажетті жиһаздармен жабдықталған. Әр қабатта асхана бар. Жоспар бойынша түрлі іс-шаралар да ұйымдастырылып тұрады. Қанат Кәрімов аталмыш мекеменің ішінде кемшіліктердің де бар екенін алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, мұнда кітапхана да жұмыс істейді. Бірақ, ондағы кітап қоры мүлдем аз. Мекеме ішінде ілінген тақтайшалардағы ақпараттардың барлығы тек қана орыс тілінде жазылған. Сондай-ақ ол мұндағы балалар «Синема» және Ш.Айманов атындағы кинотеатрларға барып, американың атыс-шабысқа толы қияли фильмдерін көретінін қатты сынға алып, бұл жастардың тәрбиесіне кері әсер ететінін айтты. «Одан да, жастар облыс орталығындағы мәдениет ошақтарына барса, нұр үстіне нұр болар еді» деген ұсынысын да жеткізді. Ал «Жас ұрпақ», «Жас дәурен» үйлерінде де кітапхана қорының жұтаңдығы күн тәртібінде тұрғаны айтылып, мұндағы жастарды еңбекпен, тұрғын үймен қамту мәселелерінің дұрыс жолға қойылып жатқаны баяндалды. Бұл ретте тәрбиеленушілердің басым бөлігі әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрса, кейбірі демеушілер есебінен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозит ашып, болашақта пәтер алуға үміт артып отырғандарын айта кеткен жөн.

Жиында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық әрекеттерінің жайы да әңгіме арқауына айналды. Атап өтерлігі, облыста былтырғы жылмен салыстырғанда биыл жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық әрекеттері азайып келеді. Мәселен, өткен жылдың алғашқы тоғыз айында кәмелеттік жасқа толмағандар арасында 271 қылмыстық оқиға тіркелсе, биылғы тоғыз айдың көрсеткіші-193, яғни 28 пайызға азайғанын көрсетіп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова бұл көрсеткішке қарап, тоқмейілсуге болмайтынын айтып, әсіресе мектеп оқушыларының арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алу үшін қолдан келген барлық шараны жасау керектігін тапсырды.

 

Нұржайна ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31