Жасөспірімдер жағдайы алаңдатады

Кеше облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымованың төрағалық етуімен кәмелеттік жасқа толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, білім беру бөлімдерінің басшылары және ішкі істер саласының қызметкерлері қатысты. Отырыста жеткіншектер құқықтарының қорғалуы, арнайы түзету мекемелерінен босатылған жасөспірімдерді жұмыспен қамту мәселесінің шешілуі, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен және көлікпен қамтамасыз ету жағдайы, сондай-ақ патронаттық отбасыларында тәрбиеленіп жатқан ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жайы сөз болды.

Облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Александр Шнейдмюллер Екібастұз қаласындағы жасөспірімдер құқығының қорғалу барысын тексерген комиссия тобының жұмысын баяндады. Оның сөзіне қарағанда, кеншілер шаһарында жасөспірімдермен жұмыс жүргізуге баса мән берілуде. Олардың білім алуы мен бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін барлық мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандар арасында салауатты өмір салтын ұстану қағидасы қалыптасқан. Бұл мақсатта қалада 5 спорт мектебі, 14 балалар клубы жұмыс істейді. Мектеп инспекторлары жеткіншектерді қатаң бақылауға алып, қылмыстық әрекетке жол бермеуі үшін жұмыла жұмыс жасауда. Ал ыңғайсыз жағдайға тап болған балалар үшін сенім телефоны мен поштасы қызмет көрсетеді екен.

Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова екібастұздық жасөспірімдердің жай-күйі туралы айтылған мәліметтердің шикі екенін алға тартып, комиссия жұмысын әлі де жетілдіру керектігін айтты.

Бұдан кейін арнайы түзету мекемелерінен босатылған жасөспірімдерді жұмыспен қамту мәселесі талқыланды. Бұл жөнінде баяндаған Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Айым Қанафина бұзақы балалар түзету мекемелерінде қосымша білім алғанын, алайда оларды жұмыспен қамту мәселесі қиындық туғызып отырғанын жеткізді. Себебі, жұмыс берушілер мұндай балалардан бас тартатын көрінеді. Жиында тиісті мамандарға аталған мәселенің шешілу жолдарын басқаша қарастыру керектігі тапсырылды.

Отырыста сөз алған Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жасөспірімдердің құқықтарын қорғап, жағдайларын түзету үшін комиссия қатал әрі ширақ жұмыс жасау керектігін айтты. Себебі, жеткіншектер мәселесі жиі қаралып, осы бағытта қыруар жұмыстар атқарылса да, одан шығар нәтиже - мардымсыз. Мәселен, кейбір жасөспірімдерге барлық жағдай жасалса да бұрынғы әдетіне қайта басып, қылмыстық әрекеттерге бару фактілері жиі тіркелуде екен.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Хелуа Қашкенова Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы» туралы Заңына сәйкес, Павлодар қаласы мен Железинка ауданындағы патронаттық отбасыларында тәрбиеленіп жатқан ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы жөнінде сөз етті. Бүгінгі таңда Павлодар қаласында 16, ал Железинка ауданында 9 бала патронаттық отбасыларында тәрбиеленуде. Олардың жағдайы үнемі қадағаланып тұрады. Білім алуы үшін де мүмкіндіктер жасалған. Айталық, Железинка ауданындағы 6 бала әкім гранты бойынша білім алуда. Өкініштісі, отбасындағы ұрыс-керіс, басқа да бақытсыздық оқиғалар салдарынан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар көбеюде. Мәселен, тек қана Павлодар қаласында бір мыңнан астам осындай жағдайдағы бала бар екен.

Жиында 2011 жылы мектеп оқушыларын ыстық тамақпен және көлікпен қамтамасыз ету жағдайы жан-жақты талқыланды. Облыс бойынша ауылдық округтердегі балаларды тасымалдауға арналған жүзден астам автобус бар. Бұл көліктер мектепке бөлімшелерден немесе көрші ауылдардан қатынайтын оқушыларды толық қамтамасыз ете алмайды. Себебі, Ақтоғай, Май, Қашыр, Железинка аудандарының оқушылары үшін тағы да қосымша автобус қажет. Бірақ, 2011 жылға арналған бюджет жоспарында ауыл мектептеріне тасымалданатын оқушылар үшін көліктер сатып алу қарастырылмаған. Әйтсе де, аталған аудан әкімдерінің орынбасарлары мәселені шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Сондай-ақ облыстағы аз қамтамасыз етілген отбасыларының балалары 100 пайыз тегін тамақтанады. Жалпы, облыс көлемінде 25 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Алайда кейбір ауылдық округтердегі мектептерде асхана болмағандықтан, мәселе туындап отырғандығы айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова отырыста қарастырылған мәселелердің түйінін шешу керектігін айтып, тиісті тұлғаларға тапсырма берді.

Нұржайна ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30