«БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ-2020» - КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУДЫҢ ЗОР МҮМКІНДІГІ

Өткен жұма күні облыстық әкімдіктің кеңейтілген кеңесінің кезекті отырысы өтті. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев төрағалық еткен жиында бүгінгі күннің өзекті деген бес мәселесі талқыға түсті.

 

Әлі де баяулық байқалады

Алдымен аймақ басшысы кадрлық ауыс-түйістерге байланысты жуырда тағайындалған орынбасарларына жүктелген тікелей міндеттерді таныстырды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Р.Скляр бұрынғыша тұрғын үй шаруашылығы мәселелеріне жауапты болмақ. М.Оспановқа мемлекеттік үдемелі индустриялдық даму, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламаларына, экономика және қаржы мәселелеріне, тариф және баға саясаты, сондай-ақ «Атамекен» сияқты бизнес бағытындағы қоғамдық бірлестіктермен өзара байланыс, «Ертіс» ӘКК жұмысына жауапты болу міндеттері жүктелді. Ал М.Көбенов ауыл шаруашылығы және агрокешен мәселелерімен айналысады. Облыс басшысы бүгінгі күні бизнесті дамыту, индустриалдық-инновациялық даму бағдарламаларына елімізде ерекше мән беріліп жатқандықтан, осы мәселелерге жеке орынбасардың жауапты болғаны орынды деп тапқандарын мәлімдеді. Бұл бағытқа жауапты азамат орталықтағы билікпен тығыз байланыста болып, күрмеулі істерді жедел әрі сапалы шешуге күш салатын болады.

Дәл осы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының бүгінгі жай-күйі, жүзеге асырылу барысы кеңейтілген кеңестің талқысына түсті. Бағдарлама аясында қолға алынған аймақтағы жобалардың жай-жапсарын облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Қанат Шәбенов кеңірек баяндап берді. Оның мәлімдеуінше, биыл бұл бағытқа 657,3 млн. теңге бөлінген. Істің нәтижелі жүзеге асуы үшін ағымдағы жылы өңірлік үйлестіру кеңесі (ӨҮК) де құрылған. Бағдарлама аясында кәсіпкерлік нысандарын субсидиялау мақсатында облыс әкімдігі Экономикалық даму және сауда министрлігі (ЭДСМ), «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, екінші деңгейлі банктер арасында жан-жақты ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойған болатын. Алайда бүгінде аталмыш келісімдер өз деңгейінде орындалмай отыр. Мұны мақұлданған жобалар санынан байқау қиын емес. Сан түрлі кедергілер көлденең шығып, кәсіпкерлердің жеңілдікті несиеге қол жеткізуіне қолбайлау болып келеді.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша ӨҮК жалпы сомасы 646,9 млн. теңгені құрайтын 9 жобаны мақұлдап, министрлікке жіберген болатын. Осы жобалардың бесеуі министрлік тарапынан да қолдау тапқан. Дегенмен, оларды қаржыландыру ісінде «Даму» қоры және екінші деңгейлі банктер тарапынан кешеуілдету кедергілері кездесіп отырған көрінеді. Ал төрт жоба әлі де ЭДСМ-ге келісілуге жіберілген. Бұл жобалардың қажет құжаттары дайын болысымен, субсидиялау келісімшарттары жасалады.

Сервистік қызметтер шеңберінде бірқатар істің басы қайырылып, кәсіпкерлерге тиісті көмек көрсетілген. Аталмыш мақсатқа бағытталған 37,5 млн. теңгенің 69 пайызы игерілген. 756 кәсіпкерге қызмет көрсетіліп, әртүрлі жәрдем жасалды. Екінші бағыт бойынша да өтініштер түсіп жатқан көрінеді. Бүгінгі күні екінші деңгейлі банктерге (ЕДБ) жалпы сомасы 10,1 млрд. теңгенің 38 өтінімі түскен. Оның құны 4,6 млрд. теңгені құрайтын 4 жоба ҚР ЭДСМ-де бекітіліп, «Даму» қорына шартқа қол қою үшін жіберілген. Олардың бірі бойынша субсидиялау басталып кетсе, бірінің шарттары дайындалу үстінде, енді бірі ескертулерді түзеткеннен кейін барып, бір шешімін таппақ. Сонымен қатар, бұл бағытта 8 жоба банктердің бас кеңселерінде қаралып жатыр, деді Қ.Шәбенов. Өкінішке қарай, үшінші бағыт бойынша талапқа сай келетін кәсіпкерлер табылмаған. Бүгінде мамандар іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қ.Шәбенов бірінші бағыт бойынша тоғыз жоба да мақұлданып, жыл соңына дейін қаржыландыру басталса, қарастырылған қаржының 91 млн. теңгесін игеру мүмкін болады деген болжам жасады. Кепілді несие бойынша екі жоба оң шешім тапса, бөлінген қаржының 59 пайызы игеріледі деп күтіліп отыр. Ал сервистік қызметке қарастырылған қаржы жыл соңына дейін толық игеріледі дегенді мәлімдеді.

 

Қай тарап құлықсыз?

Істің баяу жүзеге асып жатқанына байланысты мамандар бірқатар кедергілердің барын алға тартты. Осы орайда бағдарлама талаптарына бірнеше рет өзгерістің енгізілуінен ҚР ЭДСМ және «Даму» қоры арасындағы ынтымақтастық келісімдерді, ЕДБ мен «Даму» арасындағы келісім-шарттарды қайта жасау жобалардың банктер мен қорда өту мерзімін созып жіберген. Демек, бизнес-жоспарларды да қайта жасауға мәжбүр болған. Мамандар бас банктер мен екінші деңгейлі банктерде, «Дамуда» жобаларды қарастыру мерзімінің тым ұзақтығын да жасырмады. Мерзімнің ұзақтығы кәсіпкерлер қолына қаржының дер кезінде тиюіне тежеу болып отыр. Мәселен, 4 жоба тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында ӨҮК бекітіліп, жіберілген. Ал субсидиялау төрт айдан кейін бір-ақ жүзеге асқан. Екі жоба бойынша қаржыландыру әлі күнге дейін басталған жоқ. Міне, осындай әуре-сарсаңнан шалдыққан кәсіпкерлер арасында бағдарламаға қатысудан бас тартуға бел буғандары да кездескен. Басқарма қызметкерлері кәсіпкерлермен келісімдер жасап, бастаған істі аяқтауға үгіттеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Бұл мәселелер бойынша министрлікке, вице-министр Е.Орынбаевқа хат жіберілген. Жобаларды қарастырудың мерзімін қысқарту жөнінде ұсыныс та жасалған. «Дамудың» бас кеңсесінде және банктерде жобаларды қарастырудың белгілі бір мерзімін бекіту тілегі айтылыпты. Жергілікті мамандар бұл мәселелер Үкімет немесе министрлік деңгейінде шешілуі тиіс деген пікірде. Хат жолданған, алайда әлі күнге дейін жауап жоқ. Бағдарламаның баяу жүзеге асуының тағы бір себебі - екінші деңгейлі банктердің белсенділігінің төмендігі, деді Қ.Шәбенов. Отырыста бұл қара тізімге іліккен бірқатар екінші деңгейлі банктердің өңіріміздегі филиалдары сынға алынды. Мамандардың айтуынша, банктер мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс істеуге мүлдем құлықсыз көрінеді. «Қазкоммерцбанк» облыстық филиалының қызметкерлері бұл пікірмен келіспейтіндерін айтып, өз уәжін алға тартты. Мұнда тек бір ғана жоба қарастырылып жатқан көрінеді. Мұны банк өкілі банктің құлықсыздығы емес, халықтың белсенділігінің төмендігімен байланыстырды. Олар талапқа сай өтініштерді неғұрлым жылдам қарастыруға дайын екендерін жеткізді.

Тағы бір кедергі, кепілді қамсыздандыру бойынша кепілдік мүлікті бағалаудың өте төмендігі, ауылдық елді мекендердегі мүліктерді қабылдамау сынды дүниелер болып отыр. Тіпті, кейбір банктер тәуелсіз компаниялардың мүлік бағаларынан бас тартып, өздерінің бағалаушыларын жіберуге дейін барған.

- Бұл бағдарламаның жыры кыркүйек айынан бері айтылып келеді, алайда мақұлданған жобалар тізімі еш көбейген емес. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының алғабасушылығы көңілге қонымсыз. Тұралаудан көз ашпады. Келісімдер бойынша мәселелердің түйіні тамыз айының ортасында шешілгенімен, банктер тарапынан кедергі көбейіп, алға жылжымай-ақ қойды. Шыны керек, бүгінде банктер алдымен өз бастарын ойлап әлек. Бизнес, қоғамды, жалпы тұрғындар жағдайын ойлап жатқандары жоқ. Бірақ мынаны ұмытпаған жөн: дағдарыс кезінде банктер тығырыққа тіреліп, мемлекеттен көмек сұрап, қол жайды. Мемлекет көмектесті. Сол жәрдемнің арқасында жағдайлары жақсарып, ауыздары майланды. Енді мемлекет банктерді халықтың жағдайын бірге көтеруге шақырғанда, банктер тағы да шалқайып, шабандық танытып отыр. Банк филиалдары директорларының есіне осыны салып, ұстанымдарын түбегейлі өзгерту керек. Бағдарламаға қатысушы тараптардың көбі қаржы неғұрлым кәсіпкердің қолына тез түсіп, игілікке жарағанға мүдделі. Неге екені белгісіз, әйтеуір, «Даму» қоры мен банктер ғана кері тартып тұр. Жобаларды айлап қарастырып, уақыт оздырып отыр, - деді аймақ басшысы Б.Сағынтаев.

Бағдарламаны жүзеге асыруда баяулықты сынға алған өңір басшысы жауапты орган өкілдерінен кешігу себептерін түсіндіруді талап етті. «Даму» қорының облыстағы өкілі алдағы уақытта бірқатар жағымды жаңалықтың барын жеткізді. Мәселен, «Гофротара» ЖШС көп ұзамай сарыла күткен жеңілдікті несиеге қол жеткізеді. Бірер күн бұрын осы жоба бойынша оң шешім қабылданыпты. Аймақ басшысы екі ай бұрын қабылдануына мүмкіндік болған жобаны сағыздай созғандарын сынады. Аймағымызда өзгелерден гөрі «Халық банкі» белсенділік танытып отырған көрінеді. Банк өкілдерінің мәлімдеуінше, бағдарлама аясында 11 өтініш түскен. Оның төртеуі - бірінші, ал жетеуі екінші бағыт бойынша қарастырылды. Алғашқысы бойынша екі жоба мақұлданып, қаржыландыру жуық арада басталады деп жоспарланып отыр. Екі жоба талапқа сай болмай шығыпты. Екінші бағыт бойынша екі жоба банктен мақұлданып, «Дамуға» жол тартқан. Аталмыш бағытта да екі өтініш талапқа сай болмағандықтан қанағаттандырылмаған. Қалғаны банктің құзырлы органына жіберілген. Бағдарламаға қатысушылар арасында мониторинг жүргізген банк қызметкерлері өтініштердің тек 6 пайызы ғана талапқа сай келетінін анықтаған. 94 пайызы сауда-саттық қызметтерін жүзеге асыратындар, әртүрлі қызмет көрсету мекемелері үлесінде. Сәйкесінше, бағдарлама шеңберінде көмек алуға сай келмейді. Сондықтан олар бағдарлама аясындағы кәсіпкерлік нысандар тізімі көбейтілсе деген ниет білдірді. Облыс әкімі аймақтың дамуына елеулі үлес қосатын бағдарлама төңірегіндегі ұсыныс-тілектер жинақталып, Үкімет пен министрлікке жіберілетінін жеткізді. Ол тиімді бастама тиісті деңгейде іске асып, шағын және орта бизнеске бағытталған қаржы өз жемісін береді деген сенім білдірді.

 

Қылмыстың көбі түнде орын алады

Бұдан кейін отырыстың ауаны құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына қарай ойысты. Облыс ішкі істер департаментінің бастығы Арман Оразалиев аймақтың құқық қорғау саласының жағдайымен, соңғы көрсеткіштерімен таныстырды. Оның мәліметтерінше, биыл кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас бағытындағы, сондай-ақ топтық қылмыс саны айтарлықтай азайған. Есесіне, қоғамдық орындарда тіркелетін қылмыстар өсімі байқалып отыр. Бірден 34 пайызға өсіпті. Оның ішінде көшеде орын алған қылмыс 23,5, ал мас күйінде жасалатын қылмыс 30 пайызға артқан. Департаменттің талдауы бойынша тіркелген барлық қылмыстың 31 пайызы қоғамдық орындарда жасалған. Бұл тізімде полиция қызметкерлері мүлдем қарастырылмаған көңіл көтеру орындары, білім беру мекемелері, дүкендер мен базарлар бар. Бұзақылар қылмыстың 57 пайыздан астамын түнгі уақта жүзеге асырады екен. Яғни, қылмыскерлер түн жамылып, ойдағыларын іске асыруға бейім. Осы жерде көшелердің жеткілікті түрде жарықтанбағаны да әккілерге қолайлы болып отыр, дейді департамент бастығы. Қылмыспен күрес тұрғысында бейнебақылау құрылғылары көмегінің зор екендігі айтылды. Бүгінде облыс орталығында 44 бейнекамера, бір мобильді станция жұмыс істейді. Бұл қаланың тек бестен бір бөлігін қамтуға мүмкіндік береді. Мамандар мұндай құрылғылар санын 150-ге жеткізу қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді деген сенімде. Осы камералардың көмегімен жыл басынан бері 43 қылмыстың басы ашылып, мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдар қатарын көбейту жұмыстары атқарылуда. Бүгінде облыста барлығы төрт мыңнан астам тұрғынды қамтыған 217 жасақ қалыптасқан. Қоғамдық тәртіпті қорғауда белсенділік танытқан 237 адам ынталандырылған. Бұл - белсенділік танытқандардың небәрі бес пайызы. Яғни, ішінен іріктеліп алынған. Мамандар белсенді тұрғындарды ынталандыру бағытына бөлінетін қаржы аздық етіп отырғанын бүгіп қалмады. Аймақ басшысы құқық бұзушылық көрсеткіштері бойынша төмендеу қарқыны бар, дегенмен, құқық қорғау органдарына қол ұшын беруден аянбау қажет, деді атқарушы билік өкілдеріне.

 

Әлеуметтік салада мәселе мол

Ауылдағы жұртшылық үшін маңызды мәселелердің бірі - таза ауыз сумен қамту. Аймақта ұзын саны 412 ауылдық елді мекен бар. Облыс табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік Бейсенқұловтың айтуынша, оның 341-інде ауыз су сапасы санитарлық нормаларға сай келеді. Қалған 71-і тиісті талаптан шықпайды. Аса күрделі жағдай Ақтоғай, Май, Ертіс, Лебяжі аудандарында, сондай-ақ Павлодар мен Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарында қалыптасқан. Баяндамашы 2008-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жағымды жаңалықтарды да тілге тиек етті. Осы бастама шеңберінде аймақтың 71 елді мекенінде ауыз су құрылғыларының нысандарын салу және қайта қалпына келтіру жоспарланса, соның 43 субъектісі игілікке берілген. Дегенмен, бірқатар елді мекендерде жоспарланған жұмыстар жүзеге аспаған. Облыс әкімі оның себептерін қалалар мен аудандар әкімдерінен білді. Олардың бірі жобалық-сметалық құжаттарының болмауынан келесі жылға ауыстырылса, енді бірі тұрғындардың қажеттілігіне сай өзге елді мекенмен алмастырылған. Биыл жыл соңына дейін бағдарлама аясында тағы алты нысан қолданысқа беріледі деп көзделіп отыр. Ал 11 нысан келесі жылға өтеді. С.Бейсенқұлов бүгінде ауыз су мәселесімен бес бірдей мемлекеттік орган және қала, аудан әкімдіктері айналысатынын айтты. Бес мекеме арасында құжаттардың арлы-берлі жүргенінен істің оңтайланып кетпегенін алға тартты. Керісінше, мәселені шешудің мерзімі ұзарып, жоспарды уақытында жүзеге асыруда кешігу орын алып отыр. Сондықтан бір бағдарламаны бір ғана мекеме назарда ұстап, оның сапалы іске асуына жауапты болса деген пікірін білдірді. Аймақ басшысы бұл мәселе алдағы уақытта қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар басқарма өкілдеріне алдағы жылдары жүзеге асатын ауыз су құрылғыларының жобалық-сметалық құжаттарын жасау құнын кешіктірмей есептеу керектігін тапсырды. Себебі бюджет бекітілмей тұрып, осы бағытқа қажетті қаржы көлемі белгілі болуы тиіс, деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.

Кеңейтілген кеңесте ауылдық елді мекендердің телефон байланысын дамыту және модернизациялау тұрғысындағы істер де пысықталды. Облыс елді мекендерінде барлығы 54 713 телефон нөмірі қолданыста. Бұл 100 тұрғынға шаққанда 20,2 телефонды құрайды. «Қазақтелеком» АҚ филиалы облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры А.Күзеков аймағымыз бұл көрсеткішпен елімізде ең бірінші орында екенін мәлімдеді. Жылдан жылға телефон байланысына қосылушы тұрғындар қатары артып келеді. 2008 жылдан бері аймақта CDMA 450 сымсыз байланыс желісін орнату жобасы жемісті жүзеге асып жатқаны айтылды. Сол жылы мұндай заманауи желілердің базалық станциялары Баянауыл, Тереңкөл, Ертіс, Успенка ауылдарында орнатылған. Аталмыш станциялар 83 елді мекенді қамтыған. 2009 жылы осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, 130 елді мекенді қамтуға мүмкіндік беретін 14 станция орнатылған. Атқарылған шаралардың нәтижесінде ескірген станциялар алынып тасталды. Алдағы айда сымсыз желінің 9 базалық станциясын орнату көзделіп отыр. Ауылдық жерлерде интернетті пайдаланушылар қатары да өсіп келе жатқаны байқалады, дейді мамандар. Аудан орталығынан шалғай орналасқан бірқатар елді мекенде жылдамдығы жоғары интернет байланысы орнатылған. Дегенмен, мамандардың пікірінше, мұндай мүмкіндікті әлі де арттыру қажет. Тағы бір айта кетерлігі, «Қазақтелеком» АҚ бір кездері «Байланыс индустриясы» ЖШС-мен айтарлықтай бәсекелестікте болса, қазіргі таңда әріптестік қарым-қатынасқа көшкен. Екеуара келісім-шарт та жасалыпты. Қос кәсіпорын бірлесе отырып, аймақта телефон байланысын, интернет желісін дамытуға күш салуда. Алдағы жылға жоспарлар да аз емес. Келесі жылы ауылдық байланыс телекоммуникациясының желілерін дамытуға инвестиция көлемі шамамен 416 млн. теңге мөлшерінде болады деп жоспарланып отыр. Облыс әкімі қос кәсіпорын әріптестігі тек сапаға кері әсер етпесе игі дегенді тілге тиек етті. Өйткені бәсекелестік болған жерде, сапа қатар жүретіні белгілі.

Отырыста ауылдағы пошталық қызметтің де бүгінгі жағдайы сөз болды. Мамандардың айтуынша, аймақта 81 маршрут пошталық қызметті жүзеге асырады. Өнімдер қоғамдық және арнайы көліктермен жеткізіледі. Келесі жылы қызмет сапасын арттыру үшін мобильді жеткізу қызметтерін қарастыру да көзделіп отыр. Бұл пошталық пункттер мүлдем жоқ елді мекендерге қызмет көрсету үшін қолға алынбақ. Заманға сай алға басуды көздеген «Қазпочта» АҚ банкоматтар орнату ісін де назарға алған. Бүгінгі күні облыс бойынша 9 банкомат орнатылса, келесі жылы оның қатары тағы 4 банкоматқа артпақ. Бұл салада күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Мәселен, бүгінде ауылдарда қызмет ететін 148 пошта байланысы бөлімшесінің тек 17-сі ғана жекеменшік ғимаратында орналасқан. Қалғаны жалға алынған әрі жылдар бойы күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген, ешбір техникалық талаптарға сай келмейтін көрінеді. Дегенмен, оған қарамастан пошталық қызметті автоматтандыру технологиялары қолданылуда. Бұл өз кезегінде пошталық байланыстың әртүрлі қызметтерін жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. «Қазпочта» АҚ Павлодар филиалы директорының міндетін атқарушы Динара Рамазанова алдағы бірнеше жылда табыс көлемін көбейтудің де тетіктері қарастырылып жатқанын жеткізді. Соның есебінен қызметкерлер жалақысын көтеру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда осы сала мамандарының орташа жалақысы 42 мың теңге болса, ауылдық пошташылардың еңбекақысы - 20 мың теңге. Алдағы жаңа жылдан бастап жалақыны 15 пайызға көтереміз, деді ол. Өкінішке қарай, аймақтың барлық елді мекендері почтальондармен қамтылмаған. Көптеген ауылдарда көршілес елді мекендердің почтальондары қызмет көрсетеді. 40-қа жуық елді мекенде пошта тасушылар мүлдем жоқ. Жергілікті мамандар бұл мәселені негіздеп, бас аппаратқа хат жібергендерін, қосымша қаржы қарастыруды сұрағандарын айтты. Негізінен, 40 ауылды пошта тасушылармен толық қамту үшін 22 млн. теңге қажет көрінеді. Аймақ басшысы Б.Сағынтаев жауапты азаматтарға аталмыш мәселені оңтайлы шешудің жолдарын қарастыруды тапсырды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29