Екібастұз қаласы
Өткен жыл елдің есінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуімен қалды. Жалпы, Барыс жылы берген береке-ырзықтан екібастұздықтар да кенде болған жоқ. Мәселен, Екібастұз өңірі бойынша еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген 12 жобаның 6 іске қосылды. Төртқұдық кенті тұрғындарының алдында былтыр атқарылған жұмыстар жайлы берген есебінде Екібастұз қаласының әкімі Александр Вербняк осындай инвестициялық жобалардың бірі Төртқұдық кен байыту комбинатының қайта жаңғыруы екендігін ерекше атап өтті.
Александр Федоровичтің есебінде аталған кейбір игі жаңалықтар, мәселен, жүкті әйелдерге қала қазынасынан берілетін жәрдемқаржының 5 мың теңгеден 7 мың теңгеге өсуі, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында әр ауылға 400 мың теңгеден қаржы бөлінетіндігі кент жұртшылығын бір серпілтіп тастады.
Қала әкімінің былтырғы есеп беру жиынында Төртқұдық ауылдық округіне қарасты Бозшакөл ауылының қариялары немерелерін орысша сыныпқа бергісі келмейтіндіктерін айтып, қазақ сыныбын ашуды өтінген еді. Ел тілегі орындалып, биыл бозшакөлдік балдырғандар алғаш «Әліппемен» сауат ашты. Былтырғы жиында көтерілген тағы бір мәселе Бозшакөлдегі негізгі жылу жүйесінің және орталық қазандықтың ғимараты мен құрал-жабдықтарының тозғандығы болса, биыл осы мақсаттарға 13 млн. теңге қарастырылған. Сонымен қатар, Төртқұдықтағы КБМ-нің мембрандық жүйесін ауыстыру туралы өтініш те жерде қалмай, қалалық бюджеттен сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыруға 3551,0 мың теңге, соның ішінде КБМ жөндеуге 2500,0 мың теңге бөлініпті.
Кездесуде жергілікті алтын өндіретін комбинаттың жергілікті ортаға тигізіп отырған зияндылығы мен өз жұмыскерлерінің жағдайын жасамай отырғаны жайында тұрғындар шағым айтты. Шаһар басшысы бұл жайтқа байланысты тұрғындардан жазбаша түрде хат күтетінін жеткізді. Кездесуге қатысып отырған комбинат басшысы сөз болған мәселелердің барлығын алдағы уақытта шешемін деп уәде етті.
112-разъезд тұрғыны, зейнеткер Геннадий Чернышев болса өзімен кезінде аралас-құралас болған, қазірде бақилық болған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұмыт болып бара жатқанына қынжылыс білдіріп, «Ардагерлер ерлігін жас ұрпаққа паш етіп тұратын құрмет тақтасы және ескерткіш орнатылса» деген ұсынысын жеткізді. Қария, сонымен қатар, бірнеше жыл бойы ауызсу тапшылығын көрген разъезд тұрғындары округ әкімінің табандылығының арқасында таза суға қол жеткізгенін ризашылықпен атады.
Ж.ҚАДЫРОВА.
Ақсу қаласы
Сарышығанақ, Қызылжар және Жолқұдық ауылдарында өткен қала әкімінің есеп беру кездесулеріне облыс зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық филиалы директорының орынбасары Б.Смағұлова қатысты.
Сарышығанақ ауылында бүгінде 191 аула бар және мұнда 740 адам тұрады. Сарышығанақ ауылдық округінің аумағында үш елді мекен Сарышығанақ, Жаңашаруа және Суаткөл орналасқан.
Қала әкімі Оразгелді Қайыргелдинов баяндамасында аталмыш ауылда мал басы көбейгенін, жергілікті мектепте жылу жүйесі жөнделгенін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан өткен жылы көтерілген ауылды телефонмен қамту мәселесі оң шешімін тапты. Ал таяуда болған қуанышты оқиға - Сарышығанақ ауылдық округінде жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылғаны. Бұл игілікті іске ауыл тұрғындары шексіз риза. Екі шағын ауылдан 35 оқушы автобуспен тасымалданады. Бұған да ата-аналар рахметтерін айтып жатты.
Сонымен қатар, қала әкімі ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру мәселелеріне тоқталып өтті. Бұл жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын табатын болады, - деді Оразгелді Қайыргелдинов. Телефон байланысы сапасын жақсарту, кіреберіс жолды жөндеу төңірегінде әңгіме қозғалды. Суаткөл ауылындағы бастауыш мектептің төбесіне жөндеу жұмысы керектігі жөнінде осы мектептің меңгерушісі Мақсұт Қабдылов сөз етті. Қойылған мәселелер бойынша тиісті шаралар жүргізілетініне уәде берілді.
Ауыл ақсақалдары, мұғалімдер, дәрігерлер, зейнеткерлер шаһар басшысының жұмысына оң бағасын берді.
Қызылжарлықтар тарапынан өткен жылы көтерілген Павлодар қаласына автобус маршрутын ашу туралы мәселе бүгінде шешілгені үшін ауыл тұрғындары қала әкіміне алғыстарын білдірді. Енді Ақсу қаласына қатынайтын автобус маршрутын шешуді қараймыз, - деді Оразгелді Қайыргелдинов.
Жолқұдық ауылының тұрғындары мектептегі жылу жүйесі жөндеуден өткені, дәріханалардың ашылғаны, балаларды кіші ауылдардан үздіксіз тасымалдағаны үшін рахметтерін айтты.
Ауылдағы шаруа қожалықтарын бір ірі шаруашылыққа біріктіру жөнінде ұсыныс болды. Қала әкімі айтылған мәселені құптап, ол келешекте оң шешімін табатынына сенім білдірді.
Соңында қала әкімінің қорытынды есеп беру кездесуіне үш ауылдан делегаттар сайланды.
С.САҒЫНАЙ.
Павлодар ауданы
Аудан әкімі Төлеген Бастенов аудандық мәслихаттың кеңейтілген 24-інші сессиясында өткен жылы қол жеткен табыстар мен атқарылған істер туралы қорытынды есеп берді. Осы жылға жоспарланған игілікті шаралар жөнінде хабардар етті.
Өз баяндамасында Төлеген Қаратайұлы Павлодар ауданының еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып отырғанын атап өтті. Оған былтырғы жетістіктер дәлел болады. Жыл қорытындысы бойынша Павлодар ауданы облыс көлемінде бірінші орынды, республика бойынша 7-інші орынды иеленді. «Бұл жерде аудан еңбеккерлерінің аянбай тер төккенін атап өткеніміз жөн» деді Т.Бастенов.
2010 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 11 млрд. теңгені құрады. Жалпы егістік алқабы 134,4 мың гектарға жетті. Барлығы 3460 тонна астық жиналып, 44 мың тонна көкөніс, 52 мың тонна картоп алынды. Мал шаруашылығы бойынша 7,5 мың тонна ет, 39,6 мың тонна сүт, 5,6 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Төрт түліктің өскені байқалады.
Өткен жылы Үкімет қолдауының нәтижесінде шаруашылықтардың тасы өрге домалады. Олардың басты мақсаты – аймақ халқын азық-түлікпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету. Сондықтан ауданда асыл тұқымды мал санын көбейтуге баса көңіл бөлінуде. Бүгінде аудан бойынша жеті асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Қазақтың ақ бас сиыры мен симментал тұқымды түліктер, асыл тұқымды қойлар өсіретін «Киров» ЖШС, «Луганск» өндірістік кооперативі, «Болат» шаруа қожалығы, «Жаңа қала», «Маяк», «Ауыл Ту» шаруа қожалықтары бар. Биыл мұндай мәртебеге «Восток» және «Сұлтан» ШҚ да қол жеткізеді деп күтілуде.
Көкөніс сақтау мәселесіне де баса назар аударылуда. Биылғы жылы «Эльдар» шаруа қожалығы 3 мың тонналық қойманы іске қосып, «БК-сельхоз» ЖШС шағын жылыжай салу жобасын жүзеге асырады. Черноярка ауылдық округінің шаруашылықтары бірлесіп 14 800 тонналық көкөніс қоймасын салуды жоспарлаған. «Тоғас» шаруа қожалығы болса, былтыр қолға алынған 930 бас малға арналған сүт фермасын құру жобасын одан әрі жалғастырып, 800 гектар суармалы алқапты қайта қалпына келтіруге кіріспек. Басқа да шаруашылықтар дамуды көздейтін жобаларын жүзеге асырады.
Бүгінде Павлодар ауданында 14 наубайхана жұмыс істейді. Президент Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында шағын несие беру тапсырылғанын атап өткен аудан әкімі тұрғындар арасында насихат жұмысын жүргізуді тапсырды.
Р.МҰСТАФИНА.
Ертіс ауданы
Аудан әкімі Владимир Левченконың тұрғындармен есептік кездесуі Тоқта, Қосағаш ауылдарында өтті. Шараға облыстық діни істер жөніндегі департамент бастығы Д.Зәкариянов қатысты. Аталмыш ауылдар бүгінде еңсесін тіктеп, күн санап көркейіп келе жатқан елді мекендердің қатарында. Әлеуметтік нысандар бой түзеп, тұрғындар игілігіне қызмет етуде. В.Левченко ауданның бүгінгі даму қарқыны жайын сөз етті. Сондай-ақ алда тұрған мақсаттарға тоқталды. Тоқта ауылының тұрғыны Ж.Загитов телефон байланысы сапасының нашарлығын атап өтті. Аудан басшысы бұл кемшілікті түзету үшін тиісті шаралардың қолданылатынын жеткізді. Ауыл ақсақалы С.Темірханов тұрғындар атынан алғысын білдірді.
Қосағаштықтар бірқатар мәселе көтерді. Атап айтар болсақ, ауылда электр сымдарын ретке келтіру қажет. «Дауыл» ЖШС-нің өкілі Ж.Әбдірахмановтың айтуына қарағанда, аталмыш электр желілерінің сымдары жерге түсіп тұрған көрінеді. Бұл – өте қауіпті. Ал ауыл тұрғыны Е.Бұлтықов малдың жайылымдық жерлерінің тозып кеткендігін жеткізді. Аудан әкімі айтылған барлық кемшіліктер түзетіледі деп уәде берді.
Қ.ЖАРАСОВА.
Баянауыл ауданы
Баянауыл ауданының әкімі Ернұр Айткеновтің ауылдық округтердегі есептік кездесулері тәмамдалуға жақын. Жақында аудан басшысы Жаңатілек және Қаратомар ауылдық округтерінде болып, тұрғындар алдында есеп берді.
Аудан әкімі алдымен ауылдықтар алдында 2010 жылы өңірде атқарылған іс-шаралар туралы есепті баяндама жасады. Өткен жылдың игіліктеріне тоқталып, жетістіктер мен табыстарды атап өтті.
Жиын кезінде ауыл тұрғындары өңір басшысына өздерін толғандырып жүрген мәселелері бойынша сауалдарын қойды.
Қойылған сұрақтардың көбі әлеуметтік салаға қатысты болды. Соның ішіндегі негізгісі Қарашат-Жайма бағыты бойынша аудандық маңыздағы жолды жөндеу мәселесі. Аудан әкімі бұл бағыттағы көлік жолында биылғы жылдан бастап жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді.
М.ҚАПАНҰЛЫ.
Ақтоғай ауданы
Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аудан әкімі Жұмагелді Қожановтың тұрғындармен қорытынды есептік кездесуі өтті. Шараға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Қасенов қатысты. Жергілікті мемлекеттік орган басшылары, ауыл әкімдері, тұрғындар жиналды. Аудан басшысы өткен жылы өңірде атқарылған жұмыстарды атап өтті. Болашаққа бағытталған игі бастамаларға тоқталды. Шара барысында ауданның әрбір ауылдық елді мекендегі есептік кездесулер барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер қорытындыланды. Олардың қатарында жол жөндеу, ауызсу, ұялы байланыс сапасының нашарлығы сияқты мәселелер бар. Ж.Қожанов аталған мәселелер бойынша нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді.
Ж.ТІЛЕУҒАБЫЛҰЛЫ.
Железинка ауданы
Аудан әкімі Жанат Шұғаев Железинка ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Шараға Павлодар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бақыт Сүйенов қатысты. Жиынға келгендерге өткен жылы елді мекен бойынша атқарылған жұмыстар туралы бейнекөрініс көрсетіліп, өлкенің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы мәлімет берілді. Жанат Рәшитұлы өткен жылы тұрғындар тарапынан айтылған 37 ұсыныс-пікірдің 33-і орындалғанын тілге тиек етті. Былтыр аудан тұрғындарының ұсынысымен балалар мен жасөспірімдерге арналған хоккей корты мен Жаңа жұлдыз ауылдық мектебіндегі шағын орталықта екі топ ашылған болатын. 36 миллион теңге қаржыға аудан орталығындағы жылу жүйелері күрделі жөндеуден өтті. Ауылдық округтің көшелерін аббаттандыру бойынша да бірқатар жұмыстар қолға алынды.
Былтыр мемлекет қолдауымен ауданның егін және мал шаруашылығында 5 миллиард 994 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Алдағы уақытта Башмашы ауылында шикізат өңдейтін кәсіпорынның іске қосылуына байланысты қосымша жұмыс орындары ашылып, асыл тұқымды мал өсіру ісі қолға алынбақ. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша жекелеген инвесторлар тартылып, аудан аймағында кезең-кезеңмен іске асырылатын суармалы алқаптар жобасы жобалануда.
Кездесу кезінде тұрғындар көшелер мен орталықтағы ғимараттардың тазалығы, аудан орталығындағы №1 мектептің сыртына әрлеу жұмыстарын жүргізу, маршруттық автобустардың қызметі және тағы да басқа мәселелер төңірегінде бірқатар ұсыныс-тілектерін айтты.
М.МҰХАМЕТ.
Лебяжі ауданы
Аудан басшысы Серік Әпсалықовтың кезекті есептік кездесуі Қызыләскер ауылдық округінде өтті. Округке қарасты Черное ауылының мәдениет үйінде болған шараға Павлодар облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментінің бастығы Гүлбарам Науразбаева қатысты.
Ауылдық округке қарасты Шабар, Шәмші және Қарақала ауылдары үшін өткен жыл табысты болды. Өлкеде ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау салаларында көптеген жұмыстар атқарылып, халық игілігіне жарады. Өткен жылы Қарақала ауылында мал сою пункті мен Потанин атындағы жалпы орта білім беру мектебінің жанынан 50 орындық «Айгөлек» балабақшасы ашылды. Ауыл шаруашылығындағы қуантарлық жағдай – «Дәурен» шаруа қожалығында асыл тұқымды қой өсіру ісінің қолға алынғандығы. Жиналысқа келген ауылдықтар аудан басшысына алғыстарын білдіріп, игі істер осы жылы да жалғасын таба беруіне тілек білдірді.
А.ЕСІМХАНОВА.
Шарбақты ауданы
2010 жылдың жұмысын қорытындылаған аудан әкімі Сапаргелді Смағұловтың есептік кездесулер апта басында аяқталды.
Халық алдында қорытынды есеп берген аудан басшысы Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жөнінде баяндады. Бұдан соң аудандағы жағдайға тоқталды.
Өңір үшін өткен жыл табысты аяқталды. Жылдар бойы күрмеуі шешілмей келген түйінді мәселелер орындала бастады. Мәселен, Шалдай және Жаңаауыл ауылдарына интернет арқылы жұмыс істейтін IP телефондары орнатылды, тұрғындар отандық телеарнаны көруге мүмкіндік алды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Сонымен қатар, былтыр ауданда балабақша үлгісіндегі 8 шағын орталық ашылып, үш мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі халыққа ризашылығын білдіріп, Елбасының Жолдауына аудан тұрғындарының үлкен үміт артып отырғанын атап өтті. Себебі, биылғы Жолдауда білім беру саласын дамыту, соның ішінде жаңадан мектептер салу жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Шарбақты ауылының тұрғындары аудан орталығына жаңадан қазақ мектебін салу мәселесін соңғы 5-6 жыл бойы көтеріп келеді. Өкінішке қарай, бұл ұсыныс әлі шешімін тапқан жоқ. Қазіргі кезде Абай атындағы мектептің оқушылары екі кезекпен білім алады. Тағы бір атап өтерлігі, қазақ мектебіне баратын балалар саны да жылдан жылға өсіп келеді.
Д.ҚЫЗЫРҰЛЫ.
Успенка ауданы
Жақында Успенка ауданының әкімі Нұрлан Әутәліповтің халық алдында қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Оған облыс әкімінің бас инспекторы С.Бочаров, ауданға қарасты ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдері, мемлекеттік мекеме басшылары, мәслихат депутаттары және тұрғындар қатысты.
Алдымен кездесуге жиналған қауымның назарына өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстар, қол жеткен жетістіктер мен маңызды оқиғалардан сыр шертетін бейнекөрсетілім ұсынылды. Бұдан соң аудан әкімі Нұрлан Әутәліпов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында тындырылған істер жөнінде баяндама жасады. Атап өтерлігі, ауданның жылдан-жылға гүлденіп, ондағы халық тұрмысының едәуір жақсарып келе жатқаны байқалады. Жалпы, былтырғы жыл аудан үшін толағай табыстарға толы болды. Мәселен, бүлдіршіндер игілігі үшін оннан астам мектепке дейінгі мекемелердің тұсауы кесілді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында да бірқатар бизнес құрылымдары ашылды.
Жиын барысында аудан басшысы тұрғындарды алдағы уақытта жүзеге асатын өңірлік бағдарламаның мақсат-міндеттерімен де таныстырды.
Кездесуге келген успенкалықтар аудан әкімінің 2010 жылғы жұмысына оң баға беріп, биылғы жылдың да жемісті өтуіне тілектес екендерін жеткізді.
Н.ШОДЫР.

