Кеше Естай атындағы Павлодар қалалық мәдениет сарайында облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев аймақтың аудан-қалаларының жұртшылық өкілдерімен есептік кездесу өткізді. Есептік кездесуге ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ермек Жұмабаев пен Жақай Нұрғалиев қатысты. Жиынға жалпы саны 900 адам келді. Облыс басшысы өткен жылы тындырылған толағай істер мен қол жеткен табыстар туралы кеңінен баяндап, сонымен бірге, осы жылға жоспарланған ауқымды жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі әңгімеледі. Алдағы уақытта атқарылатын маңызды істер Елбасы Жолдауында айтылған бағыттар бойынша жүзеге асырылады, деді Б.Сағынтаев. Кездесу барысында тұрғындар аймақ басшысына көкейдегі сауалдарын жолдап, оларға тұшымды әрі толық жауаптар алды. Онлайн желісіндегі бейнебайланыс арқылы аймақ басшысына Екібастұз қаласы мен Успенка, Лебяжі аудандарының азаматтары да сұрақ қоюға мүмкіндік алды.
2010 ЖЫЛ ЭКОНОМИКАНЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ КЕЗЕҢІ БОЛДЫ
Биылғы жыл барша қазақстандықтар үшін тарихи оқиғаларға ұласып, бірлігі мен ынтымағы жарасқан жас мемлекетіміз өзінің қарқынды дамуға бағыт алуында жаңа кезеңге аяқ басты. Бақытжан Әбдірұлы халықтың Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты стратегиялық маңызды Жолдауынан үлкен әсер алып, кемел келешекке белгіленген маңызды істерді шын ниеттерімен қолдайтынын атап өтті.
Өткен жыл еліміздің еңсесін көтеріп, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түскен табысты жыл болды. Айбынды Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығы абыроймен аталып, Елордамыз мүшелге толды, еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрелік етті, бейбітшілік белдеуінде зор мәнге ие болған Астана Саммитін жоғары деңгейде өткізді.
- Өздеріңіз білетіндей, жақында Астанада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезекті 13 съезі өтіп, онда ел Президенттігіне қазіргі партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты кандидат ретінде ұсыну маңызды қадам болды. Мемлекет басшысы алдағы сайлауға қатысуға келісімін бере отырып, күш-қуаты жеткенше халықтың тілегін орындауға әрдайым дайын екенін айрықша айтты,-деді Б.Сағынтаев. – Бүгінгі есептік кездесу Елбасының биылғы Жолдауын талқылау кезеңінде өтуде. Маңызды құжатта мемлекет ішіндегі әлеуметтік бағытты дамытуға баса назар аударылған. Еліміздегі жеделдетілген экономикалық жаңғыртулар – отандық өнімдердің әлемдік деңгейдегі сұранысқа ие болып, Қазақстанның қуатты мемлекетке айналуының кепілі. Ал денсаулық сақтау, білім беру, тілдерді дамыту мен жұмыспен қамту сынды әлеуметтік жаңғыртулар әл-ауқатымызды арттырып, бірлігі жарасқан берекелі елдің ырысын одан әрі ұлғайтуға жол ашуда. Ең бастысы - біз Жолдау арқылы алдымызға айқын мақсаттар мен міндеттер қойып, нақты шараларды белгіледік. Атқарылатын жұмыстардың барлығы да ел игілігіне бағытталып, тиісті нәтижесін берері даусыз. Жолдау жемісі – халықтың жеңісі. Биылғы Жолдаудан бастау алған Елбасымыздың тапсырмалары алдымыздағы міндеттерімізді айқындап, жігер берері сөзсіз. Есепті жыл кезеңі бойынша облысымыздың барлық деңгейлі әкімдері халық алдында жылдық есептерін беріп өтті. Мұндай шара - жергілікті басшыларға жүктелген зор міндет.
Бүгін, міне, Сіздермен бірге жалпы аймақта атқарылған жұмыстарды жүйелеп, өткен жылды қорытындылап отырмыз. Облысымызда үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында атқарған жұмыстар арқылы оң нәтижелерге қол жеткіздік. Орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға, әлеуметтік салаларды дамытуға бар күш-жігерімізді салдық. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында облысымыз 2010 жылды жоғары көрсеткіштермен аяқтады.
2010 жыл экономиканы қалпына келтіру жылы ретінде танылды. Біздің облыс экономикалық тұрақтылық жағынан өз ерекшеліктерін айқын көрсетті. Көптеген макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша аймағымыз дағдарысқа дейінгі кезеңдерді бағындырып қана қоймай, басып озды, бұл ретте өнеркәсіп саласында қомақты табыстарға қол жеткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр жаппай еліміз бойынша жүзеге аса бастаған үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде аймағымыз республикада көшбасшылыққа шықты. Индустрияландыру картасына енген 67 жобаның 30-ы өткен жылы іске қосылды. Олардың жалпы құны 102 миллиард теңгені құрайды. Мұндай шамадағы серпінді жобалардың бір жыл уақыт ішінде қосылуы біздің облыста алғашқы рет орын алып отыр.
Былтыр электролиз зауытының екінші кезегі ел Президентінің тікелей қатысуымен пайдалануға берілсе, «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» жалпыұлттық телекөпірлер барысында үш бірдей жаңа жобаның тұсауы кесілді. Олар – Ақсу ферроқорыпта зауытындағы агломерат цехы, Екібастұздағы жүк вагондарын шығаратын зауыт және «Каустик» АҚ негізінде дүниеге келген хлор мен каустикалық соданы мембрандық әдіспен өндіретін кәсіпорын. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласында екі бірдей жоба іске қосылды. Ақтоғай ауданындағы «Ақтоғай-Агро» ЖШС-де ашылған жалпы сыйымдылығы 8,5 мың тонна көкөніс қоймасы облыстағы көкөніс сақтау мәселесін біраз жеңілдетіп тастағаны анық.
- Өндірістерді жаңадан құру және жұмыс істеп тұрғандарын модернизациядан өткізу бізге индустрияландырудың негізгі индикаторы – еңбек өнімділігін ұлғайтуға мүмкіндік береді,-деп атап өтті Бақытжан Әбдірұлы. - Өткен жылы өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 1,6 есеге өсіп, бір жұмыскер үшін ол 13 миллион теңгені құрады. Нәтижесінде инвестиция көлемі артып қана қоймай, экспорттық әлеуетіміз арта түсті. 2009 жылмен салыстырғанда былтыр өнеркәсіп өндірісі 12 пайызға өсті.
Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы былтыр өмірге келген кедендік одақ отандық тауар өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Тек қана жарты жыл уақыт ішінде аталған қос мемлекетпен арадағы тауар айналымы 68 пайызға өсті. Облыста тауарларды, жұмыс пен қызметтерді сатып алудағы қазақстандық мазмұнды ұлғайту мәселесі басым бағыттардың қатарынан саналады. Былтыр үлесті арттырудағы ниеттестік шараларының көлемі алдын ала жасалған жоспардан екі есеге асып түсіп, кәсіпорындар арасында 444 миллиард теңгеге 5939 келісімшарт жасалды. Мәселен, «ФорматМашКомпани» ЖШС «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясына 1 миллиард теңгенің қажеттіліктерін жеткізіп берді.
Тұтас елімізде ғана емес, біздің өңірде де бизнес құрылымдарының жаңаруына септігін тигізген «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде 657 миллион теңге қаражат бөлінді. 11 жоба мақұлданып, олардың несиелік құны 1 миллиард теңгеден асты. Қазіргі күні аймақта 60-тан астам жоба екінші деңгейлі банктердің қарауында. Былтырғы жыл бұл бағдарлама үшін пилоттық кезең болды, биыл ол белсендірек бола түседі. Осыған орай, бағдарламаға қатысушылардан, әсіресе, кәсіпкерлерден үйлесімді жұмыстардың нәтижесін күтеміз, деді аймақ басшысы.
Бақытжан Әбдірұлы агроөнеркәсіп кешеніндегі барлық әрекеттер Мемлекет басшысымен алға қойылған маңызды тапсырма – елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айрықша атап өтті. Құрғақшылықтың орын алуынан диқандар небәрі 232 мың тонна астық жинады. Бірақ, соған қарамастан, мемлекетке қажетті астық тапсырылып, тұқым мен азық өнімдері керегінше қамтамасыз етілді. Өңірде мал басының тұрақты өсуі байқалады. Үкімет тапсырмасы бойынша ет өңдеу кәсіпорындарын сапалы өніммен қамтамасыз ету әрі малда кездесетін індеттердің алдын алу мақсатында аймақта жаңадан 102 мал соятын орын салынды. Былтырға дейін облыстағы ондай нысандардың саны небәрі 33 қана болатын.
Алайда өңір бойынша қажетінше жабдықталған мал сою алаңдарының жетіспеушілігі байқалады. Алаңдармен қамтылу көрсеткіші Ақсу ауылдық аймағы мен Май ауданында 81,8, Железинкада – 91,7 Шарбақтыда 93,3 пайызды құрайды. Бұл – жергілікті әкімдердің жеткілікті жұмыс жүргізбей отырғанының көрінісі, деп баға берді аймақ басшысы. Былтырғы жылы ветеринарлық инспекция қызметкерлерінің өз міндеттеріне немқұрайды қарауынан, сондай-ақ Ақсу қаласы әкімдігі тарапынан қажетті бақылаудың болмауы салдарынан Жолқұдық ауылдық округінде сібір жарасы індеті таралды. Соның салдарынан адам шығыны орын алды. Мұндай келеңсіз оқиға алдағы уақытта қайталанбауға тиіс. Облыс әкімі осыған байланысты әкімдерге маусымдық кезең басында барлық мамандандырылған 38 мал сою пункті мен алаңдардың құрылысын аяқтауды тапсырды.
Аймақ басшысы тамақ өнеркәсібі өндірісі айтарлықтай қарқынмен өсуде екенін, азық өнімдерін шығару көлемі есептік кезеңде 2009 жылмен салыстырғанда 14 пайызға артқанын сөз етті. Өңдеу өнеркәсібінде жаңадан 15 нысан тұрғызылды. Осы ретте ауыл шаруашылығы саласы бойынша жаңа жобаларды іске қосуға әкімдердің барлығы белсенді әрекет етіп отырмағанын атап өткен абзал. Өткен жылы Қашыр, Шарбақты, Лебяжі аудандарында ешбір өзгеріс орын алмады, ал 2011 жылға бастама көтергендер арасында Ақтоғай, Успенка, Ертіс және тағы Қашыр ауданы жоқ. Аудандардағы инвестициялық белсенділік қазына қаражаты есебінен ғана ұсталып тұр. Көптеген әкімдер өзі жауапты өңірдің экономикасына инвестиция тарту мәселесімен айналысудан қалған.
-Мұндай тәжірибені тоқтату керек. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне өз аумақтарындағы агроөнеркәсіп кешенінде осы жылы кем дегенде екі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды міндеттеймін,-деді Бақытжан Әбдірұлы.
Аймақтағы әлеуметтік саланы қаржыландыру былтыр 3 миллиард теңгеге артты. Мемлекет тарапынан берілетін көмек түрлері, жеңілдіктер, жәрдемақылар толықтай төленді. Облыс әкімі тағайындаған грант бойынша аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 557 студент жоғары оқу орындарында білім алуда. Ауылға жұмыс істеуге барған жас мамандарға көтермеақы төлеу өз кезегінде жүзеге асуда. Ауылдық жерден үй сатып алуы үшін бүгінге дейін 203 маманға республикалық бюджет есебінен несиелер берілді. Жеке үй-жайларын дамытуы үшін 286 отбасына былтыр 27 миллион теңге өтеусіз қаражат берілді. Нәтижесінде аз қамтылған отбасылардың саны 30 пайызға азайтылды. Екінші жыл қатарынан жалғасын тапқан «Жол картасы» бағдарламасы мен еңбек нарығындағы белсенді әрекеттер аясында жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызға дейін төмендетілді. Бұл – соңғы төрт жылдағы ең төменгі көрсеткіш. 175 әлеуметтік нысан «Жол картасы» бағдарламасының жемісін көрді.
«Балапан» ел Президентінің бағдарламасы былтыр ел бойынша басталғаны белгілі. Өңірде жыл бойына 14 балабақша қайта қалпына келтіріліп, жұмыс істеп тұрған 5 балабақша мекемесі кеңейтілді, жүзден астам шағын орталық ашылды. Осылайша, өткен жылы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткіші 54,2-ден 77,2 пайызға өсті. Республика бойынша орташа көрсеткіш 55 пайыз екенін ескерсек, бұл аймақтағы балабақша мәселесінің оң шешіліп келе жатқанын көрсетеді. Білім беру саласында жаңадан екі мектеп пайдалануға беріліп, Баянауылдағы 600 мектеп-интернат ішінен оқыту-сауықтыру лагері жұмыс істей бастады.
Былтыр жыл басынан жүзеге аса бастаған Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі өзінің тиімділігін байқатты. Күндізгі стационарда емделушілердің саны айтарлықтай өсті. Әлеуметтік маңызға ие туберкулез сырқаты 13, онкологиялық ісік аурулары 2 пайызға төмендеді. Сәби өлімі 28 пайызға азайса, ана өлімі екі жарым есеге төмендеді. Бұл жетістіктерге қол жеткізуде емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын нығайту, қаржыландыру көлемін ұлғайту аз роль ойнаған жоқ. Денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, медициналық замауани әдістер қолданысқа енгізіледі, деді облыс әкімі. 2010 жылдың соңында облысқа жылжымалы емхана сатып алынды. Алдағы уақытта ол шалғай орналасқан ауылдарға қызмет көрсетіп, білікті дәрігер мамандар ауылдарды аралайтыны тілге тиек етілді. Былтырғы жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай соғысқа қатысушыларға қажетті көмектер көрсетілгенін, ардагерлер үшін жылдың басты сыйлығы ретінде олардың игілігіне облыс орталығынан көпқабатты жаңа баспана табысталғаны ерекше аталып өтті. Ардагерлерге жасалатын көмек түрлері алдағы уақытта толықтай сақталады. Сондай-ақ, өткен жылы мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аяқталды. Оның барысында мыңдаған павлодарлық баспаналы болды.
Б.Сағынтаев ауылдардағы спорт пен мәдениетті жандандыру жұмыстарына өткен жылғы Президент Жолдауы бастама болғанын айтты. Аймақ басшысы былтыр өзінің 74 ауылдық округті аралап өткенін айтты. Мұндай сапарлардың мақсаты – ауыл тұрғындарының өмірімен кеңірек танысу, олардың көңіл-күйлерімен бөлісіп, мәселелерін жедел шешуге көмектесу болғанын сөз етті.
–Аталмыш сапарлар маған ауылдардағы жалпы көріністі тереңірек ұғуға және келешектерін болжауға мүмкіндік берді. Алыс елді мекендердегі жұртшылықтың қажеттіліктері туралы статистикалық мәліметтер мен есептерде ешқашан айтылған емес. Ауылда мәселе жеткілікті. Жұртшылықтың көбісі көлік жолдарының сын көтермейтінін, сапалы ауызсу мен дәріхана пункттерінің жоқтығын, телевизиялық көрсетілімдердің сапасыздығын айтқан болатын. Бұл мәселелердің барлығы ауыл өмірі үшін аса маңызды. Сондықтан мен осындай сапарлар соңынан барлық қалалар мен аудандар әкімдеріне өз аумақтарын дамытудың кешенді бағдарламаларын әзірлеп, қабылдауды тапсырдым. Жоспарлар тұрақты түрде жаңартылып отырады. Осы жылы елді мекендерді аралағанда аталмыш тапсырмалардың жүзеге асуын тексеретін боламын, - деді Бақытжан Әбдірұлы.
Облыс әкімінің тапсырмасымен былтыр 185 ауылда дәріхана пункттері ашылды, 262 елді мекенге қызмет көрсететін 14 жылжымалы дәріхана ұйымдастырылды. Осылайша ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.
Біздің өңір республикада бірінші болып ұлттық сандық спутниктік телетаратылымдар жобасын енгізді. Мемлекет басшысының қатысуымен болған тікелей телекөпірде спутниктік телекөрсетілім Шарбақты ауданы Шегірен ауылының қарт тұрғыны, 106 жастағы Қафиза Темешованың үйінде ресми түрде іске қосылды. Қазіргі күні жаңа жүйедегі спутниктік таратылым ауылдық жерлердегі 1600 үйге орнатылды. Жергілікті қазына қаражаты есебінен аз қамтылған 500 отбасының жүйеге тегін қосылатыны белгілі болды.
Өңір басшысы былтырғы ауылдарға сапарларында тұрғындар тарапынан жүзге жуық мәселе көтерілгенін, олардың кейбірі жергілікті атқарушы билік арқылы шешіле салуға мүмкін болғанын жеткізді. Ауылдықтардың ұсыныстары мен шағымдарына көңіл аудармаған жергілікті басшылықтың жұмысын қатаң сынға алды. Бұл жерде әр нәрсеге байыппен қарап, аталған мәселелерді жіті назарға алуды қалалар мен аудандар әкімдеріне тапсырды.
Өткен жыл қорытындыларына көз жүгіртер болсақ, мемлекет ішінде ел Президентінің басшылығымен жүзеге асқан реформалар біздің облыс экономикасына айтарлықтай қуат алып келді. Осыған орай әлеуметтік тұрақтылық сақталды. Ел экономикасында иеленген көшбасшылық орынды ешкімге бермейтініміз айқын. Биыл да ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жететінімізге сенім зор.
АЛДА – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауында 2015 жылға дейінгі ел алдында тұрған басым бағыттарды айқындап берді. Бұл - жедел экономикалық және әлеуметтік жаңғырту. Бақытжан Әбдірұлы алдағы уақытта Жолдау аясында атқарылатын шаруалар бес бағытты көздейтінін, олар – баға қалыптастыру, етті мал шаруашалығын дамыту, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жалғастыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен әлеуметтік жаңғырту шаралары екеніне тоқталды. Алғашқы қажеттіліктегі тауарларға байланысты жергілікті нарықтағы баға саясаты тұрақты назарда болады. Қазіргі күні инфляциялық үрдістерді тежеуді бақылау жөніндегі облыстық штаб жұмыс істейді, олар күнделікті мониторинг жүргізуде. Азық-түлік өнімдерін өндірушілермен, қайта өңдеуші және жеткізушілермен өзара пайдалы ынтымақтастық жөніндегі меморандумдар мен келісімдер жасалды. Көкөніс өнімдерінің тұрақтандыру қоры жасалды. Алты шаруашылық облыс орталығына көтерме бағамен картоп жеткізуде, бөлшек саудада оның келісі 91 теңгеден аспайды. Ал «Павлодарский» сервистік-дайындау орталығы өнімді 75 теңгеден босатуда. Былтыр жергілікті шаруалардың көбісі көршілес Ресей еліне картопты тиімді бағамен сатты. Бұл өз кезегінде аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге салдарын тигізбей қалған жоқ. Сондықтан өсімдік өсірушілер алдымен өз аймақтарының жағдайын ойлау керектігі, бұл міндетті қадағалау жергілікті әкімдерге жүктелетіні айтылды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолға алуымен биыл Черноярка алқабындағы суару жүйесі толыққанды жұмыс істейтін болады. Көкөніс сақтауға байланысты мәселе әлі де бар. Осы жылы аймақта жалпы сыйымдылығы 20 мың тоннаны құрайтын төрт қойма салынады деп күтілуде.
«2011 жылы етті мал шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударылады,- деді Б.Сағынтаев. 2016 жылға қарай ішкі нарықты және экспортты қамтамасыз ету үшін жылына 50 мың тонна ет өндіру қажет болады. Бұл үшін асыл тұқымды ірі қара малдың үлесін 8 пайызға арттырып, жуық уақытта өңірде 6 мал бордақылау алаңы құрылады деп жоспарлануда. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға биыл 2,6 миллиард теңге бөлінді. «Бізге агроөнеркәсіп кешені саласындағы жұмыстарды мықтап қолға алу қажет. Әсіресе, ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті өркендету бойынша жүйелі жұмыстар атқаруымыз керек. Ауылды өркендету жөнiнде алға қойылған мiндеттердi орындау парызы өңіріміздің барлық деңгейлі әкiмдерінің бiрлесiп, зор жауапкершiлiкпен жұмыс iстеуiн талап етедi. Ел дамуын ауылсыз елестету мүмкін емес. Елбасымыз айтқанындай: «Ауылдың амандығы - елдің амандығы».
Мемлекет басшысының 2020 жылы агрокешендегі еңбек өнімділігін екі есеге арттыру туралы тапсырмасын орындау үшін аймақ алдында ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, өсімдік шаруашылығының мүмкіндігін кеңейту, өндірістерді жаңарту мен инвестициялық жобаларды іске асыру міндеттері тұр. Осы салада биыл 18 жоба пайдалануға беріліп, 240 жаңа еңбек орны құрылды.
Ел экономикасын иундустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында биыл жалпы құны 61 миллиард теңге 30 жобаны өміршең ету көзделуде. Ал облыс бойынша жалпы саны 103 жоба іске асырылуда. Оның қатары әлі толыға түсуі мүмкін. Облыста құрылатын арнайы экономикалық аймақта келешекте тың бастамалар жүзеге асады деген сенімдемін, деді Б.Сағынтаев. Бұл ретте жергілікті билік шағын және орта бизнесті барынша қолдап отыр. Жеке кәсіпкерлікті дамытуға ел қазынасынан биыл 1 миллиардтан астам теңге бөлінді. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасындағы несиелік қолдау шараларынан басқа өңірдегі кәсіпкерлердің қазақстандық үлесті ұлғайтуға деген қызығушылықтарын арттыру бағытында жұмыстар жалғаса бермек.
Әлеуметтік жаңғырту бағытында тұрғындарды ауқымды игі істер күтіп тұр. Білікті кадрлардың қатарын көбейту мақсатында орта арнаулы оқу орындарындағы мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғаяды. «Балапан» бағдарламасы шеңберінде бүлдіршіндерді мектепке дейінгі қамту көрсеткішін 82 пайызға жеткізу көзделсе, орта білім беру саласында жаңадан мектептер бой көтереді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл облыс орталығында интеллектуалды мектептің құрылысы басталады. Жолдауда айтылған міндеттерге сәйкес, 2015 жылға дейін елімізде жаңадан кемінде 200 мектеп тұрғызылуы керек, бұл бағдарламаға біздің облыстан 19 мектеп құрылысы ұсынылып отыр. Сондай-ақ, Үкіметке 62 емдеу мекемесін салу туралы ұсыныс жіберілді. Мақұлданған жобалар республика бюджеті арқылы, қалғаны жергілікті қазына қаражаты есебінен тұрғызылады.
Жуықта қабылданған «Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасына біздің облыстан 23,5 мың жұмыссыз және 98 мың өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат қатыса алады. Онда аталған үш бағыт бойынша жүйелі шаралар іске асады. Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы аясында биыл облыста 7 мың тұрғынға еңбек тауып береміз. Біздің өңірден жаңа бағдарламаға қатысушы 640 адам кәсіпкерлік негіздерінен алдын ала оқудан өтіп, өз істерін ашу үшін 5 жыл мерзімге 3 миллион теңгеден көп емес шағын несие алу мүмкіндігі бар.
Ел Президентінің тапсырмасымен Үкімет қазірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру бағдарламасын әзірлеуде. Бағдарламаға сәйкес, 2020 жылға дейін облыстағы тозығы жеткен желілер толығымен қайта құрылып, жаңғыртылады. Тек биыл ғана 10 инвестицялық жоба іске асырылады. Сондай-ақ, республикалық бағдарламаға жалпы құны 1,87 миллиард теңгені құрайтын төрт жоба ұсынылды. Су, жылу және электр жарығымен қамту салаларында айтарлықтай реформалар жасалады. 2020 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 360 миллиард теңге инвестиция салынады деп болжануда. Бұл салада жүзеге асатын жұмыстар айрықша бақылауда болады.
Мемлекет ішінде өміршең етілетін «Ақ бұлақ» бағдарламасында көзделген жұмыстар бойынша өңірде сапалы ауызсумен қамту деңгейі жоғарылап, 2020 жылы орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосылған ауылдық елді мекендер 80 пайызды құрайды делініп отыр. Бақытжан Әбдірұлы бұл мәселені тікелей өз бақылауыма аламын деді.
Баспанамен қамту мәселесі облыста өткір тұр. Тұрғын үй кезегіне тіркелгендер саны 9936 адамды құрайды. Биыл Павлодар қаласында екі, Екібастұзда бір жалгерлік негіздегі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 144 пәтерден тұратын баспана жыл соңына дейін тұрғындар игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Алайда бұл аталған жаңа үйлер мәселені шешпейді. Сондықтан биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесе отырып жаңа бағдарлама іске қосылады. Банкте бүгінге дейін қаражат жинап келген азаматтар пәтер сатып алу үшін жетпеген қаржыны банктен 5 пайыз мөлшерлемемен несиеге алады. Ал ақша жинамаған немесе алдын ала төлейтін жарнасы жоқ тұрғындарға банк жылдығы 10-12 пайыз мөлшерлемеде коммерциялық несие береді. Қазіргі күні облыста аталмыш мөлшерлемені жергілікті бюджет арқылы субсидиялау мәселесі қаралуда. Егер ол ешбір заңға қиғаш келмесе, коммерциялық несие мөлшерлемесінің тең жартысы қазына қаражатынан төленеді. Сонымен қатар, Индустрияландыру картасы бойынша жүзеге асатын жобаларда ауылды жерлерден келіп жұмыс істейтін жас мамандарға облыстың үш қаласында жалгерлік негіздегі баспаналар тұрғызылады. Мұндай баспаналарды салу мәселесінен жергілікті мүдделі кәсіпкерлер мен шаруашылық басшылықтары да шет қалмағаны абзал.
- Міне, былтырғы жылдың есебі осындай. Өткен жылға өкпеміз жоқ. Сіздермен бірге жеткен жетістіктеріміз де, атқарған істеріміз де аз емес. Алайда, мұнымен шектелуге болмайды. Алда әлі де асар асулар мен асыл мұраттар күтіп тұр. Жыл сайын жаңару мен жасампаздыққа бет алған еліміз үшін биылғы жылдың маңызы одан әрі арта бермек. Өркениетке қарыштаған еліміз әлемдік деңгейдегі белестерді бағындырып, мәртебесін асырып, бейбіт өмір сүрудің үлгісін жасап отырғанына баршамыз куәміз.
Жуырда ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жалпыхалықтық референдумнан бас тартып, кезектен тыс сайлау жариялауы – нағыз демократиялық қадамның озық үлгісін паш еткені баршамызға мәлім. Ағымдағы жылдың 3 сәуірінде өтетін кезектен тыс Президент сайлауы - бәріміз үшін маңызы зор саяси оқиға. Тәуелсіздік – бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған қастерлі ұғым. Бүгінгі күні өзін-өзі билеген ел атандық. Биік мақсаттар мен асқақ армандарға қол жеткіздік. Егеменді ел болғалы, біз бағындырған белестер - мемлекеттік саясаттың сындарлы жемісі, абыройлы ұлттың ұлы жеңісі. Бүгінгі күні тарих толқынына сан мәрте төтеп берген қайсар халқымыздың бет алған бағдары айқын. Ал «Бағыты дұрыс кеменің желі әрдайым оңынан туатыны» айдан анық.
Биылғы жыл «Бейбітшілік пен жасампаздыққа - 20 жыл» ұранымен өтеді. Ендігі мақсат – осы жолда баршамыз бір адамдай жұмылып, еліміздің ынтымағын нығайтып, ортақ мүддеге қызмет етуіміз керек. «Бүтін болса - ел жақсы» дейді ғой халқымыз. Ендеше, осы қағиданы негізге алып, бірлігімізді бекем, тірлігімізді көркем қылуға атсалысайық,- деп аяқтады баяндамасын облыс әкімі.
* * *
Бір атап өтерлігі, облыс әкімі Б.Сағынтаевтың жұртшылық алдындағы биылғы жылғы есебі ерекше форматта өрбіді. Бұрнағы жылдардағыдай дайындықпен келіп, алдын-ала жазылған мәтін бойынша жарыссөзге шыққан азаматтар болған жоқ. Аймақ басшысы баяндама соңынан бірден халықтың көкейінде жүрген сауалдарына жауап беруге көшті. Ал тұрғындар, өз кезегінде сұрақтарын еркін түрде қою мүмкіндігін иеленді. Бұл ретте, назарға іліккен мәселелердің қатарында балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтамасыз ету жұмысы да бар. Баянауыл ауданының тұрғыны А.Қасенов өткен жылы өңірде шағын орталықтардың көптеп ашылғандығын атап өтті. Алайда, соған қарамастан, ауданда балабақшаға деген сұраныс әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың биыл да жалғасатындығын жеткізді. Баянауыл ауданы бойынша бірқатар нақты бастамалар бар. Атап айтар болсақ, ондағы бұған дейін қолданыста болған бірқатар әлеуметтік нысандар бос тұрған көрінеді. Жақын болашақта аталмыш ғимараттарды балабақшаға ыңғайлап жабдықтау ісі қолға алынбақ.
Шара барысында өздерінің жеке бас мәселелерін де айта келген азаматтар болды. Солардың бірі - Павлодар қаласының тұрғыны Д.Сәдуақасова. Ол аймағымыздағы құқық қорғау органдары мен сот жүйесі жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. «Бұл айтқандарым дәлелді болуы үшін мына бір оқиғаны атап өткім келіп отыр. Өткен жылы Железинка ауданында тұратын ата-анама белгісіз біреулер қарақшылық шабуыл жасап, ұрып кетті. Онымен қоймай, ата-анамның маңдай терімен жинаған қаражатын қолды қылды. Күдіктілер ұсталды. Бірақ сот оларды айыпсыз деп тауып, бостандыққа жіберді. Естуімше, аймағымызда мұндай қарақшылық негіздегі қылмыстар соңғы кездері көбейіп келеді», - деді Д.Сәдуақасова. Облыс әкімі атқарушы билік өкілдерінің сот жұмысына араласа алмайтындығын атап өтіп, аймағымыздың құзырлы органдары басшылығына мұндай негіздегі заң бұзушылықтарды болдырмау шараларын қолға алып, бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.
Шаруа қожалықтары өкілдері тарапынан ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Мысалы, бүгінде мал өсіру ісімен айналысатын шағын кәсіпкерліктер үшін асыл тұқымды мал сатып алу қиынға түсіп отырса керек. Өз бетімен әрекет ету шаруаларды артық шығынға ұрындыруда. Сондықтан олар бұл бағыттағы жұмыс орталықтандырылған негізде, мысалы «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асырылса деген тілектерін білдіріп отыр. Сондай-ақ, кәсіпкерлер жайылымдық жерлерді үлестіру ісіне қатысты да мәселе көтерді. Аймақ басшысы өз орынбасары М.Көбеновке облысымыздың ірі шаруашылық қожалықтары басшыларының басын қосып, жоғарыда аталған мәселеге қатысты арнайы мәжіліс өткізуді тапсырды. «Егер ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері мұндай ұсынысты тиімді деп тапса, онда осы бағыт бойынша жұмыс істеуді қарастыруымыз қажет. Ал жайылымдық жерлерге келетін болсақ, бұл жұмысты аудан әкімдері өз бақылауларына алуы тиіс», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Шара барысында Екібастұз қаласы мен бірқатар аудандардың тұрғындары облыс әкіміне бейнебайланыс арқылы сауал қою мүмкіндігіне ие болды. Мысалы, тікелей желіге шыққан Екібастұз қаласының тұрғындары ауызсу мәселесін сөз етті. Қаладағы насосты су станциясының әбден ескіргендігін (1968 жылы іске қосылған) атап өткен олар, оны қайта қалпына келтіру жұмыстарына қол ұшын беруді сұрады. Жалпы, көмірлі шаһар тұрғындарын сумен қамтамасыз етуші нысандарды жөндеу жұмыстары 2009 жылы ауқымды түрде қолға алынған болатын. «Жол картасы» бойынша бастау алған игі шаралар өткен жылы да жалғасын тапты. «Аталмыш насосты су станциясын қайта қалпына келтіру жұмыстарына қажетті қаражат биылғы жылдың бюджеттік жобасына енгізілді. Егер ол Үкімет тарапынан қолдау тапса, мәселе өз шешімін табады», - деді аймақ басшысы. Ауызсу тапшылығы мәселесі бірқатар аудандардың тұрғындары тарапынан да көтерілді. Облыс әкімі Б.Сағынтаев бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынды түрде жүргізілетіндігін жеткізді.
Лебяжі аудандық мәдениет үйінің директоры А.Тағлымов өңірдің бірқатар елді мекенінде мәдениет үйінің жоқ екендігін айтты. Ал кейбір ауылда мәдениет ошағына деп бөлінген ғимарат апаттық жағдайда тұрған көрінеді. Күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Аймақ басшысы бұл мәселені бақылауға алатынын жеткізді.
Жұртшылық бұдан басқа халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, жол жөндеу, ауылдық елді мекендерге спорттық нысандар салу, қоғамда белең алып бара жатқан нашақорлық індеті, экология мәселелерін көтерді. Облыс әкімі Б.Сағынтаев барлық сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарды.
Советхан СМАҚОВ,
Екібастұз қалалық ауруханасының бас дәрігері:
- Облыс әкімі Бақытжан Әбдірұлының бүгінгі есептік кездесуінде өңіріміздегі білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларды жетілдіру жұмыстары кеңінен қозғалды. Өз басым денсаулық сақтау саласының маманы болғандықтан, өткен жылы аталмыш бағытта біршама игі істер атқарылғанын ерекше атап өткім келеді. Ең алдымен, аймағымыздағы аналар мен сәбилердің, жас өспірімдер мен қарт адамдардың денсаулығы ескерілген. Бұл ретте, көптеген маңызды жұмыстардың атқарылғанына бәріміз куәміз. Былтырғы жылы аймағымызда тұрғындарға ауадай қажет медициналық мекемелер мен дәріханалар ашылды. Екібастұз қалалық ауруханасында тұрғындар асыға күткен жасанды бүйрек бөлімі ашылды. Оған облыстық бюджеттен жеткілікті түрде қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге дейін аталмыш бөлімде мыңнан аса емдік шаралары жүргізілді. Былтырғы жылы ұлттық денсаулық сақтау жүйесі негізінде көптеген денсаулық сақтау мекемелері өз жұмыстарын жандандырды. Биылғы жылы Екібастұз қалалық аумағының жеті бірдей ауылдық аймағында емдеу мекемелері ашылады. Ал қаланың орталығында жаңа емхана бой көтеретін болады. Павлодар облысы экологиялық аймақтардың біріне жатады. Сондықтан барлығымыз осы жұмысты қолға алуымыз қажет. Үкімет бекіткен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына барша тұрғындар атсалысып, тегіс үн қосулары тиіс.
Мақсат АРАЛ,
«Қызылжар-Құрымсы» ЖШС-нің басшысы, Ақсу ауылдық аймағы, Қызылжар ауылы:
- Облыс басшысының есептік кездесуінде халық көкейінде жүрген маңызды мәселелер қаралып, ұтымды пікірлер айтылды. Жалпы, өз басым облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беремін. Кездесуде ауыл шаруашылығына байланысты көтерілген мәселелер өте орынды деп есептеймін. Ауызсу, жол және фельдшерлік пункттер ашу жұмыстары ауыл адамдары үшін өте қажет. Аймақ басшысы Бақытжан Әбдірұлы осы аталған мәселелерді ерекше назарға алатындығын жеткізді. Бұл – ауылдағы ағайындар үшін үлкен көмек болады әрі жұмыстың жандануына оң әсерін тигізеді. Қазір қарап отырсаңыз, ауылдағы жастардың барлығы «жұмыс жоқты» сылтау етіп қалаға кетеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ауылдың амандығы – елдің амандығы» дегендей, ауылдың болашағы әрдайым жарқын болуы тиіс. Ерінбеген адамға қай кезде де жұмыс табылады емес пе?! Бүгінде ауылдағы адамдар мал өсіру кәсібін дамытуда. Әсіресе, алыс-жақын шет елдерден асыл тұқымды малды алдырып, олардың санын көбейту жұмыстары өз жемісін беруде. Ауыл шаруашылығы мамандары үшін жасалынып жатқан көмектер өңіріміздегі аталмыш саланың қарыштап дамуына айырықша септігін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар, шаруашылыққа қажетті техникаларды сатып алуға көп көңіл бөлініп жатыр. Биылғы жылы да ауыл шаруашылығы саласына баса назар бөлініп, тиімді мүмкіндіктердің ескерілетініне кәміл сенемін.
Валентина КУРСАКОВА,
Успенка ауданы №1 орта мектептің директоры:
- Маған бүгінгі есеп беру кездесуінің ұйымдастырылу форматы өте қатты ұнады. Жоғары деңгейде өткізілген шараны қоғамдағы барлық саланы қамтып, бір арнаға тоғыстырған маңызды әрі ауқымды жиын деп есептеймін. Өткен жылы облыс көлемінде әр сала бойынша атқарылған жұмыстар жиналған жұртшылыққа өте түсінікті әрі қарапайым түрде жеткізілді. Кездесудің басты ерекшеліктерінің бірі осы деп ойлаймын. Әсіресе, ауылдағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, білім және денсаулық мәселелерінің ескеріліп жатқандығы қуантады. Бүгінгі кездесуде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев ауылды дамытуға, ауыл шаруашылығы саласын жетілдіруге бағытталған инновациялық жобалардың маңызы өте зор екендігін жеткізді. Мұндай жобалар бізді, ауыл тұрғындарын, ерекше қуанышқа бөлейді. Мен білім саласында қызмет етемін. Былтырғы жылы аталмыш салада өңірімізде көптеген жұмыстар атқарылды. Ауыз толтырып айтарлықтай толайым табыстарға қол жеткіздік. Мен басқарып отырған Успенка ауданындағы №1 орта мектеп 1964 жылы салынған. Содан бері аталмыш білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ал былтырғы жылы «Жол картасы» бағдарламасының аясында 16,5 миллион теңге бөлініп, ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектептің кіреберісі адам танымастай өзгертіліп, есік, терезелер жаңартылды. 1 қыркүйек күні сабаққа келген оқушылардың қуанышын көрсеңіздер?! Барлығының жүздерінде күлкі ойнап, білімге деген құлшыныстары арта түсті. Мектепке жас мамандар көптеп тартылуда. Мекемеде білім беретін 33 мұғалімнің 27-сі - жоғары білімді мамандар. Төрт жас педагог мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа тұрды. Олардың барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Міне, осыдан-ақ, ауылға, жастарға, білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатқандығын айқын аңғаруға болады. Мұның бәрі - ел болашағы үшін жасалып жатқан тиімді жобалар. Жоспарлы жұмыс әрдайым өз жемісін береді деп ойлаймын.
Шолпан ЖАСЫЛҒҰСОВА,
ардагер ұстаз, Баянауыл ауданы, Майқайың кенті:
- Өңір басшысы Бақытжан Сағынтаевтың бүгінгі есеп беру кездесуінен аймағымызда атқарылған жұмыстардың маңызы мен мәні өте зор екендігін аңғаруға болады. Бұл - барша павлодарлықтардың бірігіп атқарған жұмысының жемісі. Өткен жылы түрлі салада атқарылған іс-шаралардың куәсі болдық. Биылғы жылы да келелі бастамалар мен жағымды жаңалықтардың көп болатынына сенімдімін. Себебі, аймақ басшысының 2011 жылға жоспарлаған жұмыстарының барлығы қарапайым халықтың игіліне бағытталған. Биылғы жылы Баянауыл ауданындағы Шөптікөл мен Бірлік ауылдарының арасындағы автокөлік жолына жөндеу жүргізілетін болды. Сондай-ақ, Майқайың кентіндегі өзекті мәселе ауызсуға байланысты жұмыс та оң шешімін табатын болды. Аталған жұмыстардың орындалатынына кәміл сенемін. Кездесуде облыс әкімі барлық сұрақтарға жауап берді. Бірде-бір адамның сауалын жерге тастамады. Осының өзі бірінші басшының білімділігі мен қарапайымдылығын көрсетеді. Майқайыңдықтар алда өтетін Президенттік сайлауға дайындық жұмыстарын қызу бастап кетті. Кентте қоғамдық штаб құрылды. Оның құрамында кенттің құрметті азаматтары мен жастар бар. Президенттік сайлауды жоғары деңгейде өткізу баршамыз үшін сын болмақ. Сондықтан, көпұлтты Майқайың жұрты Елбасының, облыс басшысының атқарып жатқан жұмыстарын әрдайым қолдайды әрі барша жұртты бірлікке шақырады.
Мұрат АЯҒАНОВ,
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Фархат ӘМІРЕНОВ.






