Кеше облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында Павлодар облысы шығармашыл қауымының форумы өтті. Оған аймағымыздың ақын-жазушылары, журналистері, әртістері мен суретшілері және өнер майталмандары қатысты. Форумның басты мақсаты – «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Қазақстан – 2020» коалициясын құру жөніндегі бастамасына қолдау көрсету.
Зиялы қауым өкілдерінің аталмыш форумы кешегі ел бірлігін, жер бүтіндігін тілге тиек етіп, ел болашағын айқындайтын ақын-жыраулардың, би-шешендердің алқалы жиынын көз алдымызға әкелді. Зиялы қауым өкілдері қоғамдағы игі бастамалардың жүзеге асуына ерекше серпін беретін ұлы күш екендігін тағы бір мәрте айқындағандай болды. Алқалы жиында сөз алған облыстық Бұқар жырау атындағы өнер және әдебиет музейінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Роза Игібаева: «Еліміз еңсесін тіктеп, тәуелсіздіктің туын биікке көтергелі бері тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, экономикамыз дамудың даңғыл жолына түсті. Республикамызда жүзден астам ұлт өкілдері берекелі де баянды ғұмыр кешуде. Мұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында жүзеге асқан игіліктер екені даусыз»,- деді. Шараны жүргізген Р.Игібаева аймағымыздың өнер, мәдениет, әдебиет саласында қол жеткізген табыстарын санамалап өтті. «Қазақстандағы зиялы қауым өкілдері үшін «Мәдени мұра» бағдарламасының көмегі көп тиді. Республикалық бағдарламаның арқасында өнер қайраткерлеріне, сахна саңлақтарына айрықша құрмет көрсетілді», деді ол.
- Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық өнерге деген қамқорлық күн санап артып келеді. Бұл - жақсылықтың нышаны. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен келелі бастамалар көтерілуде. Біздің елдің өнерпаздары республикалық деңгейде ғана емес, әлемдік аренада өзіндік өрнегін тауып, көптеген жүлделі орындарды ұтып алуда. Мұның бәрі Тұңғыш Президентіміздің көрегендігінің арқасында жүзеге асып отыр. Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға толықтай қосыламын әрі қолдаймын. Сонымен қатар, барша қазақстандықтарды идеяның аясына жиналуға шақырамын,- деді Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Сансызбай Бекболатов форумда сөйлеген сөзінде. Ол Мемлекет басшысының қазақ өнерінің алдында сіңірген еңбегі ерен екендігін алға тартты. Жиналған жұртшылық алдында сөйлеген музыкатанушы, күйтабақтардың сирек коллекциясын жинақтаушы Наум Шафер жүз отыздан аса ұлттың берекесін қашырмай, уыздай ұйыған бірлігінен шашау шығармай, береке мен татулықтың ортасында тұрмыс кешуге жағдай жасап отырған Елбасы Н.Назарбаев әлемдік деңгейдегі мықты саясаткер екендігін тілге тиек етті. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ақын Алақанұлы: «Тұңғыш Президентіміздің өкілеттігін ұзарту жөнінде жалпыхалықтық референдум өткізуді қолдаймын. Баянды болашаққа Елбасымыздың бастауымен ғана қол жеткізе аламыз. Оның алға қойған мақсат-міндеттерінің жүзеге асуына біздер, қазақстандықтар қолдау көрсетуіміз керек. Әлем таныған Ұлт көшбасшысына әрдайым демеу болып, оның игі істеріне ыстық ықылас таныту - міндетіміз»,- деді. Ол шара барысында Нұрсұлтан Әбішұлының есімі дүниежүзі тарихында алтын әріптермен жазылып қалатыны сөзсіз екенін атап өтті. Сондай-ақ, форумда П.Васильев атындағы әдеби бірлестіктің төрағасы, журналист Александр Вервекин, әнші Александр Верещак, айтыс додасында өзіндік тапқырлығымен, шешендігімен көзге түсіп жүрген ақын Алмагүл Жүгінісова сөз сөйлеп, ақ тілектерін ақтарды. Шара барысында Елбасы Н.Назарбаев туралы деректі фильм көрсетілді. Форумда Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының белді әртісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мұхтар Байжұманов павлодарлық шығармашыл зиялы қауымның жұртшылыққа арналған үндеуін оқып берді. Онда: «Біз, Павлодар облысы шығармашыл зиялы қауымының бес мың өкілі атынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін сезіне отырып, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасын қолдаймыз және өңіріміз Мемлекет басшысының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізу бастамасын іске асырудың «Қазақстан – 2020» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясына» қосылуға үндейміз» делінген.
Алмагүл ЖҮГІНІСОВА,
айтыскер ақын:
- Қазақ елі қадамы құтты, діңгегі мықты, толағай табыстарға толы Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына аяқ басты. Елбасымыз Н.Назарбаевтың арқасында Қазақстан Республикасы тұғыры берік, мұраты асыл, арманы асқақ елдердің қатарына енді. Кезінде Абылай хан: «Үш жүздің басын біріктірсем деп едім, олай жасай алмадым, қала салсам деп едім, оны да істей алмадым, қазақты біртұтас мемлекет етсем деп едім, ол да қолымнан келмеді» деген екен. Міне, Абылай бабамыз армандап өткен бейбіт күнге, тыныш заманға қазақ елін Нұрсұлтан Әбішұлы бастап барды. Барша қазақстандықтарды азаттықтың ақ таңы мен дамудың даңғыл жолына түсірген де Елбасымыз Н.Назарбаев. Тұңғыш Президентіміздің арқасында еліне құт- береке дарыған, есімін дүниежүзі таныған, бірлігі мен ынтымағы жарасып, татулық пен бейбітшіліктің арқауына айналған ел болдық. Қазақ елі мақсатының ұлылығы, мұратының ізгілігі қазақтың айдарынан жел естіріп, абыройын асқақтатып, төрткүл дүниеге таңдайын қаққызып, жаһандық қауіпсіздіктің алтын діңгегіне айналды. Осының барлығы - Ұлт көшбасшысы, Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегінің, кемел көрегендігінің арқасы. Олай болса, төбедегі төртеудің түгел болғандығын қалайтын Елбасының саясатын барлығымыз қолдауымыз керек. Бүгінгі жиын да соған арқау болып отыр. Павлодарлық зиялы қауым Мемлекет басшысының әлі талай жемісті жұмыс атқарарына кәміл сенеді.
Александр ВЕРЕЩАК, әнші:
- Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы ішінде еліміз дамудың шырқау шыңына шықты. Экономикамыз кең құлаш жайып, әлем назарын Қазақстанға қаратты. Бірлік пен татулықтың ортасында өмір сүріп жатқан қазақстандықтар дүниежүзі халықтарына бейбітшіліктің нұрын шашты. Елбасы Н.Назарбаев тамыры тереңге тараған еліміздің еңсесін тіктіп, әлемнің төріне шығарды. Әсіресе, республикамыздағы жүзден аса ұлттың арасындағы уыздай ұйыған ынтымақты бетке алған Қазақстан халықтары Ассамблеясының атқарып жатқан жұмысы жемісті. Бұл да Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқандығы баршамызға мәлім. Көреген басшымыздың арқасында қазақ халқын дүниежүзі танып білді. Оның мәдениеті, өнерімен жете танысқысы келетіндердің саны артты. Қазақстанның әлемдік деңгейдегі абырой, беделін өсірген Ұлт көшбасшысы кемел келешегіміздің келісті болуына бағыт-бағдар берді. Бүгінгі жетістіктеріміз, ертеңгі толағай табыстардың берік іргетасы. Оның жүйелі түрде жүзеге асырылуы Елбасының ғана емес, барша қазақстандықтардың алдына қойған негізі мақсаты болуы тиіс. Қазақстан халқы әлемнің дамыған алпауыт елдерімен иық тіресіп, терезесі тең екендігін паш еткен Мемлекет басшысының өкілеттігін қолдауымыз қажет. Ұлт көшбасшысы қазақстандықтар тарапынан айрықша қолдауға сөзсіз ие болады. Біз Елбасының саясатын қолдай отырып, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Қазақстан – 2020» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясына қосыламыз. Павлодарлық зиялы қауым өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырған бүгінгі жиын да соны меңзейді. Жергілікті зиялы қауым Елбасының салиқалы саясатына әрдайым үн қосады дегенге сеніміміз мол.
Еркебұлан ӘМІРЕНОВ.




