Кеше облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев облыс активімен кездесіп, Елбасының 17 сәуір күні Үкіметтің алдына қойған міндеттері бойынша кеңес өткізді. Өз баяндамасында аймақ басшысы облыс тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылуға тиіс өзекті мәселелерді атап, тиісті лауазым иелеріне қадау-қадау тапсырмалар берді.
Бақытжан Әбдірұлы биылғы жылдың еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы кезеңдермен басталғанын айтты. Қазақстан халқы өз таңдауын жасап, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге жарқын болашаққа бет түзеді. Еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде бейбітшілік пен жасампаздықтың озық үлгісін көрсетті. Мемлекетіміз ел ішіндегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайта отыра, халқымыздың әл-ауқатын арттырып, экономика саласын барынша жандандыруды жалғастыруды мақсат етуде.
- Бүгінгі күні біз Тұңғыш Президентіміздің «Әуелі – экономика, одан кейін – саясат» деген қағидатын басшылыққа алып, түбегейлі экономикалық реформаның дұрыстығына көз жеткіздік, - деді облыс әкімі.
Бұдан кейін облыс басшысы әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу жолында басымдық берілген салаларға тоқталды. Қазірде үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүзеге асуда. Бұл жағдай өнеркәсіптің өрлей түсуіне өзгеше ықпал етті. Облыс дамуының кешенді көрсеткіші – аймақтық ішкі өнім 7 пайызға өсті. Бұл орайда сыртқы сауда айналымының 2 есеге жуық ұлғайғанын атап өткен жөн. Жыл басынан бері экономикамызға 25 млрд. теңге инвестиция салынды. Ауыл шаруашылығы да қалыс қалған жоқ. Қазір барлық аудандар көктемгі егіс жұмыстарын бастап кетті. Шаруаларға 15 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Биыл облыс аграрлық саланы қолдауға 6,5 млрд. теңге жұмсайды. Соңғы кездері шағын және орта бизнестің, соның ішінде ауылдағы кәсіпкерліктің өскені байқалады. Облыс әкімі осы бағытта «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру жалғасын тауып жатқанын атап өтті. Биыл оның шеңберінде республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге қаржы бөлінді. Осы жылы «Өнімділік-2020» бағдарламасы іске қосылады. Аймақта сауда-саттықтың қарқыны артып келеді. Экономика саласының табысты болуы - әлеуметтік жағдайға да оң ықпал етті. Жыл басынан бері бір мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Бірақ қол жеткен табысқа тоқмейілсуге болмайды. Президент еліміз алдағы бес жылда кірісі жоғары әлем мемлекеттерінің қатарынан орын алуға тиіс деген талап қойды. 2016 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі 15 мың АҚШ долларына жетуі керек.
- Бұл үшін экономикамыз жыл сайын 7%-дан төмендемей дамуға тиіс, - деді Бақытжан Сағынтаев, - Оның үш пайызын шикізаттық емес сектор, сондай-ақ шағын және орта бизнес құрайды. Қалған бөлігін қандай салалар қамтамасыз ететінін біз нақты білуіміз керек. Сол себепті, әр сала бойынша мақсатты көрсеткіштер әзірлеу жөнінде тапсырма беремін. Әрбір басқарма нәтижелер үшін жауап береді. Бұл міндетті екі апта ішінде орындау мәселесі облыс әкімінің орынбасары М.Оспановқа жүктелді.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты орындалуда. Биыл 122 инвестициялық жоба аталмыш бағдарламаға енгізілді. Оның жалпы құны 1 триллион 121 млрд. теңге тұрады. Өткен жылы өңірде 30 жоба сәтті іске қосылса, үстіміздегі жылы 40 жобаның тұсауы кесіледі деп күтілуде. «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында облыс өндірісті жаңғыртуға және өнімділікті көтеруге негізделген 49 жоба ұсынып отыр. Оның барлығы құптала қоймас, бірақ басым бөлігін өткізуге тырысамыз, деді облыс әкімі.
Президенттің саясаты нәтижесінде алғаш рет бизнес саласына жеңілдетілген несиеден бастап, кадр даярлауға дейінгі қолдаудың 100 түрі көрсетіледі. Елбасы шағын және орта бизнестің жолында кездесетін әкімшілік кедергілерді жою үшін барлық заңнамаларға тексеру жасауды тапсырды. Бизнеске бөгет орталық аппараттарда ғана емес, қалалық кеңселерден де табылады. Сол себепті бизнес өкілдері арыздарының қаралу барысын қадағалауға мүмкіндік беретін интернет-сервис қызметін әзірлеу тапсырылды. Онлайн тәртібіндегі жаңа қызмет түрі 1 шілдеге дейін дайын болуға тиіс.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, аймақта ауыл шаруашылығының жер қорын тексеру жұмысы жүргізіледі. Әлі 380 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған жоқ. Бұл «мақсатқа сай пайдаланылмайды», «мүлдем қолданылмайды» деген желеумен тұрғындардан жерін дөрекі түрде тартып алу деген сөз емес. Барлық заң талаптары сақталуға тиіс. Тиісті істерді жыл аяғына дейін атқару облыс әкімінің орынбасары М.Көбеновке міндеттелді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы азық-түлік бағасына да назар аударды. Бұл жағдайда тәртіпті нарық жолымен келтіру керек. Біздің облысымыз өзін-өзі қажетті азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ете алады. Бүгінде Черноярка аумағында суармалы жүйені қайта қалпына келтіріп алдық. Бұрын онда 2,5 мың гектар жер суарылса, биылдан бастап 5 гектар алқапқа су жіберіледі. Бұл өз кезегінде көкөніс өнімі көлемін 63 мың тоннадан 100 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Осы орайда Павлодар қаласының жылдық сұранысы 74 мың тоннаны құрайтынын айта кету керек. Енді барлық аудандарға осы жүйе бойынша суармалы алқаптарды көбейтуге кірісу қажет. Онда өнімдерді басқа аймақтарға да өткізуге болады.
Тағы бір мәселе - заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған көкөніс қоймаларының аздығы. Былтыр жалпы сыйымдылығы 3700 тонна болатын үш қойма ашылды. Әлі арнайы тоңазытқыш пен желдеткіш жүйесі жабдықталған 27 мың тонна өнім сақтайтын қойма керек. Облыс әкімі өзінің 22 ақпанда өткен есептік кездесуінен кейін бұл мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізу жөнінде аудан-қала әкімдеріне тапсырса да, олардың мүлдем жауапсыз қалғанын сынға алды. Ендігі меже - 1 мамыр. Осы мерзімге дейін әкім-басшылар қанша қойма, қай жерде, қашан салынатынын жеткізуге міндетті.
Бақытжан Әбдірұлы саяжай маусымы басталуына байланысты қоғамдық көліктердің үздіксіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету секілді тұрғындардың шағымдарына жедел әрекет етуді үш қаланың басшыларына жүктеді. Ал монополияны реттеу органдарына жекелеген тауарлардың бағасына қатысты негізсіз әрекет танытқан алыпсатарларға тежеу жасап, кінәлілерді тезге салуды тапсырды. Әсіресе, мереке күндері баға шарықтап кетеді. Осыны жіті қадағалап, қатаң шара қолдану қажет. Содан кейін ниеті түзу емес кәсіпкерлер еріксіз ойланатын болады.
- Биыл облысқа 3 млрд. теңге көлемінде субсидия беріледі. Қайтарымсыз қаржыны алған өнім өндірушілер өз кезегінде баға тұрақтылығын сақтауға да көмектеседі, - деп үміттенемін, деді аймақ басшысы.
Бақытжан Әбдірұлы Кедендік одақтың мүмкіндігін толық пайдалануда кәсіпкерлерге түрлі көмектер көрсетуді тапсырды. Солардың бірі - Ресей және Беларусь елдерінің нарығын зерттеу қажет. Көршілес аймақтармен қарым-қатынас жасайтын кәсіпкерлермен кеңес құрып, олардың түрлі түйткілдерді шешуде биліктен қандай қолдау күтетіндерін де анықтау керек.
Облыс әкімінің тағы бір тоқталған мәселесі инновацияға байланысты болды. Әзірге біздің кәсіпкерлер шетелдің технологиясын әкелуді ғана біледі. Өзіміздің екі университет ғалымдары қаншама жаңалықтар ойлап тапқанымен, әзірге оларды тәжірибеге енгізіп жатқан ешкім жоқ. Осы орайда ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Аймақта кәсіби мамандар даярлауды жаңа деңгейге көтерудің қадамы жасалуда. №7 кәсіптік лицей көп ұзамай металлургия саласына мамандар дайындайтын орталыққа айналады. Екібастұзда отын-энергетика саласының жұмысшыларын даярлайтын оқу орны салынуда. Енді химия саласына қажетті мамандар әзірлейтін орталық құру қажет. Облыс кәсіпорындары осыған белсенді қосылулары керек.
Биыл облыс орталығында интеллектуалдық мектеп салына бастайды. Онда 2016 жылға қарай үш тіл меңгертіледі, соның ішінде ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап енгізіледі. Басқа да орта білім мекемелеріндегі сапасының жағдайы қадағаланады.
Мемлекет басшысы жемқорлық пен мемлекеттік кадр саясаты мәселесіне ерекше мән берді. Бүгінде басқа аймақтар тәрізді Павлодар облысында да «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерден білім алып келген түлектер тиісті жұмыс таппай жүр. Осы орайда шетелдерде білім алып келген, қазірде оқып жүрген жастар туралы қажетті мәліметтер әзірлеу облыс әкімінің орынбасары Ә.Ғалымоваға тапсырылды.
Бақытжан Әбдірұлы өткен жылғы қысқы жылыту кезеңі бірқалыпты өткенін, кейбір жайттардан сабақ алу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ облыс бюджетінен 100 млн. теңге қаражат Батыс Қазақстанда табиғи су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жөнелтілгенін жеткізді. «Нұр Отан» партиясының филиалы да тұрғындарды көмектесуге шақырды.
Сөз соңында облыс әкімі ел байлығы экономиканың дамуына, оны әртараптандыруға тығыз байланысты екенін, осы бағыттағы қарышты қадамдар өз кезегінде іскерлікті, қажырлы еңбекті қажет ететінін айтты.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары М.Оспанов өңірдің индустриялық-инновациялық даму бағытында қол жеткен табыстары мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасады. Жаңа өндірістермен қатар, өнімділікті арттыруға бағытталған бастамалар ұсынылып отыр. Қазірде технологиялық жаңғыртуға батыл кіріспесе, кәсіпорынның өнімдері бәсекеге қабілетті бола алмайды, сұранысқа жауап бере алмайды. Жобаларды қаржыландыру мәселесіне келгенде, екінші деңгейлі банктердің де мүдделестігі ауадай қажет.
Екібастұз қаласының әкімі А.Вербняк осыдан біраз уақыт бұрын қала бойынша бірінші сұрыпты ұн, макарон, қарақұмық, қант секілді азық-түлік өнімдерінің бағаның өскені байқалғанын, кейін кәсіпкерлермен тұрақты бағаны ұстау жөнінде келісімге қол жеткенін атады. Қазірде қаладағы сияқты ауылдық жерлерде жылумен, сумен қамту жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұқтаж жандарға әлеуметтік жағдайлар да жасалуда.
Железинка ауданының әкімі Жанат Шұғаев баға мәселесіне ықпал етуде азық-түлік өндірісін арттырудың маңызды екеніне тоқталды. Үстіміздегі жылы железинкалық кәсіпкерлер 260 млн. теңгенің техникаларына қол жеткізді. Қазірде 29 арнайы кешенді техника тұқым себуге сақадай сай тұрса, оның бесеуі биыл сатып алынған. Осылайша, бұл жылы астықты алқапты өткен жылғыдан қарағанда 16 мың гектарға ұлғайту мүмкін болып отыр. Ауданның мал шаруашылықтары ет өндірісін дамытуға мән беруде. «Пахарь» серіктестігі 7 мың гектар жерді суармалы жүйемен игеруге кіріскен, сондай-ақ алда мал бордақылау орталығы мен көкөніс қоймасын салуды жоспарлап қойған.
Активпен кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Елбасының алға қойған міндеттерін еселеп орындау жолында өзара бірлескен ерен еңбектің қажет екенін айтты.
Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

