Екібастұзда жалпықалалық форум өтті
Екібастұз қаласының тұрғындары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізуді қолдайды. Бұл туралы кеше көмірлі шаһарда өткен жалпықалалық форумға жиналған жұртшылық жария етті. Шара Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1 станциясында ұйымдастырылды. Оған барлығы екі мыңға жуық тұрғын қатысты. Олардың қатарында қала басшылығы, еңбек ұжымдары, ұстаздар мен дәрігерлер, ардагерлер, сондай-ақ саяси партиялар, түрлі қоғамдық, этно-мәдени бірлестіктер және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, белсенді жастар бар.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын тыңдап, қанаттанған жұртшылық форумға ерекше белсенділікпен қатысты. Екібастұздықтардың айтуына қарағанда, еліміздің Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында бүгінде елімізді әлем таниды. Өзге мемлекеттер үшін Қазақстан - берік іргелі, тұрақты, қарқынды даму жолына түскен, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел. «Тәуелсіз мемлекет атанғалы бері еліміз талай асулардан асып, ешбір қиындықтарға қарамастан, биіктерді бағындыра білді. Сондықтан қазіргі кезде, Қазақстан үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың жауапты кезеңіне аяқ басқан шағында, өз халқына деген шынайы сүйіспеншілігін іс жүзінде дәлелдеген Көшбасшымызға сенім білдірген дұрыс деп есептейміз. Біз алдағы уақыттағы еліміздің тұрақты дамуына үлкен үмітпен қараймыз», - дейді Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1 станциясының бас директоры Рысқан Свамбаев.
Бір атап өтерлігі, бұл шара - референдумды қолдау мақсатында аймағымызда ұйымдастырылып отырған осымен екінші ауқымды форум. Ең бастысы, шараға жиналған жұртшылықтың пікірі бір жерден шықты. «Біздің қуатымыз – бірлікте», «Біздің таңдауымыз – Нұрсұлтан Назарбаев», «Жастар – Елбасымен бірге», «Біз бейбітшілікті қолдаймыз» деп ұрандатқан екібастұздықтар Отанының ертеңіне деген берік сенімдерін ашық білдірді. «Меніңше біз, Қазақстан халқы, өз болашағымызға деген ортақ жауапкершілігімізді және береке-бірлік пен өркендеу жолындағы ұмтылысымызды таныта білу үшін, барлығымыз Көшбасшымыздың айналасына бірігуіміз қажет. Себебі, тәуелсіз Қазақстанды үлкен белеске көтеріп отырған бірден-бір адам - Елбасымыз. Оның мемлекетіміздің қалыптасуына сіңірген еңбегі орасан зор екеніне ешкім талас тудырмайды. Биыл тәуелсіздік алғанымызға - жиырма жыл. Тарих үшін қас қағым сәт. Бірақ осы жылдар ішінде Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында елдің экономикалық жағдайы түзелді, халықтың тұрмыс деңгейі көтерілді. Барлық салада үлкен өзгерістер байқалады. Бұл ретте, денсаулық сақтау саласына да көп көңіл бөлінуде. Жыл сайын жаңадан ауруханалар бой көтеріп, халықтың сапалы ем қабылдауына барлық жағдай жасалуда», - дейді форумға қатысушы Екібастұз қалалық перзентханасының бас дәрігері Гүлнар Нығметжанова.
Форум қорытындысы бойынша қала тұрғындары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту бойынша референдумды өткізу бастамасын қолдауға үндеу қабылдады. Онда: «Біз мемлекетіміздің күн санап өркендеп, дамып, қала мен ауыл халқы тұрмысының жақсарып жатқандығының куәсіміз. Мұндай жетістікке Мемлекет басшысының кемеңгерлігінің, өз халқына деген шынайы сүйіспеншілігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жаңа қоғам, жаңа мемлекет құрылды. Келешекте бізді үлкен істер күтіп тұр. Біз алға қойған мақсаттарымызға бірлесе отырып қол жеткіземіз. Біз референдумды қолдаймыз!» делінген.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Екібастұз қаласы.


