Ақсу қаласы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауын түсіндіру мақсатымен Ақсу қаласына республикалық ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жақай Нұрғалиев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елубай Оразалинов келді. Олар Ақсу жұртшылығымен кездесу өткізді.
Алдымен сөз алған Мәжіліс депутаты Елубай Атағайұлы Елбасының биылғы Жолдауының ерекшелігі мен маңыздылығын атап өтті. Ол ақсулықтарды осы Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттерді бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Президенттің жаңа Жолдауында баяндалған елдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын түсіндіріп, тындырылатын шаруаларды, оның ішінде Ертістің Павлодар өңірінде жүзеге асып жатқан ауқымды әрі маңызды инновациялық жобалар мен шағын және орта бизнес туралы баяндап берді. Сондай-ақ, республика тұрғындарын, әсіресе, ауыл жұртшылығын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған игі істерге шолу жасап, келешек еншісіндегі жоспарлы істермен таныстырды.
Сенат депутаты Жақай Жұбайұлы Елбасының биылғы Жодауындағы ең негізгі басым бағыттарды тілге тиек етіп, кездесуге жиналғандар назарын ауылды одан әрі гүлдендіруге аударды. «Президенттің үстіміздегі жылғы Жолдауында ауылдардың әл-ауқатын арттыруға ерекше мән беріліп, қолдау білдіріліп отыр. Сондықтан ауыл болашағына деген зор үміт пен сенім арта түспек», - деді сенатор.
Кездесу барысында халық қалаулыларымен қатар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Арынов, №8-ші орта мектептің директоры Е.Силютина, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі В.Солдаткина, әлеуметтік салада қызмет етіп жүрген жас маман М.Арынбаева Елбасының Жолдауына шынайы қолдауларын білдіріп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Шара соңында қала әкімінің орынбасары Е.Рахымжанов мәнді кездесу өткізген топ мүшелеріне тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.
Е.ЖҰМАДІЛОВ.
Ақтоғай ауданы
Республикалық ақпараттық-насихаттық топ Ақтоғай ауданына ат басын тіреді. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Киот Хаттамасы департаментінің директоры Төлебай Әділов бастаған топ бейсенбі күні ауданның ең шалғай Жалаулы және Шолақсор елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, маңызды құжаттың басты басымдылықтарын жеткізді. Айта кету керек, астаналық мейманмен қатар топ құрамында облыстық «Ертіс» экология департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Сембаев, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бекзия Ысқақова болды. Олар Елбасының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында айтылған негізгі бағыттарға тоқталды. Әсіресе, әлеуметтік салада жоспарланған игі істердің мән-маңызын кеңірек айтып берді. Сондай-ақ, олар Жолдауды жемісті жүзеге асыруға әрбір азамат үлес қосуы керектігін түсіндірді. Кездесуге жиналған тұрғындар топ мүшелеріне көкейлеріндегі сауалдарын қойып, жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Ал кеше республикалық ақпараттық-насихаттық топтың жұмысы Ақтоғай және Әуелбек ауылдық округтерінде жалғасын тапты.
Г.МАҒЖАН.
Қашыр ауданы
Мемлекет басшысының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты былғы Жолдауын түсіндіру мақсатында құрылған республикалық үгіт-насихаттық топ Қашыр ауданында болып қайтты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты О.Дымов бастаған ақпараттық-насихаттық топ құрамында, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары И.Әбдіхалықов, Қашыр ауданының әкімі Б.Бақауов және еңбек ардагері Г.Сокуренко болды.
Жиын барысында көзделген негізгі мақсат Елбасы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру болып табылды. Топ мүшелері Жолдауда көрсетілген бағыттар бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан әлеуметтік қолдау, денсаулық, білім беру, экономика саласындағы белгіленген міндеттердің жүзеге асуы туралы айтты. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға қажетінше жауаптар беріліп, ұсыныс-тілектер ескерілді.
Ж.КАБУЛОВА.
Лебяжі ауданы
17-18 ақпан күндері Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ескендір Құдайбергеновтің басшылығымен Лебяжі ауданының бірқатар елді мекендерінде халықпен кездесулер өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын халық арасында насихаттауды көздеген жиынға, сонымен қатар, Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент бастығы Қайырғали Төлендинов, Лебяжі аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Серік Халемов қатысты. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері ауданның Ямышев, Қызыләскер және Жамбыл ауылдық округтерінің тұрғындарымен 2011 жылдың маңызды стратегиялық құжаты – Мемлекет басшысының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ескендір Құдайбергенов ауылдықтар тарапынан туындаған барлық сауалдарға тұшымды жауап беріп, Жолдауда айшықталған басымдылықтар мен экономикалық-әлеуметтік дамудың негізгі міндеттері туралы мазмұнды әңгіме өрбітті.
А.НҰРАХМЕТОВА,
Лебяжі аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы.
Май ауданы
Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Жолдауын тұрғындар арасында насихаттау жұмысы Май ауданында да кең ауқымда жүзеге асырылуда. Осы мақсатпен аталмыш ауданға республикалық ақпараттық-насихаттық топ арнайы барды. Құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының журналист-сарапшылар клубының төрағасы Ғаділбек Шалахметов және Павлодар облысы бойынша Бас редакторлар клубының төрағасы, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің Бас редакторы Мұхит Омаров бар республикалық ақпараттық-насихаттық топ ауданның тұрғындарымен кездесіп, маңызды құжаттың арқалаған жүгін жан-жақты түсіндірді. Олар аудан орталығы Көктөбеде жергілікті активпен, зейнеткерлер қауымымен, ал Кеңтүбек және Малайсары ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесті. Аудан жұртшылығына алдағы уақытта елімізде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларында жүзеге асырылатын іс-шараларға жеке-жеке тоқталып, олардың қарапайым халыққа қаншалықты маңызды екенін айтып берді. Кездесуде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттер де жиі сөз болды. Сапалы ауыз су, жұмыспен қамту, халықтың әл-ауқатын арттыру тұрғысындағы мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Мәртебелі меймандармен кездесу кезінде тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қою мүмкіндігіне ие болды. Олар, әсіресе, тұрғындарға шағын несиелердің берілу тетіктерімен терең танысуға тырысты. Сонымен қатар, халық полигоннан зардап шеккен жандарды оңалту, денсаулықтарын тексеру шараларын жиі ұйымдастыру керектігін тілге тиек етті.
Ақпараттық-насихаттық топтың Малайсары елді мекеніндегі тұрғындармен кездесу шарасы Ауған соғысында ерлік көрсеткен азаматтарға құрмет көрсету кешімен жалғасты. Мұнда жиылған қауым ауданнан алыс сапарға аттанып, бейбіт өмір үшін күрескен азамат құрметіне шағын концерт ұйымдастырып, елге оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Шарбақты ауданы
Қазақстан Республикасының туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бастаған республикалық ақпараттық-насихаттық топ Шарбақты ауданында болды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында келген арнайы топ аудан әкімшілігінің мәжіліс залында кездесу өткізді.
Вице-министр Жолдау жүктеген міндеттерді кеңінен баяндап, маңызды құжаттың басты бағыттарын түсіндірді. Білім беру мен денсаулық сақтау және коммуналдық сектор бойынша жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде тұрғын үй саласын ерекше атап өтті. Жолдауда айтылғандай, халықты баспанамен қамтуда соңғы он жылда толайым жұмыстар тындырылған. Тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайып, нәтижесінде бір миллионға жуық қазақстандықтар жаңа пәтерге қоныстанған. Бірақ, бұған қарап бұл саланың мәселесі шешілді деп айтуға болмайды. Шешімін күткен жұмыс әлі де бар. Жолдау жүктеген міндетке орай, жаңа үйлер салу, ескі үйлерге күрделі жөндеу жүргізу жаңаша бағытпен қолға алынады деп күтілуде.
Кездесу соңында аудан әкімі Сапаргелді Смағұлов Жолдауды жүзеге асыру бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, шарбақтылықтарға үлкен үміт артатынын жеткізді. Бұдан соң Қайырбек Өскенбаев осыдан екі жыл бұрын заманауи үлгіде салынған жасөспірімдер спорт мектебі кешенінде болып, жаттықты-рушылармен кездесу өткізді.
Д.ҚЫЗЫРҰЛЫ.
Успенка ауданы
Ақпанның 17-18 күндері Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары С.Әшімбаев бастаған республикалық ақпараттық-насихат тобы Успенка ауданында болып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы халыққа Жолдауын насихаттау мақсатында құрылған аталмыш топқа облыс орталығынан да бірқатар лауазым иелері қосылып, успендіктерге Жолдау жүктеген міндеттерді түсіндірді.
Алдымен аудан орталығы Успенка ауылының тұрғындарымен кездескен С.Әшімбаев Жолдауда республика халқының әл-ауқатын арттырып, экономикалық жағдайды жылдан-жылға дамытумен қатар құқық қорғау саласына да ерекше мән берілгенін, әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының бұдан да жандана түсетінін атап өтті. Успенка ауылының тұрғындары ақпараттық-насихат топ мүшелеріне өз ризашылықтарын білдіріп, әрдайым Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдайтындықтарын жеткізді. Сондай-ақ мәртебелі мейман Қозыкеткен, Ковалев және Лозовой елді мекендерінің тұрғындарымен де кездесіп, маңызды құжаттың мазмұнымен таныстырды. Аталған ауыл тұрғындары да Жолдауды бірауыздан қолдайтындықтарын және оны табысты жүзеге асыруға аянбай үлес қосатындықтарын айтты.
Н.АҚЫТЕГІ.

