Кеше облыстық «Сарыарқа самалы» газеті редакциясының мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясының журналист-сарапшылар клубының төрағасы, аймағымызға арнайы келген республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі Ғаділбек Шалахметовпен кездесу өтті. Оған өңіріміздің журналистер қауымы, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. Мәртебелі мейман Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Жолдауында айтылған негізгі басымдылықтарды талдап берді.
Айта кету керек, Ғаділбек Менажұлы - бүгінге дейін еліміздің іргесін қалауға, әсіресе, журналистика саласының дамуына үлес қосып келе жатқан тұлғалардың бірі. Оған әр жылдардағы еңбек жолы, қызметтік лауазымы айқын дәлел бола алады. Қазіргі таңда ол Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің телерадиотарату және бұқарамен байланыс жөніндегі кафедра меңгерушісі қызметін атқаруда. Журналистика саласының «жілігін шағып, майын ішіп» жүрген азамат кездесуде өткен мен бүгінді салыстырып, көп жылғы тәжірибесіне сүйене отырып, елімізде болып жатқан саяси өзгерістерге қатысты ой-пікірімен бөлісті. Жұртшылық үшін маңызды құжат Елбасының Жолдауында айқындалған мәселелерге кеңірек тоқталды. Ол биылғы Жолдауда Президент нарықтық экономика жағдайына қарапайым халықты барынша бейімдеу қажеттігіне мән бергенін айрықша атап өтті. Яғни, шағын несиелеу шарасы арқылы тұрғындардың әл-ауқатын арттыру көзделіп отырғаны ұтымды шешім, деді ол. Ғаділбек Шалахметов, міне, осы бастаманы халық арасында насихаттап, оның негізгі шарттары мен көздегенін түсіндіру жолында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің білек сыбана іске кірісулері тиіс дегенді қадап айтты. Демек, журналистер елдегі кез келген өзгеріске өзгеден бұрын үңіліп, оның тиімді тұстарын тұрғындарға неғұрлым жылдам әрі түсінікті жеткізуге шебер болуы шарт. Астаналық мейман журналистер осы міндетті айнытпай орындаса, Елбасына көрсеткен ең қомақты қолдау болып табылатынын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, ол саясат пен журналистиканың арасы тығыз байланыста екенін естен шығармау керектігін тілге тиек етті.
Кездесу барысында Ғаділбек Менажұлы еліміздегі саяси өзгерістерді шетелдердегі әртүрлі толқулармен салыстыра отырып, біздегі жағдай жылдар бойы жүргізілген сындарлы саясаттың жемісі екенін айрықша атап өтті. Бұл орайда мейман елдегі бейбітшілік, татулық үлгісіне терең үңілді. Нақтырақ айтсақ, ол елімізде еуразиялықтың кең етек жаюына жағдай жасалуы тиіс дегенді алға тартты. Еуразияны қос өркешті нарға теңеді. Оның бір өркеші – түркі ұлттары болса, бір өркеші – славян ұлттары, деді. Ал осы қос өркештің ортақ нүктесін тауып, оны шебер қоректендіре білу талай асуды бағындыруға жол ашатынын мәлімдеді.
Астанадан келген өкіл саясатпен қатар өзге де мәселелерге қатысты ойын ортаға салды. Әріптестерімен пікір алмасып, әр жылдардағы еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті. Мәселен, кезінде өңіріміздегі өндірістік өзгерістердің бірінің басы-қасында болғанын мақтанышпен баяндап берді. Ол 1975 жылы Екібастұздағы ГРЭС-1 станциясының негізі қалана бастағанда осы оқиғаны халыққа жеткізуге бес-алты жыл қатарынан еңбек еткен көрінеді.
Жиын соңында жиылған қауым қонаққа сауалдарын қойып, алғыстарын білдірді. Мәселен, бір кездері одақтық деңгейде жұмыс істеп тұрған журналистика саласының мамандарын даярлау және қайта даярлау курстарын қайта жаңғырту ұсынысы айтылды. Ғаділбек Шалахметов бұл ұсыныс жерде қалмайтынын, оны шешу жолдарын қарастыратынын мәлімдеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

