«Біз өзіміздің индустрияландыру және экономиканы технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі жоспарларымызды нақпа-нақ айқындап алдық. Біздің бағдарламамыздың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Сондықтан да мен биылғы Жолдауда әлеуметтік жаңғыру мәселесіне ерекше назар аударып тұрмын».
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2011 жылғы Жолдауынан.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі басты назарға алынғаны белгілі. Маңызды құжатта айқындалған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында үстіміздегі жылдың ақпан айында Елбасы тапсырмасына сәйкес, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбекпен қамту-2020» стратегиялық бағдарламасын бекіткен болатын. Таяуда өткен Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова: «Бағдарламаның мақсаты өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және әлеуметтік жағынан аз қамтылған халықты табысты экономикалық еңбекке тарту, индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жолында кадрлық әлеуетті арттыруға негізделген»,- деді.
Бағдарлама бірінші кезекте тұрғылықты жері бойынша кәсіби дайындықтан өткізуге, еңбекпен қамтуға, сондай-ақ азаматтың жеке ісін ұйымдастыруға қолдау көрсетуге арналған. Үш кезеңмен жүзеге асырылатын бағдарламада жұмыссыздық арасында кәсіби дайындықтан өту курстары, қайта даярлаудан өту, біліктілікті арттыру шараларын жүргізу қарастырылған.
Павлодар облысында бағдарламаның алғашқы, яғни тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамтуды жандандыру бағытын жүзеге асыруға аймақтың 2613 тұрғыны тартылмақ. Оған биыл 436,5 миллион теңге бағытталады деп жоспарлануда. Бұл қаражат 453 жұмыссыз азаматты бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімде колледждер мен кәсіби лицейлер базасындағы кәсіби даярлықтан өткізуге, 1060 тұрғынды үш ай көлемінде қайта даярлықтан өткізуге және 310 адамды біліктілігін арттыруға бағыттау үшін жұмсалмақ. Қалаға басқа елді мекендерден жұмыс іздеп келгендердің білім алуына, оларды шәкіртақы, жолақымен қамтамасыз етуі мен жалдамалы тұрғылықты жері үшін ақы төлеу де - бағдарлама аясында жасалынатын игі іс. Сонымен қатар, жоспарланған қаражат есебінен 790 әлеуметтік жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға және ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға негізделген екінші бағыт бойынша шағын несиелеу жүзеге асырылады. Оған 370 миллион теңге бөлінген. Ал шағын несиеге қол жеткізу үшін, кәсіпкерлер оның басты шарты – кәсіпкерлік негіздері бойынша курстарды тәмамдау қажет. Атап өтерлігі, шағын несиелер қайтарымды негізде 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бүгінгі таңда аймақта шағын несие алуға ниет білдіргендердің өтініштері жауапты құзырлы органдардың қарауында. Аталмыш бағыт аясында инфрақұрылымды дамыту ісі де басты назарға алынуда.
«Еңбекпен қамту - 2020» бағдарламасының үшінші бағыты экономикалық белсенді орталықта еңбек ресурстарын жоғарылатуды қолдауға негізделеді. Яғни, азаматтарға экономикалық әлеуеті төмен өңірден экономикалық белсенді орталыққа көшуге қолдау көрсетуді қарастырады. Бұл тұрғыда экономикалық белсенді орталыққа көшу ережелеріне байланысты азамат өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз немесе әлеуметтік аз қамтылған халықтың арасынан болуы тиіс. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушы адамдар экономикалық әлеуеті төмен өңірлерден болуы шарт. Көрсетілген мақсаттарды іске асыруға республикалық бюджеттен 4696,8 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде тұрғын үй құрылысына 3736,8 миллион және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 1790,4 миллион теңге жұмсалмақ.
Бағдарламаға қатысушы жергілікті жұмыспен қамту органдарына өтініш білдіріп, құжаттарды тапсыру қажет. Яғни, халықты жұмыспен қамту ісін жүзеге асырушы мекеме мен бағдарламаға қатысушы арасында әлеуметтік келісім жасалынады.
А.ӘДІЛБЕК.

