«Еңбекпен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында аудан әкімі Б.Бақауов Бобровка, Береговой, Октябрьск елді мекендерінде болды. Аудан басшысы Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген жұмыспен қамту бағдарламасы аясында өңірде жүзеге асатын бірқатар іс-шаралар жайында әңгімеледі. Оның ішінде еңбек нарығының сапасын арттыру, аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыз жүрген тұрғындарды еңбекпен қамтуға баса назар аударды. Алғашқы кезекте кәсіби дайындықтан 20 адам, белгілі бір мамандыққа қайта даярлауға 50 адам бағытталса, кәсіби шеберлігін арттыруға 15 адам жіберіледі, сондай-ақ 35 әлеуметтік жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.
Ауыл әкімдері бүгінде жүргізіліп жатқан іс- шаралар туралы мәлімдеді. Б.Бақауов барлық тұрғындарды толғандырып жүрген шағын несиелеу бағдарламасы жайлы да айтып кетті. Бұл бағытта ауданымызға 23 млн. теңге көлемінде несие қарастырылып отырғанын тілге тиек етті. «Бүгінгі басты мақсат екі қолға күрек таба алмай жүрген азаматтарды жұмыспен қамтып, экономикалық белсенді тұрғындар қатарына енгізу», деп өтті аудан әкімі.
Өз тілшіміз.

