Павлодар қаласында облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Азаматтық альянс», сондай-ақ «Десента» қоғамдық қоры филиалының мұрындық болуымен семинар-тренинг ұйымдастырылды. Шараға аймағымыздың үкіметтік емес ұйымдарының көшбасшылары мен өкілдері шақырылды.
«Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобалардың жүзеге асыру мониторингі» тақырыбын қамтыған семинар барысында «Десента» қоғамдық қорының әлеуметтік технологиялар бойынша маманы мен республикалық «Экофорум» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюк қатысушыларға жоба аясында жүзеге асырылатын жұмыстар жайлы баяндады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинарды өткізудегі негізгі мақсат – өңірімізде қоғамдық жұмыстармен айналысатын бірлестік, қор өкілдеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды іске асыру бойынша ақпараттық тұрғыдан қолғабыс жасау болып табылады. Үкіметтік емес ұйымдар басшылары облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан қаржыландырылатын жұмыстардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Мәселен, «Адал» жастар қоғамдық бірлестігі осы жылы жастар арасында деструктивті мәдениетке қарсы күрес жұмыстарын жүргізуге бағытталған кеңестік-құқықтық, ақпараттық іс-шараларды жүргізуде. Сол сияқты, мемлекет тарапынан бөлінген қаражат есебінен «Бибі-Ана», «Серіктестік орталығы», облыстық «Балалар және жасөспірімдер ұйымдарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестіктерінің басшылары да аталмыш бағытта өміршең етілген және алдағы уақытқа жоспарланған жобалар туралы әңгіме өрбітті.
Өз тілшіміз.

