Облыстық ақпараттық топтар – аудандар мен қалаларда
Мемлекет басшысының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тұрғындар арасында кеңінен насихаттау мақсатында құрылған облыстық ақпараттық-насихаттық топ осы аптада аймағымызға қарасты елді мекендерді, еңбек ұжымдарын аралап, көпшілікпен кездесуде. Насихат тобына облыс әкімінің бірінші орынбасары Роман Скляр жетекшілік жасауда. Құрамында облыс әкімінің орынбасарлары мен облыстық басқармалар және департаменттердің басшылары, облыстық мәслихат депутаттары бар топтар кеше Павлодар мен Ақсу қалаларында, сондай-ақ Ертіс пен Қашыр аудандарында болды.
Павлодар қаласы
Осы күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері облыстық ішкі істер басқармасының ұжымымен кездесті. Онда Елбасы Жолдауында айтылған басым бағыттар мен ел алдында тұрған маңызды міндеттер сөз болды. Сонымен бірге, осы жылдың 17 сәуірінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау мәселелері айтылды. Топ мүшелері еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі, өңірдегі үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаны сәтімен жүзеге асыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және басқа да маңызды жобалар жайында әңгімеледі. Аталған басқарманың қызметкерлері тарапынан бірді-екілі қойылған сауалдарға тиісінше жауаптар берілді.
Өз тілшіміз.
Ақсу қаласы
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі басымдықтарды түсіндіру мақсатында кеше облыстық ақпараттық-насихат тобының мүшелері Ақсу қаласына қарасты Алғабас және Айнакөл ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті. Топты табиғи монополияларды реттеу жөніндегі ҚР Агенттігі облыс бойынша департаментінің бастығы Қайырғали Төлендинов бастап барды. Топ мүшелері Елбасы Жолдауындағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Сонымен қатар, алдағы уақытта индустриалды-инновациялық жобаларды дамытуға көп көңіл бөлініп, мектеп, тұрғын үй, балабақша, емдеу мекемелерін салу жұмыстары қолға алынатынын жеткізді. Алғабастықтар несие алу, жолдарды жөндеу жөнінде қойған сұрақтарына тиісті жауаптар алды.
Айнакөл ауылындағы кездесуде тұрғындармен жол бойында медициналық құтқару пункттерін ашу, үшін тікұшақ арқылы медициналық көмек көрсету сынды мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, айнакөлдіктер 300 халқы бар Көктас кіші ауылында кешенді блок-модульді салу және ауылдық дәрігерлік амбулатория ашуға байланысты сұрақтар қойды. Оларға толыққанды жауаптар қайтарылды.
С.САҒЫНАЙ.
Ертіс ауданы
Құрамында облыс әкімінің орынбасары Манап Көбенов, «Аналитикалық ақпарат орталығы» КМК-ның директоры Нұржамал Тышқанова, облыстық дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының директоры Виктор Денисенко бар ақпараттық-насихаттық топ ауданның бірқатар елді мекендерін аралады. Тұрғындармен кездескен топ мүшелері Жолдауда айтылған мемлекет дамуының басым бағыттары мен белгіленген мақсат-міндеттері туралы баяндады. Ертіс ауданы аймағымыздағы ірі астықты өңірлердің бірі. Шарада жергілікті жерде ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері де сөз болды. Шағын және орта бизнесті қолдау, елімізде жаппай қолға алынған индустрияландыру бағдарламасын орындау және тағы да басқа мәселелер қозғалды. Аудан тұрғындары насихаттық топ мүшелеріне өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар қоя алды.
Д.ЖҰМАДІЛОВ.
Қашыр ауданы
Облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы А.Гуськов жетекшілік жасаған тағы бір ақпараттық-насихаттық топ Қашыр ауданына қарасты Береговой елді мекенінде болды. Тұрғындармен кездесу барысында Елбасы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттер жайлы топ мүшелері егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Стратегиялық құжатта әлеуметтік салаға баса маңыз берілген, жұмыссыздықпен күрестің арнайы бағдарламасы қабылданып, қазірде ол іске асуда. Ауылдықтар тәуелсіз мемлекетіміздің 20 жылдық тарихында қол жеткізген толайым табыстар Елбасы Н.Назарбаевтың ел алдында атқарған абыройлы еңбегінің арқасында мүмкін болғанын сөз етті. Тұрғындар мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық салада алдағы жылдары жарқын өзгерістердің орын алатынына зор сенімдерін білдірді.
А.ЕСІМХАНОВА.

