Павлодар ауданы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа Жолдауын облыс тұрғындары арасында насихаттау жұмыстары жалғасын табуда. Құрамында облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова мен Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың бас дәрігері Серім Сыздықов бар облыстық ақпараттық-насихаттық топ Павлодар ауданының Луганск елді мекенінде болып қайтты.
Шарада ауыл тұрғындарына стратегиялық құжатта айқындалған қоғам өміріндегі маңызды мәселелерінің шешілу барысы туралы айтылды. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері ауылдықтарға аталмыш Жолдауда жүктелген тапсырмалардың орындалу жағдайымен таныстырып өтті. Сондай-ақ, тәуелсіз мемлекетіміздің 20 жылдық тарихында қол жеткізген толайым табыстары мен Елбасы Н.Назарбаевтың ел алдында атқарған абыройлы еңбегі сөз етілді.
Ақмарал ӘДІЛБЕК.
Екібастұз қаласы
Облыстық ақпараттық-насихат топтарының бірі бейсенбі күні Екібастұз қаласына қарасты Тай, Төртүй ауылдарында болды. Төртүй елді мекенінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Павлодар облыстық филиалының директоры Е.Әбенов пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары С.Көшімбаев тұрғындарға Елбасы Жолдауында айтылған басым бағыттар жайында әңгімеледі. Ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, шағын несиелеудің маңыздылығы жөнінде тұрғындарға кеңінен түсіндірілді.
Тай ауылындағы кездесуге ақпараттық топты облыстық әділет департаментінің бастығы Ғалия Жолдыбаева бастап барды. Мұнда ауылдықтармен Жолдау міндеттері жөнінде мазмұнды әңгіме өрбіді.
Өз тілшіміз.
Железинка ауданы
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы А.Құрманова бастаған ақпараттық-насихаттық топ Еңбекші ауылында болды. Топ мүшелері Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы негізгі мақсат-міндеттерді бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Уәлиханов ауылына да барған екінші топ мүшелері Жолдауда жүктелген тапсырмалар жайлы кеңінен баяндады.
Е.ҚЫЗДАРБЕК.
Ақтоғай ауданы
Облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова мен Павлодар облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Владимир Берковский Басқамыс ауылдық округінде болды. Кездесуде ауыл тұрғындары пошта бөлімшесін ашу туралы мәселе көтерді. Ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері бұл сұрақты тиісті мекемелерге жолдайтындығын жеткізді. Шұға ауылындағы тұрғындармен облыстық «Салауатты өмір салты» орталығының директоры Тұңғышбай Баймаханов пен «Нұр Отан» ХДП Павлодар қалалық филиалы төрағасының орынбасары, Павлодар облыстық «Эльпида» грек ұлттық мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Людмила Ифандопуло кездесті.
Ф.ӘМІРЕНОВ.
Лебяжі ауданы
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы А.Күзеков, балалардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары А.Мәкенова, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары М.Үсенов, көліктік бақылау инспекциясының бөлім бастығы Ж.Маралбаев және «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрайымы А.Пак бастаған топ ауданға қарасты Шарбақты және Жамбыл ауылдық округтері тұрғындарымен кездесті. Шара барысында маңызды құжатта айқындалған басты мақсат-міндеттер, қоғамның түрлі салалары бойынша жүзеге асырылған жұмыстар туралы әңгімеленді. Қос ауылдың тұрғындары Жолдаудың негізгі басымдықтары аясында өз ой-пікірлерін де білдірді.
А.НҰРАХМЕТОВА,
Лебяжі ішкі саясат бөлімінің бас маманы.
Шарбақты ауданы
Ақпараттық-насихаттық топ Шарбақты ауданында болып, тұрғындармен кездесті. Құрамында облыс мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы Халел Әкімханов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөндіріс кешенінің аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Борис Назаренко, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Серік Байсейітов, өзге де бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары бар насихаттық топ Елбасы Жолдауында айтылған басымдықтарды халыққа егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ, олар мемлекетімізде тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді.
Н.ШОДЫР.
Май ауданы
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Т.Әбілқасымов бастаған ақпараттық-насихат тобы Май ауданының екі ауылында болып қайтты.
Май және Ақжар ауылы тұрғындарымен кездесуде Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының мәні мен маңызы, ондағы ауыл шаруашылығын қолдау мақсатындағы бағыттар жөнінде әңгіме өрбіді. Тұрғындар атқарылып жатқан шаралар төңірегінде мағлұмат алды.
Ж.АМАНТАЙ.

