Отандық өндірістің дамуына өзіндік септігін тигізіп отырған павлодарлық кәсіпорындардың қатарында «Қазэнергокабель» АҚ мен «KSP Steel» ЖШС-нің алар орны ерекше. Аймағымызда жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалардың бірқатары нақ осы кәсіпорындарға тиесілі. Бүгінде аталмыш екі зауыт та қарқынды даму жолына түскен. Алға қойған айшықты мақсаттары бар. Өндіріс ауқымын одан әрі кеңейтіп, табысты бастамаларды қолға алмақ ниетте.
Елімізде сым және кабель өнімдерін өндірумен аты шыққан «Қазэнергокабель» АҚ бүгінгі күнге дейін бірнеше инвестициялық жобаларды сәтімен жүзеге асырды. Соның бірі, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында өткен жылы тұсауы кесілген - алюминий ширатпасын (оралған сым) шығарудың жаңа жобасы. Оның ерекшелігі сол, жаңа өндіріске Павлодар жерінде өндірілетін алғашқы қазақстандық алюминий құймалары пайдаланылуда. Осы арқылы кәсіпорын бүгінде өзімізде өндірілетін алюминийдің жылына 15 мың тоннасын өңдеу мүмкіндігіне ие болып отыр. Яғни, алюминий шикізатын шығарып қана қоймай, одан дайын өнімдер жасауды қолға алып отырмыз. Бұл жобаға жалпы сомасы 300 миллион теңге инвестиция тартылды.
Жоғарыда атап өткендей, жоба бойынша ширатпа сым өндірісіне жылына 15 мың тонна шикізат қажет. Жергілікті шикізаттың пайдаланылуы өндірістің шығынын азайтуға, одан әрі сым, кабель сияқты дайын тауардың өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан бойынша «Қазэнергокабель» АҚ-нан басқа ешбір кәсіпорын алюминий ширатпасын өндірмейтін көрінеді. Алюминий ширатпасын шығару цехының бастығы Николай Стричишиннің айтуына қарағанда, өндірілген өнім еліміздің басқа да аймақтарындағы сым-кабель өндіретін зауыттарына жөнелтіледі. Біраз бөлігі кәсіпорынның өзінде пайдаланылады.
Осындай тың жобаның нәтижесінде шетелден (негізінен Ресейден) сатып алынып келген алюминий ширатпасын өзімізде шығаруға мүмкіндік туды. Алдағы уақытта еліміздің бұл өнімге деген сұранысын толық өтеу үшін өндірісті одан әрі ұлғайту көзделуде. Инвестициялық жобаның сәтті іске асырылғандығын бүгінгі жұмыс қарқынынан-ақ байқауға болады. Айта кетелік, «Қазэнергокабель» АҚ жақын болашақта телефон сымдарының жаңа түрлерін өндіруді қолға алмақ.
Тігіссіз құбыр шығаратын «KSP Steel» ЖШС-нің де бағыты айқын. Павлодар құбыр зауыты – еліміздің экономикасына тың серпіліс берген ірі жобалардың бірі. Оны 2007 жылдың 14 желтоқсанында Елбасының өзі салтанатты түрде іске қосты. Құбыр өндірісінен әлемдік нарыққа Қазақстанның атын шығарады деп күтілетін кәсіпорын бастан-аяқ осы күнгі әлемдік үздік технологиялар бойынша жұмыс істейді. Он түрлі болаттан атауы отыздан астам құбыр шығаратын зауыттың жобалық қуаты жылына 270 мың тоннаны құрайды.
Кәсіпорын өткен жылы жалпы құны 66785 миллион теңге өнім шығарған. Тауар түрінде алып қарайтын болсақ, бұл – 580,7 мың тонна болат және 125,5 мың тонна құбыр. Мұнда бүгінде 6051 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы мөлшері – 74 мың теңге.
Өткен жылы зауытта болатты вакуумдауға арналған қондырғы орнату бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Мұндағы инвестиция көлемі – 0,75 миллиард теңге. Алайда, «KSP Steel» ЖШС басшылығы мұнымен тоқтап қалмаймыз деп отыр. Қазіргі кезде теміржол рельстерін өндіру бойынша жаңа жобаны жүзеге асыруға қатысты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алдын ала болжамдар бойынша жылына шойын жолға қажетті 100 мың тонна рельс өндіріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, кәсіпорын Қазақстанның вагон жасау зауыттарына арналған қажетті темір құрылғыларын шығаратын цехтың құрылысын бастамақ.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

