Үстіміздегі жылдың 12 ақпаны күні «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалының ғимаратында партия мүшелерінің қатысуымен жиналыс өтті. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік партиясының атынан ҚР Президенттігіне үміткерлігін қолдау мақсатымен облыстық сайлауалды қоғамдық штабы құрылды.
Жиында сөз алған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, аталмыш облыстық штабтың төрағасы Ерлан Арын: «Павлодар облыстық сайлауалды қоғамдық штабының құрамына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің өңірдегі сенімді өкілдері мен республикаға танымал павлодарлық тұлғалар еніп отыр. Біз барлығымыз Елбасымыздың саясатын қолдаймыз әрі Президент саясатын орындауға қай кезде де дайынбыз»,- деді. Сонымен қатар, Ерлан Мұхтарұлы штаб жұмысының басты мақсаты - Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының кандидатурасын қолдау әрі тұрғындар арасында Елбасының сайлауалды бағдарламасын насихаттау екенін жеткізді.
Павлодар облыстық сайлауалды қоғамдық штабының құрамына өңірімізге танымал тұлғалар, мәдениет қайраткерлері, кәсіпорын басшылары, облысымыздың құрметті азаматтары, ардагерлер, кәсіпкерлер мен журналистер кіріп отыр. Атап айтар болсақ, олардың қатарында А.Әлкенов, О.Қожанов, Қ.Шәкәрімов, Н.Шабрат, Ш.Данбай, А.Күзеков, Ж.Лұқпанов, Л.Прокашева, В.Аввакумов және тағы басқа өңірімізге белгілі адамдар бар.
***
Өткен сенбіде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Павлодар қалалық филиалында сайлауалды қоғамдық штаб құрылды. Жуырда Астана қаласында «Нұр Отан» ХДП партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен партияның ХІІІ съезіне қатысқан облыстық делегация мүшелері алған әсерлерімен бөлісіп, бұқаралық ақпарат құралдары мүшелеріне сайлауалды штабтың мақсат-міндеттері жайлы айтып берді.
Аймағымызға танымал азаматтар, кәсіпкерлер, ұстаздар, партия мүшелері мен зейнеткерлерінің басын біріктірген сайлауалды штаб құрамында 33 адам бар. Штаб төрағасы Павлодар облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Владимир Берковскийдің айтуынша, штаб құрамындағы азаматтар еңбек етуге әзір, сондай-ақ қаладағы барлық көпқабатты үйлер мен мекемелерде ақпараттық-насихаттық кездесулерді өткізуге волонтерлерді жұмылдыру ісі қолға алынған.
- Павлодар қаласында 140 мың пәтер мен жеке тұрғын үй бар. Біздің мақсат – Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналып, халықтың орасан зор қошеметіне ие болған Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттап, оның мән-маңыздылығын шаһарымыздың әр тұрғынына жеткізу. Сондықтан «Есіктен - есікке» атты акцияны ұйымдастыруды жөн көрдік. Штабтағы 396 сенімді тұлға осы мақсатты абыроймен атқаратын болады, - деді В.Берковский.
Володарский көшесі, 129-үйде орналасқан сайлауалды штабта, сонымен қатар, қоғамдық қабылдау жұмыс істейді. Әр павлодарлық ҚР Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты ой-пікірін ашық білдіріп, ұсыныстарын айтуға құқылы. Штаб қызметкерлерінің сөзінше, қоғамдық қабылдауға қазірдің өзінде келушілер мен хабарласушылардың саны артуда.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың мүддесін қорғап, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарды атқаруды мақсат еткен қалалық штаб өзінің негізгі жұмысына үстіміздегі жылдың үшінші наурызында кіріспек.
Фархат ӘМІРЕНОВ.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

