Кеше Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс сайлауын бақылауды жүзеге асыратын Павлодар облыстық қоғамдық комиссияның құрылғандығы мәлім етілді. Осыған орай, Павлодардағы Инновациялық Еуразия университетінде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Қоғамдық комиссияның мақсаты - ашық та, әділ сайлау өтуін қадағалау. Кездесуде аталған комиссияның бақылау жұмыстарын ұйымдастыру барысы қалай жүзеге асырылатындығы, оған кімдердің қатыса алатындығы жөнінде айтылды. Мәслихат барысында аталған комиссияның мүшесі, ИнЕУ-дің проректоры В.Шнайдер өңірімізде сайлаудың өтуін қадағалауға қатысу үшін жекеменшік кәсіпорындардан және ешбір партияға тіркелмеген, бейтарап тұлғалар өтініш бере алатындығын айтты. Сондай-ақ, шетелдік бақылаушылар мен қатар жеке меншік кәсіпорындардан бейтарап азаматтар үндеу арқылы тартылатындығын баяндады. Жалпы өңіріміздегі 579 сайлау учаскесінің барлығына дерлік орталықтан бақылаушылар жіберілетіндігін атап көрсетті. Сайлау барысында қандай да бір келеңсіздік орын алса, комиссия орталығына 34-51-72 сенім телефоны арқылы хабар жолдауға болады. Сондай-ақ, Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия университетінің 114 кабинеті мекенжайы бойынша кез-келген жеке тұлға ақпарат түсіре алады.
Ж.АМАНТАЙ.

