БІЗ – БІРГЕМІЗ!

Өңір сайлаушылары ұйымшылдық танытты
Азаматтық парызына адалдық танытқан жұртшылық таңертеңгі сағат 07.00-ден бастап ашылған сайлау учаскелеріне барып, қолдарына бюллетень алып, қолайына жаққан кандидатқа дауыстарын берді.  Айта кетелік, тәуелсіз мемлекеттің халқы осымен төртінші мәрте ел Президентін сайлады. Алғаш рет елімізде президенттік сайлау 1991 жылы өткізілген болатын. Биылғы президенттік сайлауға облысымыздан 465 мыңнан астам азамат қатысады деп күтілсе, соның ішінде 18 жасқа енді ғана толып, алғаш дауыс берушілер саны 900-ді төңіректейді.
Жексенбі күні қалың сайлаушылардың қатарында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев та болды. Аймақ басшысы жұбайымен бірге Кенжекөл ауылындағы №50 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Азаматтық таңдауын жасаған Бақытжан Әбдірұлы дауыс беріп шыққан соң, бұл сайлаудың жалпы еліміздің болашағы үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
- Тәуелсіздігіміздің жиырма жылында біз бірталай жетістіктерге қол жеткіздік. Оның бәрі халықтың көз алдында. Оcы игіліктердің әрі қарай жалғаса түсуін ойлайтын әрбір азаматымызға бұл сайлаудың мән-мағынасы зор. Мен өзім ауылда туып-өскенмін. Ата-анамның сайлауға барып, дауыс бергендері есімде. Бұл күн барлық ауылдықтар үшін үлкен мереке болатын. Бүгінде мен азаматтарымыздың таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне              ағылып келіп жатқанын байқадым. Таңертеңгі сағат сегіз жарымда облысымыздағы сайлаушылардың 5,5 пайызы дауыс бергені туралы мәлімет түсті. Бұл - өте жақсы көрсеткіш, оның кешке дейін бірнеше мәрте еселене түсетініне сенімдімін. Шын мәнінде, бүгін тұрғындарымыз тек дауыс беріп қана қоймайды, сонымен бірге, өз болашағына таңдау жасауда. Қазірде сайлау учаскесіне қаншама жастар келіп жатқанын байқап тұрмыз. Осыған дейін ақпарат құралдарынан жастардың белсенділігін арттыру мақсатында әртүрлі флеш-моб акциялары өткізілгенінен хабардар болдық. Өмірінде алғаш рет дауыс беріп жатқандарға да бүгінгі күн ерекше деп ойлаймын. Еліміздің көркеюін, балаларының ертеңгі күнін ойлаған азаматтар дауыс беруде белсенділік көрсетуде, - деді облыс әкімі.
Кенжекөл ауылындағы №50 учаскелік сайлау комиссиясы барлығы 2730 cайлаушыны тізімге алған. Негізінде, дауыс беруге құқылы азаматтар саны одан артықтау. Бірақ комиссияға отыз адам келіп, басқа сайлау орнында дауыс беруге рұқсат алып кеткен. Сайлау басталғалы бір жарым сағат дересінде 370 адамның дауыс беріп үлгергені белгілі болды.
Сайлау күні Усолка шағын ауданында орналасқан №96 сайлау учаскесі де қарқынды жұмыс істеді. Таңертең ашылғаннан бастап, дауыс берушілердің қатары қалыңдай түсті. Арнайы кабиналарда таңдау жасауда жайсыздық болмасын деген мақсатпен сайлауға келушілерді сәл кідіртіп қоюға да тура келді.
Алдын ала тізім бойынша №96 сайлау учаскесіне Бекқожин көшесіндегі он үйден және Ткачев көшесіне қарасты екі үйден барлығы 2438 адам дауыс беруге келеді деп күтілді.          Аталмыш учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Ирина Тургулдинованың берген мәліметінше, отыз үш сайлаушы дауысты үйлерінде беруге өтініш білдірген. Оларға барлық мүмкіндік жасалды.
-Азаматтық борышымызды өтеуге жұбайым екеуіміз келдік. Себебі бізді еліміздің болашағы толғандырады. Тәрбиелеп отырған балалардың болашағына алаңдаймыз. Олардың өркениетті мемлекетте өмір сүруін көздейміз. Сол себепті осында келіп, таңдауымызды жасадық. Бүгінде елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты басты бағыт еткен саясат жүзеге асуда. Басқа елдерге қарағанда табысымыз мол, жетістігіміз көп. Ендігі жерде тек жұмыла еңбектенсек болғаны. Мен өзім - бұрын төтенше жағдайлар саласында жұмыс істеген жанмын. Қазір ұлым – студент, қызым мектепте оқиды. Бүгін өзім дауыс берген көшбастаушы тұлғамен бірге іргелі табыстарға одан әрі де қол жеткіземіз деп ойлаймын, - дейді біз сөзге тартқан Инновациялық Еуразия университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Бауыржан Шапкенов.  
Комиссия төрайымының берген мәліметі бойынша сағат 16.45-те сайлау учаскесіне тіркелген сайлаушылардың 76 пайызы дауыс берді.      

Дамудың жалғастығы үшін!
Өңіріміздегі саяси маңызы зор шара барысында ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Сайлаудың барысына ЕҚЫҰ миссиясынан, шет мемлекеттер мен ТМД елдерінен келген байқаушылар, сонымен қатар, еліміздегі ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері назар аударды. Барлық байқаушылар Павлодар облысындағы дауыс беру үрдістері талаптарға сай, қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асты, өрескел кемшіліктер мен қателіктер болған жоқ деп, жоғары баға берісті.
Павлодар қаласындағы №72 сайлау учаскесінде 2208 сайлаушы тіркелген. Комиссия мүшесі Ермек Сарбасов таңғы сағат 07.00-де дауыс беру залы ашылғанда алғашқы болып дауыс беруге келген азаматтардың көп болғанын атап көрсетті. Әрине, маңызды саяси шарада азаматтық борышын өтеуге өзгелерден бұрын келген сайлаушыларға сый-сияпат, құрмет көрсетілді. Мұндай құрметтен кәмелеттік жасқа енді толып, өзінің алғашқы азаматтық борышын өтеуге келген жастар да кенде қалған жоқ. Дауыс беруге ертерек келіп, кезек күтіп тұрғандардың арасынан С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ректоры, ҚР Президенттігіне үміткер Н.Назарбаевтың облыстық қоғамдық штабының төрағасы Ерлан Арынды, Павлодар ауданының әкімі Төлеген Бәстеновті кезіктірдік.
Абай атындағы №10 лицей-мектебінде орын тепкен №64 сайлау учаскесінде де белсенділік биік болды. Бұл учаскедегі сайлаушылардың тізімінде 2068 адам тіркелген. Учаскелік комиссия төрағасы Абай Махатов сайлаушылардың белсенділігі аса жоғары болғанын айрықша атап көрсетті. Біз осы учаскедегі бақылаушылар қатарынан ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның Павлодар өкілдігінің мүшесі, жазушы, Павлодар қалалық «Шаһар» газетінің редакторы Ғалымбек Жұматовты жолықтырдық. «Біздің қоғамдық комиссия республиканың барлық өңірлерінде жұмыс жүргізуде. Павлодар өкілдігінде 6 адам осы комиссия құрамына енгізілген. Төрағамыз – ИнЕУ проректоры Владимир Шнайдер. Осы №64 учаскеде бақылаушы ретінде қатысып отырып, азаматтарымыздың белсенділігін көрудемін. Сайлау үрдістері ешқандай кемшіліксіз, талаптарға сай жүзеге асуда. Бұл жерден соң, біз ауылдық аймақтарға да шығуды жоспарлап қойғанбыз», - деді өз сөзінде бақылаушы Ғ.Жұматов.
«Менің жасым таяуда ғана 18-ге толды. Міне, өмірімде азамат ретінде алғаш рет өз таңдауымды жасадым. Қуаныштымын, әрине! Тіпті, дауыс беру барысында қатты толқығанымды да жасыра алмаймын. Сайлауға, соның ішінде Президент сайлауына алғаш рет қатысқан өзім секілді барлық жастар толқыныста болған шығар деп ойлаймын. Біртұтас елінің келешегіне алаңдайтын әрбір саналы адам бұл сайлауда ең лайықты тұлғаны таңдайды деп ойлаймын!» Бұл – кәмелет жасқа енді ғана толып, өзінің сайлаушы ретіндегі ең алғашқы дауысын берген Павлодар қаласындағы гуманитарлық педагогикалық колледждің студенті Анастасия Туркалоның ақжарма пікірі. Анастасия өзінің дауысын Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық гимназия-интернатында орын тепкен №5 сайлау учаскесінде берді. Дәл осы учаскеде 18 жасқа енді толған Гүлрайхан Мейірманова да өзінің алғашқы таңдауын жасады. Оларға учаскелік комиссия төрағасы Орынтай Сәденова көпшілік көзінше естелік сыйлықтар табыс етті.

Кезек – қалың. Бауыржан – бірінші!
Павлодардағы №35 орта мектеп ғимаратында орын тепкен №6 сайлау учаскесіне барғанымызда дауыс берушілердің қалың кезегіне тап болдық. Азаматтық борыш пен патриоттық сезімді жоғары ұстап, елдің болашағы үшін дауыс беруге ентелесе келген ағайынның берекешіл һәм ертеңгі жарқын өмірдің жалғасына сенімді екенін байқадық.  
Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында орналасқан №11 сайлау учаскесінде таңғы сағат 07-де ең бірінші болып дауыс берген – С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Бауыржан Мұхамедияров. «Қылшылдаған жастық жалынды көрсетіп, өз қатарластарына азаматтық үлгі танытып, бірінші болып дауыс берген Бауыржанға ескерткіш сый табыстадық және барша қауым атынан алғыс білдірдік», - дейді №11 сайлау комиссиясының төрағасы Руслан Белялов.
Аталмыш учаскеде ТМД елдері байқаушылары құрамына кіретін Ресейдің Омбы облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Юрий Яковлев бастаған байқаушылар жұмыс істеді. «ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы барысына байқаушы ретінде Омбыдан 18 адам келдік. Сағат таңғы 07-де Павлодар селосындағы учаскенің ашылуына қатыстық. Сайлаушылардың белсенділігі ерекше екенін көрдік. Өздерінің азаматтық қалауын білдіруге ауыл халқы аса ынталылық танытатыны әу бастан белгілі. Ауыл жұрты ерте тұрады ғой әдетте. Аталмыш елді мекенде дауыс берушілердің кезегі қалың болғанын байқадық. Дауыс беру үрдістерінен ешқандай кемшілік, заң бұзушылық көргеніміз жоқ. Бәрі ойдағыдай, талапқа сай қалыпта жүзеге асуда.  Біздің байқаушылар облыстың басқа да өңірлеріне шықты. Аудандарда, Екібастұз қаласында орын тепкен сайлау учаскелеріндегі дауыс беру үрдістерін бақылауда. Өзара хабарласып отырамыз. Байқаушыларымыз бәрі сайлау барысында ешқандай кемшілік орын алмағанын хабарлауда.  Біз Қазақстандағы Президент сайлауы жоғары деңгейде өтетініне, қазақ халқы болашақ дамудың арнасынан ауытқымау үшін лайықты таңдау жасарына сенімдіміз. Ресей мен Қазақстандағы сайлау үрдістері өзара ұқсас. Десек те, Қазақстанда сайлаушыларға дауыс беруге қатысуға барынша қолайлы жағдайлар, мүмкіндіктер тудырылғанын айтпауға болмас. Мысалы, біздің елде азаматтар тек қана паспорты болғанда ғана дауыс бере алады. Ал сіздерде басқадай да мүмкіндіктер қарастырылған», - деді өз сөзінде ТМД елдері байқаушылары миссиясының құрамындағы Омбы облыстық делегациясының басшысы Ю.Яковлев.
Облыс орталығының байырғы оқу орнының бірі бизнес колледжде орналасқан №23 учаскеде сайлау ұйымдасқан түрде өтті. Күндізгі сағат 12-де тізімге тіркелген 2350 сайлаушының 50 пайызы дауыс беріп үлгерді. Учаскелік комиссияның төрайымы Галина Михайловна Малахованың айтуына қарағанда биылғы президент сайлауы ерекше жоғары деңгейде өтуде. Осы оқу орнында 40 жылдан астам басшымын. Біздің мекемеде орналасқан сайлау учаскесінде ылғи төрайым міндетін атқарып келемін, сайлаушылардың биылғыдай құлшынысын,  ұйымшылдығын, мереке күнгідей көңілді жағдайда болуын бұрын-соңды көрмеген едім, - деп Галина Михайловна ағынан жарылды. Әлгінде ғана сайлауға қатысып, дауыс беріп шыққан Александр Дмитриевич Мохов те қуанышты сезімін жасыра алмады. - Мен көп жылдар «Нефтехиммонтаж» құрылыс мекемесінде еңбек еттім. Қаладағы алюминий, мұнай өңдеу заводтарының іргесін қалап, іске қосуға қатыстым, - деді ардагер-құрылысшы. - Қазір зейнеткермін. Зейнетақым жеткілікті. Балаларымның барлығы ер жетті. Жақсы мамандықтары бар, сол бойынша жұмыс атқарады. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа ризамыз. Әрі қарай да басшылық етіп, Қазақстан халқын жақсылыққа жеткізе берсін деген оймен жарқын болашақ үшін дауыс бердім.

Ауылдағы қауым – қашанда алда!
Сайлауға белсене қатысқандардың қатарында Ақсу қаласына қарасты Айнакөл селолық округінің тұрғындары да бар. Жергілікті жалпы орта білім беру мектебінің ғимаратында орналасқан №439 сайлау учаскесіне жұртшылық таң сәріден ағыла бастады. Нәтижесінде сағат тілі жетіні соқпай тұрып-ақ дауыс беруге келген халық қарасы әжептәуір жиналып қалды.
Еліміздің мемлекеттік Әнұраны шырқалып, сайлау учаскесі жұмысын бастады. Алғашқы болып өз таңдауын ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Социал Мусин жасады. Ақсақал ерте тұрып, ауа райының қолайсыздығына, жапалақтап жауып тұрған қарға қарамастан жұбайы Дәметаймен бірге сайлау учаскесіне келіп, азаматтық борышын атқарды. Тіптен, балалары мен кішкентай немерелерін де ерте келген. «Талай сайлауға қатыстық, алайда тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығы тұсындағы бұл шараның маңызы ерекше. Тарихи оқиға десе де болады. Бұл сайлау – егемендіктің мерекесі, салтанаты. Тәуелсіздіктің тойы. Онымен қоса, аға буын, ақсақал атана жүріп, осындай айтулы күні ұйықтап жатуды ұят санадым. Сондай-ақ, Отан алдындағы жауапкершіліктің, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктің не екендігін сезінсін, түсінсін деген ниетпен немерелерімізді де ертіп келдік», - дейді С.Мусин.
Социал Еркебұланұлы  - осы Айнакөл ауылының тумасы. Қырық жылдан астам уақыт бойы туған өлкесінің болашағы үшін еңбек еткен ол бүгінде сол еңбегінің зейнетін көріп отыр. Жетпістен асқан ақсақалдың жеті баласы бар. Жұбайымен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, қазіргі кезде 13 немере сүйіп отырған жайы бар. «Мен бақыттымын. Ізімді жалғар ұрпағым бар. Келешегі кемел, ынтымағы мен бірлігі жарасқан елде өмір сүреміз. Бұдан артық не керек?! Сондықтан біз бүгін, отбасымызбен дауысымызды Қазақ елін осынау белестерге көтерген, абыройын асырып, асқақтатқан казіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бердік. Елінің мақтанышына айналған, қалтқысыз сеніміне ие болған Көшбасшымыз тұрғанда балаларым мен немерелерімнің болашағы баянды боларына еш күмәнім жоқ», - деді ақсақал.
Жалпы, Айнакөл селолық округіне қарасты Айнакөл, Сынтас, Қарабай және Көктас елді мекендерінің тұрғындары үшін екі сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сегіз жүзден астам сайлаушы тіркелген.  «Тұрғындарымыздың сайлауға  қатысу белсенділігі өте жоғары болды. Сайлаушыларымыздың дауыс  беру көрсеткіші жүз пайызды құрап отыр. Яғни, жасы 18-ге жеткен ауылдықтардың ешбірі еліміздің болашағы үшін саяси маңызды шарадан қалыс қалған жоқ. Әсіресе жастар қауымының конституциялық құқықтарын пайдаланып, таңдауларын жасауға ынталы екендіктерін көріп, қуаныстық», - дейді Айнакөл селолық округінің әкімі Аманжол Мүбәраков.


Мұхит ОМАРОВ,
Асыл Әбішев,
Нұрбол Жайықбаев,
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.


 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30