Екібастұз қаласында өткен қолдау шарасына қатысушылар осылай деді
Кеше Екібастұз қаласында ҚР Президенттігінен үміткер Н.Ә.Назарбаевтың кандидаттығын қолдау мақсатында өнеркәсіп орындарының жұмысшылары форум өткізді. Шараға «Қазақстан вагон жасау компаниясы», «Богатырь Көмір», «Шығыс» кеніші, «Екібастұз ГРЭС-1 станциясы», «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» кәсіпорындары мен өзге де сала өкілдерінен құралған ұзын саны 5 мыңнан астам адам қатысты. Салтанатты жиында «Қазақмыс» корпорациясы тобы директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким сөз сөйледі.
Форумды ҚР Президенттігіне кандидаттың облыстық штабы жетекшісі Ерлан Арын кіріспе сөзбен ашты. Ол 3 сәуір күні бүкіл еліміз үшін тарихи маңызды күн екенін, сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келіп өз таңдауларын жасайтынын айтты. Бұл - келешек үшін жасалатын қадам. Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің сайлауалды тұғырнамасы негіздерін Қазақстан халқына Жолдауында және «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезіндегі мәлімдемесінде жария еткен болатын. Онда елімізде халықтың әл-ауқатын, елдің экономикасын көтеруге бағытталған сан алуан істерді атқару жоспарланып отыр. Келешекте Елбасымен бірге толағай табыстарға, тұрақтылыққа қол жеткізу – басты мақсат. Тек қана алға, Қазақстан!
«Қазақмыс» директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким:
- «Мен «Нұр Отан» партиясының мүшесі және сайлаушы ретінде тәуелсіз Қазақстанды құрған Тұңғыш Президентіміздің, Елбасының кандидаттығын қолдаймын. Шағын қала болса да, бүгін Екібастұз елге қажетті электр қуаты мен көмірді беріп келеді. Мұнда көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұл - Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының дәлелі. Алдағы бес жылда кенді аймаққа 5 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады, станциялар мен көмір кеніштерінің өндірістері еселенеді, - деді өз сөзінде.
Екібастұздың кеншілері және энергетиктері алдында ірі кәсіпорын басшылары да өз ниеттерін танытты. «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ «Шығыс» кенішінің директоры В.Привалов: «Нұрсұлтан Назарбаев – бізді үнемі алға қарай жігерлендіретін, келешекке деген нық сенім ұялататын, жалпыұлттық жеңісімізге бастайтын көшбасшымыз. Онымен бірге жаңа жетістіктерге, жаңа белестерге жететінімізге сенімдіміз», деді. Ал «KEGOC» АҚ кадр тобы инженері В.Сорокина: «Мен Елбасыны терең ризашылық сезіммен қолдаймын. Біз аспанымыз ашық, Отанымыз тыныш болып қала беруін тілейміз» деп, ағынан жарылды.
Форум барысында мінбеге шыққандар биылғы жылы еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл толып отырғанын, осынау айтулы белеске татулық пен келісімнің арқасында жеткенімізді мақтанышпен атады. Олар өз ойларын Қазақстанның келешегі – оның тұрақты дамуы мен кемелдене өркендеуі, халқымыздың ауызбіршілігі жарасып, ауқатты өмір сүруі тек қана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты деп түйіндеді.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ,
Екібастұз қаласы.

