Қазақстан Президенттігіне кезектен тыс сайлаудың алдын ала қорытындылары бойынша халықтың басым бөлігінің дауысына ие болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісін Павлодар облысындағы жақтастары ерекше атап өтуде. Кеше осыған байланысты облыс орталығындағы «Астана» мұз сарайында 10 мың адамның басын қосқан «Біз жеңдік!» атты форум ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Сағынтаев, аталған партияның жергілікті мүшелері, аймақтағы ірі кәсіпорындардың басшылары мен қызметкерлері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Егемен еліміздің тарихына зер салсақ, тәуелсіз Қазақстанның аумалы-төкпелі, қиямет-қайым кезеңде өзгелерге ұқсамайтын, өзіндік, сара даму жолынан өткеніне куә боламыз. Мемлекет пен қоғам дамуының түрлі кезеңдерінде алға қойған мақсат-міндеттер салиқалы саясат пен сауатты басқарудың нәтижесінде, бірте-бірте, сатылап, табысты іске асырылды. Мұның бәрі реформалық үрдістердің бастауында тұрған Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына тікелей байланысты екені даусыз. Қазақстан басшылығының саясаты әрдайым бірізділік пен дәйектілікке, қисынға сүйенді. Соның арқасында, жиырма жылдың айналасында Қазақстан үздіксіз жаңғыру, жаңару жолынан өтті. Мемлекет басшысымен жүзеге асқан реформалар айқын да нақты екі негізді тірек етті. Олар даму қағидасын басшылыққа алу және инновациялық ұмтылыс болатын. Ұлттық даму стратегиясына негіз болған осы екі басымдықтың қосындысы қазақстандық жаңғыру моделінің табысына кепіл болды.
Бүгінде Елбасы есімі еліміз үшін келешек дамуымыздың кепіліне айналған. Мемлекет басшысының өткен жиырма жыл ішінде халық тілегіне орай жүргізген саясаты мен ізгі істерін халықаралық қауымдастықтар жоғары бағалады. Жүзден астам ұлттың басын бір арнаға тоғыстырып қоймай, олардың арасындағы ынтымақ пен бірлікке негіз болуы, халыққа бейбіт өмір жасап беруінің өзі оның даналығын паш етсе керек. Бейбітшілік пен ынтымақ бар жерде жасампаздық та, бақыт та орнығады. Еліне адал берілген Тұңғыш Елбасыны халқы бағалай да қадірлей біліп, әркез қолдау танытуда. Кезектен тыс өткен жалпыхалықтық сайлаудың алғашқы нәтижелері соның дәлелі болды.
Жүздерінде қуаныш оты лаулаған форумға қатысушылар лебізі Елбасының жеңісі – әр сайлаушының жеңісі деген түсінікті айқын аңғартты. «Ел тыныш, ел аман, Президент Нұрсұлтан!» деп ұрандатқан көпшілік жасампаздық пен жарқын болашақтың кепілі Тұңғыш Президенттің амандығын тілеп, оған әрдайым қолдау болатындарын жеткізді.
Шарада Елбасының өз сайлаушыларына деген ризашылық сезімі мен шынайы алғысы жазылған бейнекөрсетілімнен үзінді ұсынылды. «Теңдессіз сенім білдірген халықтың тілегі алдағы жұмыс-жоспарларыма негіз болады», деп атап айтты Н.Назарбаев. Сондай-ақ, облыстарда әрекет еткен штабтардың жұмыстарына алғысын жеткізді.
Облыс әкімі Б.Сағынтаев жерлестерімізді әділ сайлаудың нәтижелі өтуімен құттықтады.
- Қазақстанның әрбір тұрғыны Тұңғыш Президентке дауыс бере отырып өзінің болашағы, елінің келешектегі тұрақтылығы мен дамуы үшін таңдау жасады. Орталық сайлау комиссиясы хабарлағандай, қазақстандықтардың 95,5 пайызы «Нұр Отан» партиясы атынан ұсынылған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президент болғанын қалайды. Павлодарлықтар мемлекет үшін маңызы зор шарада барынша белсенділік танытты. Бұқара халық Елбасының жеңісіне аса қуанышты. Біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласында бүгінге дейін талай ізгі істер атқарылды. Мемлекеттік үдемелі индустриялық дамыту бағдарламасы аясында облыста 110 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жетістіктердің барлығы - тәуелсіздік жылдары Мемлекет басшысымен бірге қол жеткізген нәтижелеріміз. Кемеңгер Елбасымызбен бірге еліміздің көші түзу келеді. Ел болашағын Ұлт көшбасшысының қолына сеніп тапсырамыз! Елбасының жеңісі – елдің жеңісі! Алға, Қазақстан!-деді аймақ басшысы.
Н.Назарбаевтың кандидатурасын қолдап, дауыс берген Тәуелсіз еліміздің көркеюін шын ниеттен тілейтін әрбір азамат өзінің асқақ борышын өтегенін мақтанышпен жеткізді. Кандидат Н.Назарбаевтың облыстық штабының басшысы Ерлан Арын сайлау науқаны кезінде өңірдегі барлық жергілікті штабтардың жұмысы жақсы жолға қойылғанын атап өтті. «Біздің тағдырымыз, келешегіміз Елбасымен байланысты. Халық өз таңдауын жасады. Көпшіліктің тілегі қабыл болып, Нұрсұлтан Әбішұлы жеңіске жетті. Бұл сайлау барлығымыз үшін аса маңызды болды», деп атап өтті Е.Арын.
Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС-нің директоры Александр Поляков еліміздегі ауыл шаруашылығы саласында соңғы жылдары іске бастаған игі шаруалардың негізгі бастауында Елбасының өзі тұрғанын, болашаққа межеленген жұмыстар Ұлт көшбасшысы елді билеп тұрған шағында толығымен атқарылады, деп көпшіліктің сенімін жеткізді. Білім саласының қызметкері Құралай Мұқышева, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясының электромонтері Серік Заңов пен Чехов атындағы облыстық драма театрының әртісі Ольга Светенкова 3 сәуір – Қазақстан Президентін сайлау күні ел халқы үшін «ақ түйенің қарны жарылған күн» болғанын айтып, Мемлекет басшысының егемен әрі тұрақты, бейбітшіл Қазақстанды қалыптастырудағы ролі туралы айрықша тілге тиек етті. Ал жастар атынан сөз алған Айбек Оралхан, Елбасының жарқын істері елдегі ұл-қыздарымыздың сапалы білім алып, кәсіби маман болуына жағдай жасап отырғанын мақтанышпен айтты.
Шарада патриоттық әндер шырқалып, көпшілікке шаттық пен сүйіспеншілік сезімін сыйлады. Нұрсұлтан Әбішұлының жақтастары еліміздің болашағы мен серпінді дамуын Тұңғыш Президентіміздің қолына сеніп тапсырамыз деген тілекпен тарқасты.
Мұрат АЯҒАНОВ.

