Зара ҚОЖАХМЕТОВА, облыстық мұсылман әйелдері лигасының төрайымы:
- Мен әрдайым Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын қолдаймын. Осындай кемеңгер басшымыздың арқасында еліміз қиын күндерді артқа тастап, жарқын болашаққа қадам басты. Қазіргі таңда Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Балаларымыз бен немерелеріміз бақытты да бейбіт күн кешуде. Бұл ақ жаулықты аналар мен асқар таудай аталардың арманы еді. Міне, сол асқақ арман орындалды. Енді біз еш алаңсыз өмір сүреміз.
3 сәуір, яғни сайлау күні Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді өкілі ретінде облыс орталығындағы №62 учаскеде болдым. Сонда отырған адамдар мен дауыс беруге келген жерлестеріміздің көңіл-күйі көтеріңкі екенін байқадым. Азаматтық парыздарын орындап, ел ертеңі үшін өз таңдауларын жасаған тұрғындардың дауыс бергеннен кейінгі бірін-бірі құттықтап, Елбасына үлкен сенім артып жатқан қуанышты сәттерін көріп, сүйсіндім. Мұның бәрі Президенттің адалдығы мен парасаттылығына деген халықтың зор ықыласы деп білемін.
Людмила ПРОКАШЕВА, ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, коньки тебуден Нагано олимпиадасының қола жүлдегері:
- Кезектен тыс Президент сайлауына халық өте белсенді қатысты. Бұл күні мен Елбасының сенімді өкілінің бірі ретінде сайлау учаскесінде отырдым. Түске дейін бұл учаскеде тіркелген тұрғындардың 50 пайыздан астамы өз таңдауларын жасап үлгерді. Осыған қарап, отандастарымыздың патриот әрі көздері ашық екендігін байқауға болады. Ал бүгінде халық таңдауы Елбасы болғанын естіп, қуанып тұрмын. Әрине, біз үшін Нұрсұлтан Әбішұлының алар орны ерекше. Небары 20 жылдың ішінде Қазақстан өркениетке қол жеткізіп, дамыған елдердің қатарына қосылды. Әсіресе, елімізде спорт саласын дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Өз басым спортшы ретінде Президенттің осы бағыттағы саясатын қуана қолдаймын. Биылғы жылы 7-ші қысқы Азиада ойындарының біздің елде өтуінің өзі - үлкен мәртебе, зор жетістік. Сондықтан да, біз Елбасымен бірге биік белестерді бағындырып, арманымызға жетеміз деп сенемін!
Сапар ШАЛАБАЕВ, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің жастар істері жөніндегі комитетінің төрағасы:
- 3 сәуір күні бүкіл қазақстандықтар үшін үлкен тарихи оқиға болды. Осы күні біз өз таңдауымызды жасап, еліміздің Президентін сайладық. Шараға, әсіресе, жастар қауымы белсене қатысты. Мен олардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, қолдау көрсеткендеріне куә болдым. Менің ойымша, жастар дұрыс таңдау жасады. Тәуелсіз мемлекетіміздің бір ғана Көшбасшысы бар. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлы. Оның жеңіске жеткені – біз үшін ортақ жетістік, зор қуаныш. Жастардың қатысуымен ұйымдастырылып отырған осынау форум да - соның дәлелі. Береке-бірлігі жарасып, бақытты өмір кешіп жатқан барша отандастарымызды жеңістерімен құттықтаймын.
Болашақтың іргесін Елбасымен бірге қалап, асыл мұраттарымызға бірлесе жететінімізге кәміл сенемін!
Пікірлерді жинаған - Нұржайна ШОДЫР.

