Министр сапары

Бұған дейін хабарлағанымыздай Павлодар облысына іссапармен келген ҚР Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова жұма күні түстен кейін Инновациялық Еуразиялық университетінде болып, оқу корпусын аралап, білім ордасының қазіргі жағдайымен танысты. Сонымен қатар ол аталмыш университетте ЕҚЫҰ-ның Қазақстан Республикасындағы өкілетті елшісі Александр Кельчевскийдің Астанада өтетін саммитке байланысты көпшілікке арнап оқыған дәрісіне қатысты. Оған облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттер шақырылды.

Еліміздегі бетке ұстар жоғары оқу орындарының қатарынан табылған ИнЕУ-де студенттерге халықаралық стандарттарға сай білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде мұнда отандық және шет елдік ғалымдар жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті, білікті мамандар даярлауда. Соның нәтижесінде, университет халықаралық институционалды аккредиттеуден сәтті өтіп, еуропалық деңгейдегі жаңа магистрлік бағдарламалар бойынша Темпус білім беру консорциумының толық құқылы серіктесі болуға мүмкіндік алған. Биыл оқу орнының бір топ дарынды түлектері республика бойынша тұңғыш рет жаңғыртылмалы энергия саласындағы ғылым магистрі дипломдары мен еуропа елдерінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін сертификаттарға ие болды. Атап өтерлігі, университеттің техникалық базасы да заман талабына сай жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін зертхана бөлмелері де ашылған. Жоғары оқу орнының осынау жетістіктерімен таныс болған Гүлшара Әбдіқалықова оң баға берді. Бұдан соң лауазымды тұлға ЕҚЫҰ-ның Қазақстан Республикасындағы елшісі Александр Кельчевскийдің көпшілікке арналған дәрісін тыңдады.

Жиналған қауым алдында сөз алған өкілетті елші Александр Кельчевский үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің басшыларының басын қосатын саммиттің мақсаты, маңызы және дайындық барысы жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, саммитке ЕҚЫҰ-ның құрамына енген 56 ірі ел мен он серіктес мемлекеттің Президенттері, министрлері мен басқа да лауазым иелері келеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда елімізде бұл үлкен саяси науқанды ойдағыдай өткізуге байланысты дайындық жұмыстары мен қауіпсіздік шаралары қызу жүргізілуде. «Саммитті ұйымдастырудағы басты мақсат - мемлекеттер арасында тыныштық, бейбітшілік орнату, лаңкестік әрекеттердің алдын алу, әскери-саяси қауіпсіздік шараларын жетілдіру, сондай-ақ адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету. Міне, осы аталған мәселелерге байланысты әлемдегі ең алпауыт елдердің Президенттері пікір алмасып, келіссөздер жүргізеді. Тәуелсіз ел атанғанына жиырма жыл ғана болған Қазақстан сынды жас мемлекеттің осындай үлкен қадам жасауы - оның әлем алдындағы беделін арттыра түсетін болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзге мемлекеттер басшыларының бір мәмілеге келіп, Еуропа қауіпсіздігі үшін мұндай маңызды шешім қабылдауының өзі - зор мәртебе», - деді Александр Кельчевский. Сонымен қатар ол осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Хельсинкиде ЕҚЫҰ-ға мүше отыз бес елдің қатысуымен саммит өткенін айтып, ол кездегі жағдай да, саясат та қазіргідегіден басқаша болғанын жеткізді. Студенттерді толғандырған сауалдарға да жауап берді. Жиын соңында университет ұжымының шешімімен Александр Кельчевскийге «ИнЕУ-дің құрметті профессоры» дипломы салтанатты түрде табыс етілді. Бұдан соң Гүлшара Әбдіқалықова бастаған бір топ қонақтар облыс орталығындағы «Самал» сауықтыру орталығы қоғамдық қорында болып, мүгедек балалардың жағдайымен танысты. Мұнда тізімде 170 бала тұр. Күн сайын 80 мүгедек балаға қажетті медициналық-психологиялық көмек көрсетіледі. Балалардың барынша сауығып кетуі үшін логопед, психолог, дефектолог, невропатолог, арт-терапевт сынды білікті мамандар жұмыс істейді. Жеткіншектердің өмірге деген құлшыныстарын арттыру мақсатында қызықты үйірмелер де ашылған. Ондағы музыкалық үйірмеден ән айтуды, би билеуді үйренген мүгедек балалар қонақтарға арнап шағын концерт ұсынды. Осыдан кейін лауазымды тұлға облыстық кемтар балаларды сауықтыру орталығына да бас сұқты. Онда жарымжан жеткіншектер үшін жасақталған емдеу-сауықтыру бөлмелерін аралап көрді. Бұл орталық негізінен 50 балаға шақталған. 3-18 жас аралығындағы кемтар жеткіншектер мен жасөспірімдерді сауықтыру үшін барлық мүмкіндік жасалған. Соның нәтижесінде, сал болып жүре алмай қалған бірқатар жарымжан балғындардың аяғына жан кіріп, өзі жүре алатындай дәрежеге жеткен екен. Бүгінгі күнге дейін осында 400-ден астам балаға түрлі медициналық-сауықтыру қызметі көрсетілген. Бұдан соң астаналық меймандар «Сүт» акционерлік қоғамында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Аталмыш мекеменің директоры Сәуле Дүйсембаеваның айтуынша, мұнда табиғи сүт өнімдеріненің 20-дан астам түрі шығарылады. Павлодар облысымен қатар республиканың өзге де өңірлерін қамтитын акционерлік қоғам тәулігіне 60-70 тонна сүт өнімдерін шығарады. Мекеме соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жаңартылған. Қазірде мұнда 250 адам қызмет істейді. Олардың басым бөлігі - жас мамандар. Сондай-ақ мекеме шетелдік мамандармен де қоян-қолтық жұмыс істеп, тәжірибе алмасуда.

Бірқатар мекемелерді аралап, өз көзімен көрген Гүлшара Әбдіқалықова облыста тұрғындар үшін жасалып жатқан игі бастамалар бар екенін айтты.

Нұржайна ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31