Осы аптада Халықаралық әйелдер күні мерекесі және Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында облыс әйелдерінің форумы болып өтті. Оған өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп жүрген іскер әйелдер, саясаткер қыз-келіншектер шақырылды.
Аймақтағы асыл жанды аналар мен аяулы арулар бас қосқан игі шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Алқалы жиында әйел затының отбасындағы және қоғамдағы ролі, гендерлік саясат мәселелері жан-жақты сөз болды.
Әйел – Отан анасы, отбасы ұйытқысы
Көгілдір көктемнің шуақты күнімен қатар келетін «8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні» мерекесінің әр адам үшін маңызы зор. Себебі, осы атаулы күн – ақ жаулықты әжелер мен ардақты аналардың, сүйікті әпкелер мен қылықты қыздардың мерекесі. Сонысымен де бұл - маңызды да мазмұнды мейрам. Осындай айтулы күннің құрметіне арналып ұйымдастырылған Форум аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау сөзімен ашылды.
- «Әйел - өмір тірегі ғана емес, әйел-өмірдің өзі»,-деп еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, бір ғана «әйел» ұғымына дөңгеленген дүниенің бар кереметі сыйғандай. Оған аймен таласқан әсемдік те, көреген көсемдік те, мейірім мен нәзіктік те мағыналы теңеу, мазмұнды балама болмақ. Ал солардың ең қасиетті де қастерлісі – «АНА» сөзі. Одан асқан ұлылық, одан асқан құдірет жоқ.

Қазақстанның гүлденіп, көркеюі, дәулетті де сәулетті мемлекетке айналуы отбасындағы тату тірлікке байланысты. Ал үй ішіндегі мамыражайлық - ананың қолында. Содан болса керек, әйел ошағымыздың ұйытқысы, Отанымыздың сақтаушысы, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі, ұлттық мәдениетіміздің мәйегі ретінде бағаланады. Кез келген жан алдымен ананың ақ сүтін өтеуді міндет етеді. «Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды» деп көреген халқымыз бекер айтпаса керек. Қашанда даналылық сөзге жүгінген еліміз бүгінгі таңда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өркениетті өмірге қарыштап қадам басуда. Әйелдер қауымы елдің тыныштығын сақтап, Елбасының бастамасымен қолға алынған реформаларға қолдау білдіріп, іс жүзінде де, рухани тұрғыда да демеу көрсетуде. Облысымыздың нығаюы мен өркендеуі жолында атқарылған игі жетістіктер мен жеңісті де жемісті істерге аймақтағы қыз-келіншектердің қосқан үлесі зор», - деді жүрекжарды лебізін жеткізген Б.Сағынтаев.
Аймақ басшысы атап өткендей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аянбай тер төккен нәзік жандардың орны қашанда бөлек. Мәселен, облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызын әйелдер құрайды екен. Сондай-ақ, бірқатар департаменттер мен басқармалардың тізгінін ұстап, өз саласының жұмысын жандандыруда алғырлық танытып жүрген басшы әйелдер де аз емес.
Жалпы, Павлодар өңірінде гендерлік тепе-теңдік мәселесіне ерекше мән берілген. Олай дейтініміз, қазіргі таңда аймақтағы екі мыңнан астам түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға қыз-келіншектер жетекшілік етсе, 157 әйел үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қорларды басқарып отыр. Сонымен қатар, аудандық және қалалық мәслихатта 37 депутат әйел бар.

Өткен жылы республика бойынша тұңғыш рет облыс орталығында құрылған аймақтық саясаткер әйелдер клубы да павлодарлық қыз-келіншектердің заман талабына сай өмір сүріп, саяси белсенділігін арттыруға ықпал етуде.
Осылайша, облыс әйелдері қоғам өмірі мен саясатқа үн қосып қана қоймай, ұрпақ тәрбиелеуге, елдің демографиялық жағдайының өсуіне де мол үлес қосуда. Атап айтар болсақ, өңірде «Алтын алқа» белгісімен марапатталған 3095, ал «Күміс алқа» иегері атанған 3030 ана бар екен.
Шара барысында өңіріміздің өркендеп, дамуы жолында облыс әйелдерінің атқарған жұмыстары толағай екендігі баяндалды.
Облыс әйелдерінің форумында сөз алған «Серіктестік орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры, Павлодар облыстық «Азаматтық Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнар Даржұманова:
- Қоян жылы барша қазақстандықтар үшін аса маңызды жылдардың бірі болды. Бұл жылы Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына аяқ басты. Еліміздің еңсесі биіктеп, экономикалық-әлеуметтік сала қарыштап дамыды. Тарихи оқиғаларға толы тәуелсіздік жылдарында әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінгенін атап өткен жөн. Бүгінде мемлекетіміздің әр облысында әйелдердің тікелей қатысуымен қоғамдық бірлестіктер жемісті жұмыс атқаруда. Олардың көмегімен қоғамда орын алған көптеген әлеуметтік мәселелер шешілуде. Сонымен қатар, «Тұрмыстық зорлықтың алдын-алу туралы», «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдігі туралы» бірқатар Заңдар қабылданды. Мемлекет басшысы ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік мәселесіне баса назар аударып, әділ гендерлік саясат жүргізудің бастамашысы бола білді. Елдегі кез келген салада әйел азаматтар тең құқықтық пен мүмкіндіктерге қол жеткізді. Олардың күнделікті өмірдегі қызметі мемлекеттің, жалпы қоғамның дамуымен ұштасуда, - деді.

Баяндамашы айтып өткендей, егемен еліміздің әйелдері мемлекет тарапынан ерекше қамқорлыққа бөленіп, зор құрметке, мол сенімге ие болуда. ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мұрындық болуымен құрылған «Гендерлік саясат» институты соның дәлеліндей.
Қайсар да еңбекқор нәзік жандардың бизнеске араласуына да зор мүмкіндіктер жасалуда. Осының барлығы билік тарапынан әйел затына, оның өмірі мен отбасына көрсеткен қамқорлықтың дәлелі болса керек. Бұл бағытта баяндама жасаған «Табыс» ЖШС-нің директоры Гүлнар Тоқпаева елде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше мән берілгендігінің арқасында көптеген еті тірі әйелдер кәсіпкерлікпен айналысып, ел дамуына мол үлес қосып жатқанын жеткізді. Бүгінде ол басшылық етіп отырған серіктестікте 200-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл – өзгелерге үлгі боларлық іс. Ал «Гофротара» ЖШС-нің директоры Гүлнар Қайдарова әйелдердің қолынан барлық іс келетінін айтып, жігерлі қыз-келіншектерді бизнеске шақырды.
- Облыс көлемінде жұмыс жасап жатқан үкіметтік емес ұйымдардың басым бөлігін әйелдер басқарып отыр. Соның арқасында олар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар атқаруда. Осындай жүгі ауыр, жауапкершілігі мол іс-шараларды жүргізуге қабілеті зор әйелдер кез келген кәсіпті меңгеріп кететініне кәміл сенемін!, - деді ол.
«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, аталмыш форумда облыс әйелдерінің отбасы, ошақ қасындағы ролі де әңгіме арқауына айналды. Осы тақырыпта баяндама жасап, өз пікірін білдірген «Бес асыл» қоғамдық қорының директоры Ләззат Асқарова:
- Барлығымыз – біреуге ана, біреуге аяулы жар, біреуге сіңліміз. Біз ошақ басынан кетпей-ақ қоғамның түрлі салаларына араласуды бүгінгі күннің талабы деп білеміз. Отбасының ұйытқысы болып, бала-шағаға дұрыс тәрбие беру де – саясат.
Қазақ халқы әуелден-ақ бала тәрбиесіне айрықша мән беріп, оны ата-ананың борышы санаған. Өйткені, бала – болашақ иесі. Айтпағым, қаракөз ару қыздарымыз бүгінде елімізге адал қызмет атқаратын ұрпақ тәрбиелеуді есте сақтағаны жөн. Дана халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының өзі – тәрбиенің көзі емес пе? Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жалғастыру - біздің қолымызда, - деді.
Облысымызда басқарушылық қызметте жүрген білімді, іскер әйелдер де баршылық. Солардың бірі - Қашыр ауданы, Коммунар ауылдық округінің әкімі Алтынай Дүйсенбаева. Шараға қатысып, биліктегі әйелдердің ролі мен жұмысының нәтижесі туралы баяндаған ол:
- Біздің елде биліктегі әйелдер құқығының ер-азаматтармен тең дәрежеде болғаны қуантады. Мен ауыл әкімі ретінде мемлекеттің үмітін ақтауға тырысамын. Бүгінде мемлекет тарапынан ауылдық жерлердегі тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы атқарылып жатқан істерге ризамын. Бақытты өмір сүруге барлық жағдайлар жасалған. Мәдениет, денсаулық нысандары жаңадан бой көтеріп, ауылдықтардың игілігіне жарауда. Телефон байланысы мен интернет желісі де бар. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында ауылдық елді мекендер жыл сайын гүлденуде. Қаймағы бұзылмаған ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына замандастарымның да қосқан үлесі аз емес. Сұлулық пен мейірімділіктің нышанына айналған қыз-келіншектер әлі де болса болашағымыз үшін аянбай еңбек ететініне бек сенімдімін, - деді.
Аймағымыздағы белсенді нәзік жандылардың басын қосқан алқалы жиын әйелдерді қоғам өміріне белсене араласып, ел дамуына үлес қосуларына берілген мол мүмкіндікті жіберіп алмауға үндеді.
Форум соңы елімізге танымал өнер жұлдыздарының ән кешіне ұласты. Мерекелік концертте Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының әртісі Ж.Тапин, қазақстандық танымал әнші Бүркіт, сондай-ақ Д.Баспаева мен Р.Сейітбеков есімді балет жұбы өнер көрсетті.
Н.ШОДЫР, А.ЕСІМХАНОВА.

