Кеше аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген отырысы болып өтті. Отырыста көктемгі дала жұмыстарының ұйымдастырылу деңгейі, мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындығы және тағы басқа мәселелер бойынша тиісті басқармалар басшыларының есебі тыңдалды. Күн тәртібіне шығарылған әрбір мәселеге қатысты аудандар мен қалалардың әкімдері де есеп берді.
Облысымызда жыл өткен сайын егіс алқаптарының көлемі артып келеді. Биыл 1 миллион 78 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызу жоспарланған. Бұл - өткен жылғымен салыстырғанда 68,2 мың гектарға артық көрсеткіш. Белгіленген аумақтың 853,4 мың гектарын алтын дән - астықты алқап алып жатыр. Қазіргі дейін аталмыш аумақтың 66 пайызына тұқым себілді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасеновтің айтуына қарағанда, егістік жұмыстарын алдымыздағы айдың біріне дейін аяқтау жоспарланған. Бұл тұрғыдан алғанда, барлық аудандардың жоспарлы жұмыстарды тиянақтау бойынша үлгерімі жақсы. Десе де, бірді-екілі аудандардың егіс жұмыстарын белгіленген уақытта аяқтай алмау қаупі бар. Мысалы, астықты өлке Ертіс пен Баянауыл ауданында көктемгі егіс жұмыстары сәл кешеуілдеп тұр.
Аймақ бойынша 230,7 мың гектар алқап майлы дақылдарға тиесілі. Бұл бағыт бойынша жұмыстар бірнеше күннің ішінде аяқталмақ. Сондай-ақ, картоп, басқа да көкөніс түрлерін және дәнді дақылдарды жер төсіне сіңіру қызу жалғасуда. Алайда, белгіленген жоспарға ілесе алмай келе жатқан өңірлер де жоқ емес. Оның ішінде, әсіресе, Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтардағы кешеуілдеген жағдай әкімдік отырысында ерекше сынға ілікті.
Б.Қасенов облыс бойынша тұқым қоры жеткілікті екендігін айтты. Тіпті, дайындалған тұқым көлемі сұраныстан жоғары болып отырған көрінеді. Яғни, ауыл шаруашылығы құрылымдарын тұқым қорымен қажетті көлемнен де артық қамтамасыз ететіндей мүмкіндік бар. Жанар-жағармай бойынша да тапшылық жоқ. Көктемгі егістік жұмыстарына арзандатылған бағамен 15 мың тонна дизельді отын бөлінген. Олар әрбір өңірге үлестіріліп бірілді. Алайда, кейбір аудандарда бөлінген жанар-жағармайды игеру көрсеткіші төмен. Мысалы, Екібастұз қаласына қарасты ауылдық аймақтарда бұл көрсеткіш небары 50 пайызды құрап отыр. Ал Ертіс ауданында - 73 пайыз. Ертіс ауданының әкімі Владимир Левченко өңір шаруаларына сұранысқа сәйкес қажетті жанар-жағармай жеткілікті мөлшерде алынғандығын атады. Артық дизельдік отын қажет емес деді ол. Осыны ескере отырып, отырыс барысында кейбір аудандардан артылған жанармай басқа өңірлердің диқаншыларына берілуі қажет деген шешім қабылданды.
Облыс әкімі Б.Сағынтаев аудандар мен қалалар әкімдеріне көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы аяқтауды қатаң тапсырды.
Жиын барысында облыс түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы сөз болды. Жалпы, биыл аймақ бойынша 6029 адам мектеп бітіреді. Оның 5144-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш беріпті. Атап өтерлігі, аймағымызда «Алтын белгіге»162 үміткер бар. Облысымызда он тестілеу бөлімшесі жұмыс істейтін болады. Оның алтауы Ақтоғай, Баянауыл, Железинка, Ертіс, Қашыр аудандарында және Ақсу қаласында орналасқан. Қалғаны Павлодар және Екібастұз қаласындағы жоғары оқу орындарында жұмыс жүргізеді. Ал тестілеу бөлімшесі жоқ Успенка, Лебяжі, Павлодар және Шарбақты аудандарының түлектері сынақты облыс орталығында тапсырады. Май ауданының мектеп бітірушілері Ақсу қаласына жеткізілмек.
Қазіргі кезде түлектерді тасымалдау, жатын орындарын ұйымдастыру, тамақтандыру мәселелері толығымен шешілген. Бұл мақсаттарға қалалар мен аудандардың бюджетінен барлығы 8,2 миллион теңге қарастырылған. Түлектердің қауіпсіздігін құқық қорғаушылар, жол полициясының, медицина мекемелерінің қызметкерлері қадағалайтын болады.
Облыс мектептерінде ҰБТ-ға деген дайындық әдеттегідей, ерте басталды. Алдын ала тестілеу шаралары ұйымдастырылды. Өкінішке қарай, оның көрсеткіштері көңіл көншітерліктей емес, дейді облыстық білім беру басқармасының өкілдері. Қазіргі кезде алдын ала жүргізілген тестілеулердің қорытындысы бойынша аймағымыздағы орташа балл 85,96-ны құрап отыр. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда шамамен үш балға төмен. Мардымсыз нәтижеге жол бергендердің тізімінде Лебяжі, Қашыр, Шарбақты, Успенка, Павлодар аудандары бар. «Өкінішке қарай, аудандарда алдын ала тестілеулердің нақты қорытындыларын әдейі жасырып қалу тәжірибесі бар. Яғни, жергілікті жерлердегі құзырлы мекемелер өкілдері белгілі болған көрсеткіштерді бірнеше балға төмендетіп беруге тырысады. Себебі кейін, ҰБТ кезінде түлектер алдын ала тестілеуде көрсеткен ұпайдан төмен алып қалса, онда айырмашылық соншалықты оғаш көрінбейді», - дейді облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Гүлжан Қадырбаева. Аймақ басшысы мұның ақылға қонымсыз екендігін баса айтты. «Сіздердің осының барлығын біле тұра неліктен ешқандай шара қолданбай жүргендеріңіз түсініксіз. Қазір нақты балл санын жасырып, тестілеуден кейін «біз жоғары көрсеткіштер алдық» деп мақтанасыздар. ҰБТ - балалардың нақты алған білімін тексеруге бағытталған шара. Оны жай ғана есеп беріп, жақсы атақ алу үшін пайдалануды тыю қажет», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Сондай-ақ, отырыста балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын қамтамасыз ету және еңбекпен қамту мәселесі қаралды. Биыл облыс бойынша 39 мың оқушыға белсенді демалыс шаралары ұйымдастырылып, 45 мың мектеп тәрбиеленушілері еңбекпен қамтылмақ. Бұл - барлық оқушылар санының 98 пайызы. Жаз мезгілінде туристік-өлкетану, интеллектуалдық, спорттық, экологиялық және шығармашылық бағытта 600-ден астам лагерьлер жұмыс істейтін болады.
Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан балаларға көп көңіл бөлінеді. Алдымыздағы жаз айларында жаппай оқыту қорының қаражаты есебінен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған мыңнан аса бала және тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленетін сегіз мыңға жуық оқушы демалыспен қамтылатын болады. Аталмыш мақсатқа қалалар мен аудандардың бюджетінен 108,7 миллион теңге бөлінген. Балалар үйлерінде, түрлі интернаттарда тұратын жасөспірімдер де назардан тыс қалмайды. Оларға кәсіпорын, компаниялар тарапынан демеушілік көмек көрсетілмек. Тіптен бірнеше балаларға шетелге барып келу мүмкіндігі туып тұр.
Жаз шыға шомылу маусымының да басталатындығы белгілі. Бұл - құтқарушылардың жұмысы қыза түсетін кез. Сондықтан, аймағымыз кезекті шомылу маусымына қаншалықты дайын деген сұрақ туындайды. Сала бойынша бірқатар алаңдаушылық тудырып отырған мәселелер бар. Мысалы, аудандарда арнайы жабдықталған жағажайлар жоқ. Құтқарушылар қызметінің техникалық жабдықталуы көңіл көншітерліктей жағдайда деп айту қиын. Адамдардың қауіпсіздік шараларын қадағаламайтындығы да үлкен мәселе тудырып отырған көрінеді. Атап айтар болсақ, соңғы үш жылда 602 адам суға кеткен. Олардың көбі тыйым салынған жерлерде шомылыпты. Сондай-ақ басым бөлігі мас күйінде болғандығы анықталып отыр. Демек, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кең тұрғыда әрі терең мазмұнда жүргізілуі тиіс.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

