Футболдан Астананың «Локомотив» командасы Ямайканың кебін киді. Ел біріншілігінің 13-турында Павлодарға қонаққа келген Хольгер Фах шәкірттері жергілікті «Ертіс» футболшыларынан 5:0 есебімен ұтылды. «Ертістің» тамаша ойынына куә болған жанкүйерлер әйгілі «Аргентина-Ямайка 5:0» әнін әуелете шырқады.
Турнир кестесінің бірінші сатысында келе жатқан елордалықтар биылғы біріншіліктегі екінші жеңілісіне ұшырап отыр. Бірінші айналымда Астанада өткен ойында командалар 0:0 есебімен тарқасқан болатын. Осы жолы жерлестеріміздің асығы алшысынан түсті. Павлодарлықтар ойынды ширақ бастады. Кездесудің 19-минутында Константин Заречный есеп ашып, жергілікті команданы алға шығарды. Допты кеудеге алып, 20 метрдей жерден шірене тепкен ол теңбіл допты Ненад Эрич қорғаған қақпада тулатты. Араға 10 минут салып, шабуылшы Георгий Даскалов есепті 2:0-ге жеткізді. К.Заречныйдың берген добын ұтымды пайдалана білген ол «Ертістің» Қазақстан чемпионатындағы 1000 голын соқты. Алғашқы кезеңді 2:0 есебімен аяқтаған футболшылар кездесудің екінші жартысында тамаша футбол кешін ұйымдастырды. Әсіресе, «Ертіс» жігіттері барын салды. Жерлестеріміз Г.Даскалов пен А.Дорош «Локомотив» қақпашысының мазасын алды. Тартысты ойынның 64-минутында Павел Шабалин қонақтар қақпасына үшінші голды енгізді. Милан Николичтің айып алаңына асырған добын голға айналдырған П.Шабалин жанкүйерлердің ықыласына бөленді. Кездесу аяқталуға 10 минут қалғанда «ертістіктер» 4-ші голдарын соқты. А.Дорошты алмастырған Глеб Мальцев астаналық қорғаушыны алдап өтіп, Г.Даскаловқа тамаша пас шығарды. Бос қақпаға теңбіл допты итере салған соңғысы дубльдің авторы атанды. Ойын соңына таман жасыл алаңға жанкүйерлердің сүйікті ойыншысы Мұрат Тілешев шықты. Жарақатынан құлан таза айығып болмаған ол Г.Мальцевпен бірлесіп, бірнеше ұтымды шабуылдардың шетін шығарды. «Ертістіктер» ойында жауапсыз төрт гол соқса да, қорғанысқа жамбастап жатып алмай, қарымта шабуылдар ұйымдастырумен ерекшеленді. Негізгі уақыт 4:0 есебімен аяқталып, бас төреші қосымша үш минут қосты. Ойын аяқталуға санаулы секундтар қалғанда Павел Шабалин екінші голын соғып, есепті 5:0-ге жеткізді. Елордалықтарды ойсырата ұтқан «Ертіс» турнир кестесіндегі орнын сақтап қалды. Жерлестеріміз 14-маусым күні сырт алаңда Қостанайдың «Тобылына» қарсы ойнайды.
Біріншіліктің 13-турында «Қайрат» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдап, 3:0 есебімен тізе бүктірді. «Шахтер» сырт алаңда Өскеменнің «Востогын» 2:1 есебімен ұтса, «Тобыл» Талдықорғанның «Жетісуынан» басым түсті. Есеп–1:0. «Қайсар» 1:0 есебімен «Таразды» айналып өтсе, «Атырау» мен «Ордабасы» арасындағы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Мергендер көшін «ақтөбелік» Марат Хайруллин бастап келеді. Оның еншісінде 8 доп бар. «Шахтердің» шабуылшысы Сергей Хижниченко 7 доппен екінші орында келеді. «Ақтөбенің» тағы бір шабуылшысы Малик Мане 6 доппен үздік үштікті қорытындылап тұр. Жерлесіміз Георгий Даскаловтың қоржынында 5 доп бар. Анатолий Дорош пен Глеб Мальцев 4 реттен көзге түссе, Павел Шабалин үш мәрте мергендік танытты.
Георгий ДАСКАЛОВ, «Ертістің» шабуылшысы:
-Көш бастап келе жатқан команданы ұттық. Қуанышымызда шек жоқ. Екі мәрте гол соғып, көзге түстім. Маған осындай тамаша жағдай жасаған әріптестеріме айтар алғысым шексіз. «Локомотив» мықты команда. Бірақ, бүгін біздің жолымыз болды. Жеңістеріңіз құтты болсын, жерлестер!
Павел ШАБАЛИН, «Ертістің» жартылай қорғаушысы:
-Бүгінгі ойында қарсыластар қақпасына екі мәрте доп енгіздім. Шыны керек, біздің командада гол соғатын мүмкіндіктер көп болды. Кездесу жоғары деңгейде өтті. Жанкүйерлердің қолдауының арқасында маңызды жеңіске қол жеткіздік. Алдағы ойындарды да дәл осындай қарқынмен жалғастырамыз деген сенімдемін.
Хольгер ФАХ, «Локомотив» командасының бас бапкері:
-Ойын тартысты өтті. Талғат әріптесімнің шәкірттері шеберлік танытты. Қарсыластарымды шын жүректен құттықтаймын. Футболдың заңы – сен гол соқпасаң, саған соғады. Павлодарлықтардың ойыны осы қағида бойынша өрбіді. «Ертіс» - Қазақстан біріншілігіндегі мықты ұжым. Біздің командамен терезесі тең. Сондықтан жеңілгенімізге басымызды салбыратып, еңсемізді түсірмейміз. Себебі, алда әлі талай кездесеміз.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

