облыс әкімі мәслихатта осылай деді
ӨНДІРІС КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ
Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев ағымдағы жылдың жеті айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары туралы есеп берді. Сессияға қалалар мен аудан әкімдері, атқарушы орган басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі баяндамасында атап көрсеткендей, өңірдің өнеркәсіп саласы экономиканы алға жетелеп, көрсеткіштері күннен күнге жақсарып келеді. Жағымды жаңалықтың бірі - өткен жылы біздің облыс ел аумағында өнеркәсіптік өндірістің көлемі индексі бойынша 12-ші орында болса, үстіміздегі жылдың соңғы үш айында көшбасшылық шепке шыққан.
Облыс әкімі аймақтың экономикасына тау-кен өнеркәсібінің қосқан үлесі қомақты екенін бөле-жара атап, жоғары көрсеткішке ірі кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуінің арқасында қол жетіп отырғанын тілге тиек етті.
Биыл Елбасының қатысуымен «Қазақстан электролиз заводы» АҚ-ның екінші кезегінің іске қосылуы аймақ үшін айрықша мәнге ие болды. Облыс әкімі осындай өндіріс орнының нәтижесінде бастапқы алюминий шығару көлемін 250 мың тоннаға жеткізуге мүмкін болғанын атады. Қуантарлығы, жыл басынан бері барлығы 124,6 мың тонна алюминий шығарылған, бұл өткен жылғы деңгейден 1,8 есеге асып түседі. «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Кастинг» ЖШС дағдарысқа дейінгі кезеңнің көлемін қайтадан қалпына келтіріп, тіпті өндіріс көлемін өсіре білген. Ал «КSP Steel» ЖШС жіксіз құбырларды шығару көлемін 65,6 мың тоннаға жеткізіп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсірген.
Облыс әкімі кәсіпорындардың барлығы орын алған қиындықтарға қарамастан өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, әлеуметтік пакеттерді толық мөлшерде сақтап қалғанын айрықша атады.
Бүгінгі күні облыста құны 682,4 миллиард теңге сомасындағы 42 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Аймақ басшысы оның әрқайсысы белгілі бір деңгейде өзіндік бақылауда екенін жеткізді.
- Іске қосылған жобалар 2227 жаңа жұмыс орнын ашып, аймаққа 70 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Игі істер мұнымен аяқталмайды, жыл соңына дейін тағы да 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың барлығы тиісті кесте бойынша жүзеге асырылуда, - деді Б.Сағынтаев өз сөзінде.
Шағын және орта бизнестің белсенді нысандарының саны 20 мыңнан асып жығылады. Облыс әкімі аталмыш саланың қарқынды дамуына Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасының алар орнын кеңінен сөз етті. Алқалы отырыста бүгінгі күні аймақтың 56 бизнес жобалары екінші деңгейлі банктерде қарастырылып жатқаны айтылды. Оның 11-і бизнес-бастамаларды қолдауға бағытталса, 44 жоба кәсіпкерлік секторды сауықтыруға жол тартпақ. Өкінішке қарай, қазіргі таңда тек бір ғана жоба несиелеуге қабылданған. Б.Сағынтаев бұл екінші деңгейлі банктердің өздерінің бас басқармаларымен келісім жасау мерзімінің ұзаққа созылуымен байланысты, дейді. Жыл соңы да жақындап қалғаны белгілі. Ал шағын бизнес бұл қаржыларды сарыла күтуде. Облыс әкімі осы кемшін тұсты ескере отырып, банк басшыларын кәсіпкерлердің өтініштерін қарастыруды және несие беруге қажетті құжаттарды рәсімдеуді жеделтеуге шақырды.
Елбасы биылғы Жолдауында жоғары технологиялы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы агроөнеркәсіптік кешенді жүйелі түрде дамыту қажеттігіне баса мән берген болатын. Бұл тапсырма аймақта да өз көрінісін тапқанға ұқсайды. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін жеті нысан іске қосылған. Бұл орайда аймақ басшысы «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингі» АҚ-мен белсенді байланыс орнағанын атап өтті. «Сонымен бірге ауыл шаруашылығының тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау жүзеге асуда. Көктемгі егіс жұмыстарын несиелеуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарды дамытуға, өнімділігі жоғары асыл тұқымды мал сатып алудың шығындарын субсидиялауға, малдың қысқы жем-шөбін әзірлеуге және өндіруге 9,7 млрд. теңге қарастырылды. Оның 3,6 млрд. теңгесі бүгінгі күні игерілді», деді Б.Сағынтаев. Мал шаруашылығында тұрақты жағдай сақталып отыр. Мал басы өсіп, өндіріс көлемі де еселенген. Дегенмен, тиісті құрал-жабдықты қасапханалар салумен қамту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда облыста 95 қасапхана жұмыс істейді. Бұл жеткіліксіз, дейді облыс әкімі. Әлі де 37 пункт салу қажет. Осы ретте қасапханалармен толық қамтылған Ертіс және Шарбақты аудандарын атауға болады. Ал Май, Қашыр, Успенка аудандарында бұл іс алға баспаған сыңайлы. Себебі қасапханалармен қамту көрсеткіші әлі де ширақ жұмысты қажет ететінін аңғартады. Осыған байланысты аймақ басшысы аудандар әкімдеріне жыл соңына дейін барлық ауылдық округтерде мал союға қажетті арнайы пунктер мен алаңдар салу ісін толық аяқтауды шегелеп тапсырды.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА СЕРПІН МОЛ
Б.Сағынтаев атап көрсеткендей, осы жылдың алғашқы алты айында 107 отбасы баспаналы болса, жыл аяғына дейін әлі де 300 отбасы қоныс тойын тойлау мүмкіндігіне қол жеткізбек. Облыс орталығында 72 пәтерлі ипотекалық үйдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, тағы да 64 пәтерлі бір үйдің құрылысы жалғасуда. Сонымен бірге Павлодар және Екібастұз қалаларында екі бірдей жалдамалы тұрғын үй салынып жатыр. Павлодарда облыстық бюджет есебінен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып коммуналдық тұрғын үй құрылысы жүзеге асуда. «Қазақстан алюминийі» АҚ өзінің қызметкерлеріне арнап 128 пәтерлі тұрғын үй салып берсе, ал Ақсу ферроқорытпа заводы 62 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жалғастыруда. Ал «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Ақсу қаласында бұрынғы жатақхана ғимаратын 48 пәтерлі тұрғын үйге лайықтап жөндеп жатыр. Облыс әкімі өзге де ірі кәсіпорындар мен компаниялардың басшыларын әріптестерінің осындай игілікті істерін қолдауға шақырды.
Өңірде әлеуметтік дүкендер ашу арқылы нарыққа өндірушіден тікелей тауар жеткізу бағытында жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Бүгінде 17 әлеуметтік сауда нүктесі жұмыс істейді. Мұнда азық-түлік арзандатылған бағамен сатылады. Жиында облыс әкімі жаз бойы бапталған көкөністі қысқы мерзімде сақтау мәселесі мықтап қолға алынғанын жеткізді. Бүгінде тұрғындарды қысқы мезгілде көкөніс өнімдерімен қамтитын жалпы сыйымдылығы 70,7 мың тонналы 77 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін Ақтоғай және Павлодар аудандарында осындай 2 қойманы іске қосу жоспарланып отыр.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша да жұмыстар жалғасын табуда. 167 нысанда жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның алпысында барлық жөндеу жұмыстары аяқталды, қалғанында іс-шаралар жалғасуда. Аймақ басшысы жыл соңына дейін бұл жұмыстар толығымен аяқталатынын жеткізді. Отырыста мәлім болғандай, жыл басынан бері 6134 жұмыс орны ашылыпты, қуантарлығы, оның үш мыңнан астамы - тұрақты жұмыс орындары. Оған қоса Жол картасы бойынша қосымша алты мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде жұмыспен қамту орындарына жұмыс іздеп келушілер саны 21,8 пайызға азайған. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға деген қамқорлық - басты назарда. Яғни жалғызбасты, жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүгедектерге, ардагерлерге, аз қамтылған азаматтарға тұрғын үй-коммуналдық қызмет шығындарына өметақы төлеу жалғасуда. Облыс әкімінің гранты бойынша аз қамтылған отбасылардан 452 студент ЖОО-да тегін білім алып жатыр. Биыл да бұл гранттар бөлінуде. Тек енді жоғары сұранысқа ие мамандықтарға көңіл бөлінбек. Аймақ басшысы жас мамандарды ауылдық елдімекендерге тарту бағытындағы бірқатар ынталандыру шараларын атап көрсетті. Соның ішінде биыл қолға алынған пайыздық мөлшерлемесі төмен несиеге кеңінен тоқталды. Бұл несие жастарға 15 жылға 0,01 пайызбен беріледі. Мөлшері 890 мың теңге көлемінде болмақ. Железинка, Успенка аудандары мен Екібастұз қаласында ғана өтініштер қаралу үстінде. Өкінішке қарай қалған қалалар мен аудандар әлі де іске кіріспеген көрінеді. Б.Сағынтаев қалалар мен аудан әкімдеріне жас мамандарды ауылдарға көптеп тартуға күш салуды тапсырды.
Ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласына Ұлттық бірыңғай жүйенің енгізілгені белгілі. Жиында осы саладағы оң көрсеткіштер де сөз болды. Мәселен, негізгі демографиялық көрсеткіштер жақсарып, сәбилердің шетінеуі 27 пайызға, ал ана өлімі 2,9 есеге төмендеген. Туберкулез ауруы да, одан көз жұматын науқастардың қатары да біршама сиреген. Есесіне қан айланымы жүйесінің ауруларының, сондай-ақ онкологиялық сырқаттардың өсуі алаңдатып отыр, - деді облыс әкімі. Сондықтан алдағы уақытта аталмыш саланың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасып, білікті мамандар тарту ісіне баса назар аударылады.
Білім беру саласындағы мәселелер де назардан тыс қалмады. Әсіресе, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемелермен қамту ісі өзекті саналады. Биылдан бастап Елбасының бастамасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасы бойынша аймақта 20 балабақша қалпына келтірілген. Қыркүйек айында 80 мектепке дейінгі шағын орталықтар ашылмақ. Сонымен бірге аймақтың үш қаласында 280 орындық балабақша бой көтереді деп жоспарлануда. Б.Сағынтаев бұл шаралар облыста бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткішін 71 пайызға жеткізетінін тілге тиек етті. Аймақ басшысы білім саласындағы жетістіктердің бірі ретінде ҰБТ-ның жоғары көрсеткіштерін айрықша атады.
Атқарылған жұмыстарды баяндаған аймақ басшысы, алдағы мақсат-міндеттерді де айқындап берді. Яғни еліміздің үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберіндегі 14 жобаның барлығын жүзеге асыру қамтамасыз етіліп, қолданыстағы кәсіпорындар заманға сай жетілдірілуі тиіс. Отандық өндіріс тауарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру да назардан тыс қалмауы қажет. Ал ауыл шаруашылығында астық жинау науқанын сәтті аяқтау маңызды мәнге ие. Шикізатты өңдеу, оны сақтауға қолдау жасау ісі де өзекті деп танылып отыр. Аймақ басшысы жауапты орган өкілдеріне Жол картасы бойынша жөнделіп жатқан нысандарды белгіленген мерзімінен кешіктірмей тапсыру қажеттілігін тағы бір мәрте ескертті. Бизнес саласында әкімшілік кедергілерді барынша жою, шағын және орта бизнес нысандарын жеңілдікті несиелеу бойынша мемлекеттік қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болды. Сонымен бірге өңір басшысы инфляция деңгейін жоспарланған меже аясында (106- 108 пайыз) сақтап тұру керек дегенді қадап айтты.
ӘКІМ ЖҰМЫСЫ ОҢ БАҒАСЫН АЛДЫ
Аймақ басшысының есебінен кейін, облыстық мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың төрағалары жарыссөзге шығып, облыс әкімінің атқарған жұмысына баға берді. Сонымен қатар өз бағыттары бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Кемшін тұстарды да бүгіп қалған жоқ. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев бірқатар ұсыныстар мен ой-пікірлерге бірден жауап қатып, мәселелердің мән-жайын тарқата айтып берді.
Алдымен сөз алған экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Николай Шабрат былай деді:
- Баяндамада нақтылық, болашаққа деген сенім айқын аңғарылды. Шыны керек, Бақытжан Әбдірұлы, дағдарыс шырмауынан шығу бағытында тыңғылықты іс атқардыңыз. Дағдарыстан кейінгі уақытта да оның салдарын жоюға жүйелі жұмыс жасалғанына куәміз. Оның нәтижесін тұрғындардың әл-ауқатынан аңғару қиын емес. Оң өзгерістер баршылық. Мәселен, облыс орталығы адам танымастай ажарланып, ел аузында жүр. Енді осы тазалықты, тәртіпті сақтау әрбір тұрғынның міндеті екенін халық түсінсе деймін. Тағы бір айтарым, тұрғын үй төбелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жылдар бойы күрмеулі болғаны баршаға аян. Міне, бүгінде осы істе ілгерілеушілік бар. Айналаға көз жүгіртіп, атқарылған ауқымды жұмыстарға қарап, аймақ басшысының жұмысына комиссия атынан оң баға беремін.
Н.Шабрат бірқатар ұсыныс-тілектерін де бүгіп қалған жоқ. Әсіресе, аулаішілік аумақтарға жөндеу жұмыстарымен қатар оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізетін мектептен тыс орындар ашылса деген ниетте. Сонымен қатар жөн-жосықсыз автотұрақтарды реттеу керектігін еске салды.
Ал әлеуметтік және мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Ерлан Арын аймақта әлеуметтік міндеттемелер толығымен жүзеге асқанын бөле-жара атады. Облыс әкіміне әлеуметтік саладағы қызметтер мен қолдаулар желісін барынша кеңейтуге мүмкіндік жасалғанына ризашылық білдірді. Ол сондай-ақ жыл сайын әлеуметтік нысандардың көптеп жөнделуін, жаңа ғимараттардың бой көтеруін өңірде әлеуметтік жағдайдың жақсы бағытқа ойысқанының белгісі екенін атады. С.Торайғыров ескерткішінің өзіне лайықты орынға көшірілуі, Павлодар қалалық мәдениет сарайына Естай Беркімбаевтың есімі берілуі және биыл бой көтерген Академик Қ.Сәтбаевтың еңселі ескерткіші үшін облыс әкіміне халық атынан үлкен алғыс айтты. Депутат бірқатар ұсынысын білдірді. Мәселен, Жол картасы бағдарламасын орта мектептермен қатар бастапқы кәсіби білім беру ошақтарына да бағыттауға көңіл бөлінуі тиіс. Комиссия төрағасының ойынша, облыстың мәдени өміріне өткен жылдары айтарлықтай оң өзгеріс әкеле білген «Мәдени мұра» бағдарламасын жандандыру қажет. Ол бұл бастама 2011-2015 жылдарға арналса деген ниетте.
Б.Сағынтаев бұл ұсынысты бірден құптады. «Бағдарлама жалғасын табады. Себебі бұл - берері мол бастама. Ауылдық елдімекендерді аралау барысында тұрғындар осы бағдарламаға алғыстарын жаудырып жатады. Демек, қайта жандандыру қажет-ақ. Мәдениет басқармасы жан-жақты ойластырып, жобасын жасауы тиіс», деді облыс әкімі.
Экология және қоршаған ортаны қорғау комиссиясының төрағасы Гүлнар Досжанова тұрғындар денсаулығы үшін маңызды саналатын таза ауыз су мәселесіне кеңінен тоқталды
- Аймақ басшысының баяндамасынан ауыл шаруашылығы кешеніне барынша күш-жігер салынатынын аңғардық. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге бар жағдай жасалып жатқанын мойындауымыз қажет. Тек соны жер-жерде жауапты органдар тиімді жүзеге асыруға көңіл бөлінуі тиіс, - деді аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Серік Сүлейменов. Комиссия төрағасы ретінде бірқатар мәселелерді жеткізді. Солардың бірегейі ретінде аудандық әкімдіктер жұмысының осал болуынан ауыл шаруашылығына бағытталған қаржының алаяқтардың қолында кетіп жатқанын атап өтті. Осы орайда ол «Жайлау» бағдарламасына қатысты Ақтоғай ауданында орын алған келеңсіздікті мысалға келтірді. Облыс әкімі «Жайлау» бағдарламасына қатысты орын алған олқылықты аудан әкімінің кемшілігі деп бағалады.
Азаматтардың құқығы мен мүдделерінің заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Александр Бабенко облыста қылмыс саны соңғы жылдары төмендеп отырғанын атады. Облыс әкімі қылмыстың алдын алуға арналған облыстық бағдарлама қолға алынатынын мәлімдеді. Депутат А.Бабенко қалалар мен аудандардың көрікті келбетіне зиян келтірушілер жазасыз қалмауы тиіс деген ойын да бүгіп қалмады. А.Бабенко сондай-ақ шағын және орта бизнеске көп көңіл бөлініп жатқанын, енді осы салада еңбек қатынасын заңдастыруға мән берілуі тиіс деген пікірде.
Жарыссөзден кейін 2010-2012 жылдарға арналған облыстық бюджет нақтыланды. Бұл жөнінде мәлімдеген облыс экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Галина Давдрикова бюджет биыл Жол картасын жүзеге асыру кезінде үнемделген қаржыны бөлу үшін нақтыланып отырғанын жеткізді. Бағдарламаның конкурстық шараларын тиімді әрі дер кезінде өткізу нәтижесінде 305,1 миллион теңге үнемделген. Қаржы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салалары мен жол жөндеу сынды жұмыстарға бағытталмақ.
Сессия отырысында сөз алған барлық депутаттар аймақ басшысының атқарған жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта өңір игілігі үшін қоян-қолтық қимыл жасайтындарын уәде етті.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

