Кеше Естай атындағы Павлодар қалалық мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын болып өтті.
Мерекелік шарада облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасап, тәуелсіз еліміздің аса қастерлі құжаты – Ата Заңның мәртебесі мен маңызына кеңінен тоқталды. Салтанатқа жиылған қауымды айтулы мерекемен құттықтай келе, облыс әкімі:
- Конституция – мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің, кемел келешегіміздің кепілі. Қазақстандықтар осыдан 15 жыл бұрын ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтыла отырып, тарихи тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз – Астана қаласы – әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Ата Заңымыз қазақ халқының бостандығы мен дербестігін тәуелсіздігі мен бейбіт өмірінің сан ғасырлық мақсат-мүддесінің мәні болып табылады. Қазіргі Ата-Заңымыз – қазақ мемлекеттілігінің биіктігі, мыңдаған ұрпақтың асқақ арманы, Тәуелсіздік үшін болған ұлы күрестің нәтижесі мен табысы, - деп атап көрсетті.
Облыс басшысы өз сөзінде Қазақстан бүгінде әлемдік кеңістікте демократиялық әрі зайырлы мемлекет ретінде танылғанын, 129 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып отырғанын бөле-жара атады.
Еліміз посткеңестік кеңістікте тұңғыш болып ЕҚЫҰ секілді аса беделді ұйымға төраға болып отыр. Қала берді, одан да өзге халықаралық ірі ұйымдардың толыққанды мүшесі саналады. Әлемдік ірі мемлекеттер Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде мойындайды. Осының бәрі – Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының айқын жемісі болып табылады.
Қазақстан халқы Ата Заңның аясында татулық пен бірлікте, түсіністікте тұрмыс кешіп, әл-ауқаты еселей артып келеді. Елімізде орын алып жатқан осындай игі өзгерістер мен даму қарқынын сөз еткен облыс әкімі өңірдегі жүзеге асып жатқан айшықты істерге де тоқталып өтті. Елбасының тапсырмаларының ойдағыдай жүзеге асуының арқасында әлеуметтік бағыттардың дамуы да көш ілгері басты. Жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Жаңа кәсіпорындар желісі ширай түсті. Азаматтардың білім алу, денсаулығын нығайту, еңбек ету құқықтары лайықты деңгейде көрініс тауып, мәртебелі Конституциямен бекітілген қағидаттар нақты іс жүзіне асып отыр.
Ата Заңда атап көрсетілген адам, оның өмірі мен бостандықтары, құқықтары - тәуелсіз мемлекетіміз үшін басты құндылықтар ретінде танылып келеді.
Біртұтас қазақ халқы күллі дүниежүзіне ұлтаралық татулық пен бірліктің, түсіністіктің жарқын үлгісін паш етіп, жасампаздықтың биік өресін көрсетуде. Мұның бәрі де Ата Заңның арқасындағы толайым табыстар екенінде сөз жоқ.
Аға буын ардагерлердің кешегі еңбек жолы жалғасын тауып, оларға деген қамқорлық, ілтипаттың деңгейі төмендеген емес. Әлеуметтік қолдау мен қорғаудың ауқымы да жыл санап еселене түсуде.
Облыс әкімі Б.Сағынтаев қоғамдық дамудың сан саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндай отырып, алдағы уақытта еліміз жаңа бетбұрыстарды жүзеге асыратынын да тілге тиек етті.
- Ата Заңымыз – егеменді ел тарихы үлесіндегі аз уақытта үлкен сындардан сүрінбей өтіп, өзінің нақтылығын, тұрақтылығы мен құқықтық құндылығын жоғары дәрежеде дәлелдей білді. Ата Заңымыз анықтап берген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетімізде татулық пен бірлік, бейбітшілік пен тұрақтылық, құт-береке болсын. Қазақстанның дамуының жоғары сатысына баланатын Конституция тұғыры әрдайым биік болғай! – деді облыс басшысы.
Мерекелік салтанатта облыс әкімі ел мен өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Спорт саласында айрықша жарқырап көрініп жүрген Вячеслав Подлесный «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен наградталды. Сонымен қатар түрлі салада нәтижелі еңбек еткен және бүгінде белсенді қызмет атқарып жүрген азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.
Қуанышты жәйттің тағы бірі – ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бағытын, партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін «Нұр Отан» ХДП Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арман Әлиақпаров «Белсенді қызметі үшін» омырау белгісімен марапатталды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматуллиннің атынан белгіні облыс әкімі Б.Сағынтаев табыс етті.
Айшықты мереке қарсаңында марапатқа – облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болғандардың қатарында әріптесіміз, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің шолушысы Өскенбай Тастемханов та бар.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Асыл ӘБІШЕВ.

