ҚҰҚЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

      Қазақстан Республикасының Президенті 2010 жылдың 17 тамызы күні «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметінің және сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.
      Құқық қорғау жүйесін реформалау мәселесі жөнінде кеңес өткізген Елбасы Н.Назарбаев: «Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Ол үлкен жұмыстар атқарады. Күш құрылымдарының қызметіне функционалдық талдау жасалады, проблемалар мен кемшіліктер анықталады. Ауқымды әлемдік тәжірибе зерттеледі» деп атап көрсетіп, еліміздің құқық қорғау жүйесін жаңартудың негізгі бағыттарын да атады. Үкімет пен Парламентке бірлесе отырып, қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Елбасы осыған байланысты барлық тапсырмаларды жедел орындауды жүктегені де мәлім.
       Қазіргі уақытта ел Үкіметі мен жергілікті әкімдіктер Мемлекет басшысының Жарлығын жүзеге асыру бойынша іс-шараларды бастап кетті. Үкімет Жарлықты жүзеге асыру, тапсырмаларды орындау бойынша бір ай ішінде арнайы жоспарды жасап, бекітуі қажет.
       Жаңа реформаға сәйкес, жекелеген мемлекеттік органдарды құру, тарату, олардың қызметтерін бөлу, қаржыландыру, штаттық кестесін анықтау жөнінде Қаулы әзірледі.
       Мемлекет басшысының Жарлығын жүзеге асыру біздің облыста қалай жүргізіледі, оған дайындықтың барысы қалай? Осы мәселе кеше облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыға салынды.
       Жиында аймақ басшысы құқық қорғау қызметінің және сот жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынатын іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды. Осыған орай әрбір тиісті орган, құрылым арнайы жоспар бойынша іс-қимыл жасап, ортақ нәтижеге жетудің маңызы зор екенін бөле-жара атады.
      - Реформа жүргізу барысында жаңа құрылымдар пайда болады. Бірқатарының құзыреттері шектеледі, ауыстырылады. Осыған байланысты Елбасы Үкіметке, сондай-ақ әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктеді. Біз жыл соңына дейін барлық жұмыстарды ойдағыдай орындауға міндеттіміз. Қазірден бастап қолға алынып, жүзеге асып жатқан жұмыстарды пысықтау, талқылау, өзара кеңесу үшін бүгін бас қосып отырмыз, - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев өз сөзінде.
       Кеңесте облыстық ішкі істер департаменті бастығының міндетін атқарушы Н.Жүнісов, әділет департаментінің бастығы Ғ.Жолдыбаева, білім басқармасының бастығы Б.Бексейітова, еңбек және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы В.Берковский, денсаулық сақтау басқармасының бастығы А.Күзеков, облыс прокуроры Д.Сартаев, облыс бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес департаментінің бастығы М.Сабаншиев, облыстық соттың және тағы да басқа құрылымдардың өкілдері ақпар берді. Олардың әрқайсысы алдағы құқықтық реформаны жүзеге асыру бағытында өздеріне жүктелген міндеттердің орындалу жолымен, тетіктерімен және мүмкіндіктерімен таныстырды.
       Ақпар берушілердің сөздеріне қарағанда, қазіргі уақытта барлық бастапқы жұмыстар ойдағыдай жүзеге асуда. Құрылымдардың кейбір құзыреттерінің өзара алмасуына байланысты туындайтын мәселелер де өзара үйлескен түрде жүргізілмекші. Мысалы, бұған дейін басыбүтін ішкі істер органының құзырында болып келген медициналық айықтырғыш қызметі жаңа реформадан соң денсаулық сақтау органына көшетін болады. Осыған байланысты туындайтын мәселелер екі орган тарапынан үйлесімді негізде өз шешімін таппақшы. Дегенмен, ішімдікке салынып, қоғамдық тыныштық пен тәртіпті бұзған тұлғалар айықтырғышқа полиция өкілдерімен жеткізіледі. Денсаулық сақтау басқармасының бастығы А.Күзеков өзгерістерден соң, бұрынғы медициналық айықтырғыш «Уақытша бейімдеу және дезинтоксикация бөлімшесі» деп аталатынын жеткізді. Оның жұмысын талапқа сай реттеуде шетелдік тәжірибелер де пысықталып отырса керек. Алдағы уақытта медициналық айықтырғыштардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, құрал-жабдықтармен қамту секілді мәселелер де оң шешімін табатын ойы бар.
       Тағы бір жаңашылдық – сот орындаушылары қызметі мен орындаушылық құжаттарды жөнелту қызметі сот саласынан алынып, Әділет министрлігінің құзырына көшетіндігі. Осыған орай Әділет министрлігі жанынан осы қызметті реттеумен айналысатын арнайы Комитет, ал облыстық әділет департаменттері жанынан арнайы құрылым жасақталмақшы.
        Облыстық қаржы полициясы да ішкі құрылымдық өзгерістерді бастан кешіреді. Құрылым басшысы М.Сабаншиевтің айтуынша, қазіргі уақытта органға қызметке қабылдауға шектеу қойылған. Құрылымның бас кеңсесінен бірқатар штат қысқартылады.
      - Ең бастысы – атқарып жүрген қызметіне сай емес, құқық бұзушылыққа жол берген қызметкерлерден арыламыз, - деді қаржы полициясының бастығы.
       Облыс әкімі ішкі істер департаментінде болатын штаттық қысқартуларға да назар аударды. Қысқаратын қызметкерлерді мүлде аластатып жібермей, оларды қалалық және аудандық бөлімдерге жұмысқа тарту керектігін баса айтты.
       Елбасы Бас прокуратураға алдағы құқықтық реформаның ойдағыдай жүзеге асуына бас-көз болып, үйлестіруші қызметін атқаруды жүктегені белгілі. Бұл туралы облыс прокуроры Д.Сартаев та тілге тиек етіп, қадағалаушы орган үйлестіру жұмыстарын жан-жақты жүйелі жүргізетінін атады.
      - Үкімет бір ай ішінде арнайы бағдарламаны қабылдап, бекітеді. Осы үлкен бағдарламаның шеңберінде біз өзіміздің облыстық бағдарламаны құрамыз. Әрбір орган өз министрліктерімен келісіп, кеңесе отырып, жергілікті жерде жүзеге асатын барлық жұмыстарды тереңнен пысықтауы қажет. Үкімет бізге осы өзгерістер мен қайта құрулар үшін қаржы бөлмейді. Біз келер жылдың бюджетін пысықтап, бекіткенде жергілікті құқық қорғау жүйесін реформалауға байланысты жұмыстарды да ескеруіміз керек, - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
      Сондай-ақ облыс басшысы Елбасы Жарлығын және Үкіметтің тапсырмаларын, бағдарламасын жергілікті жерде жүзеге асыруға байланысты іс-шараларды үйлестіретін арнайы жұмыс тобы құрылатынын да мәлімдеді. Облыс әкімінің аппараты осы бағыттағы барлық шараларды үйлестіруші, ұсыныстарды қабылдап, екшеуші орган болатынын атап көрсетті.
      Ең бастысы – Елбасымыз «Қабылданған шаралар құқық қорғау және сот жүйесінің тиімділігін арттырып, біздің азаматтарымыздың құқығын әділ және шынайы қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенемін» деп атап көрсеткендей, әрбір іс-шара жоғары нәтиже беруі үшін күш салынуы қажет.

Асыл ӘБІШЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30