Елімізде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып отырған «Инновациялық-индустриалды даму» мемлекеттік бағдарламасын насихаттау мақсатында республикалық үгіт-насихат топтары жұмыс жүргізуде. Қазақстанның өнер жұлдыздарынан құрылған осындай үгіт-насихат тобы Павлодар өңірінің ірі өндіріс ошақтарында болып қайтты.
Облысқа ат басын тіреген топ құрамында өнер иелері Нұрлан Абдуллин, Тамара Асар және «Жігіттер» квартетінің әншілері болды. Бұған дейін өнерпаздар Өскемен қаласында болып қайтты. Әннен шашу шашқан өнер иелері облысымыздың алпауыт өндіріс ошақтары - «Қазақстан электролиз зауыты», «Қазэнергокабель» және «Каустик» акционерлік қоғамдарына барып, ел экономикасын дамытуға атсалысып жатқан кәсіпорын жұмыскерлеріне концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Еңселі еліміз тәуелсіздігін алғалы бері халық игілігіне жарайтын көптеген іс-шаралар атқарылып жатқаны біз үшін – мақтаныш. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан насихаттық жұмыстарды игі бастама деп білемін. Біздің сапарымыздың ең басты мақсаты – қазақстандық өндіріс орындарын аралап, Елбасының бастауыман іске асырылып жатқан ауқымды бағдарлама аясында үгіт-насихаттық жұмыстар жүргізу, - дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.



