ҒЫЛЫМСЫЗ ДАМУ МҮМКІН ЕМЕС

 

 

Дүйсенбі күні Павлодар қаласында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің тұсаукесері болып өтті. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Владимир Бобров пен Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев қатысты.
 
Бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін қазіргі заманда ескі өндірісті модернизациялап қана қоймай, шығарылатын өнімнің өзіндік құнын төмендету де қажет. Алайда, мұның бәрі ғылымның көмегінсіз мүмкін емес. Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдары ірілі-ұсақты өнеркәсіп орындары жекешелендіріліп кетті де, ғылыммен байланыс жағы ақсап қалды. Елбасы экономиканы өрлетуді, сол орайда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруды талап етіп отырған тұста ғылымды айналып өте алмаймыз. Павлодар облысына «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің басшылары осындай арнайы мақсатпен келген. Яғни, отандық ғылымның жетістіктерін еліміздегі өндірістерге белсенді түрде енгізуді қолдайды.
«Парасат» холдингінің Басқарма төрағасы Нұралы Бектұрғановтың айтуынша, ұзын саны   12 институттан тұратын холдинг осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған. Десе де, осы аз уақыт ішінде ғалымдардың тынымсыз ізденісінің нәтижесінде экономиканың әр саласы бойынша қолданысқа енгізуге тұрарлық ғылыми табыстарға қол жеткізіп үлгерген. Мәселен, география институты Павлодар облысына 6 инновациялық жобасын ұсынды. Олардың ішінде экономикалық, экологиялық, табиғи қазбаларды пайдалану бойынша аймақтың мүмкіндіктерін көрсететін жұмыстар бар. Елімізде сегіз ірі су қоры болса, соның жетеуі трансшекаралық өзендер болып есептеледі. Мұндай маңыздағы аймақтардың өзіндік ерекшеліктері болуға тиіс. Соның бәрі қамтылатын арнайы атлас құралын небары екі жылда әзірлеп бере аламыз. Тек тапсырыс болса болғаны,- деді ғалымдар. 
«Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі өкілдері энергетика, фармацевтика, жылу өндірісі, электронды білім беру секілді түрлі салалар бойынша қол жеткен игіліктері туралы кеңінен таныстырды. Қарағанды фармацевтика кәсіпорны Павлодардағы «Ромат» дәрі-дәрмек компаниясымен бірге тиімділігі танылған бірегей дәрілік құралдар шығаруды жоспарлауда. Ал Өскемен қаласында құрастырылатын шағын жылу насостарын павлодарлық тұрғындар сатып ала бастаған. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа мүмкіндікті негізінен жеке үйлердің тұрғындары қолдануда. Себебі, оларға орталық жылу құбырына қосылу үшін қомақты ақы төлеуге тура келеді және жылу кәсіпорнына ай сайын тұрақты түрде коммуналдық төлем төлейтін еді. Электр қуаты арқылы жұмыс істейтін жаңа жылу құралы одан гөрі тиімді болып табылады. 
Елімізге жыл сайын шетелдерден 1 млрд. долларға дәрі-дәрмектер әкелінеді. Президент 2014 жылға дейін дәрі-дәрмекке деген сұраныстың 50 пайызын отандық өндіріс өтеуі керек деген талап қоюда. Бұған да ғылыми жаңалық енгізбей қол жеткізу екіталай. Ғалымдар бүгінде ғылымға салынған 1 теңге инвестиция келешекте 5-7 теңгенің пайдасын әкелетінін айтады. Әлемнің дамыған мемлекеттері мұны әлдеқашан түсініп алған.
Нұралы Бектұрғановтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде Павлодар алюминий зауыты глинозем өндірісінде тың тәсілді қолданып көруді ұйғарып отыр. Бұл шешімді зауыт иесі - Еуразия табиғи қорлар корпорациясы құптайтын болса, өндірісте гидрокарбонат технологиясын енгізу үшін ғалымдар жұмыс жасамақ.
 Бақытжан Әбдірұлы инновациялық жобалар енгізу арқылы Елбасының бәсекеге қабілетті өнімдер шығару туралы тапсырмасы орындалатынын айтты. Өткен жылы аймақта индустрияландыру картасы бойынша техникалық қайта жарақтандыруға қатысты 17 жоба іске қосылды. Қазір өнеркәсіп орындары заманауи ғылыми әдіс-тәсіл пайдаланбаса, өзіндік құны төмен, яғни бәсекеге жарамды, нарықта өтімді тауарларды шығару мүмкін еместігін пайымдап отыр.
Кездесу соңында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің Басқарма Төрағасы Нұралы Бектұрғанов өзара әрекеттестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Аймақ басшысы Павлодар облысы үшін тиімділігі танылған ғылыми жобаларға тапсырыс беру жайы қаралатынын жеткізді.
Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31