ЖОЛДАУҒА ЖЕДЕЛ ҮНҚОСУ

 

Ғабит ИРЕНОВ, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, саясат ғылымдарының докторы, профессор:

- Елбасының халыққа Жолдауын тыңдап, Қазақстанның азаматы ретінде қуандым. Өйткені, Жолдауда елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға байланысты жасалған көп игі істер аталып өтті. Шынымен де халықтың күн көріс деңгейі жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, зейнеткерлердің зейнетақысы, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы, студенттердің шәкіртақысы өсті. Бұл - қай-қайсымыз үшін де үлкен қуаныш, мемлекет тарапынан жасалған зор қолдау деп білемін. Дегенмен зейнетақы, еңбекақы өскен кезде елімізде азық-түлік өнімдері бағасының шарықтап кететіні өкінішті. Сол үшін атқарушы органдар мен жергілікті билік өкілдері бұл мәселені бір қалыпта ұстап тұруға баса мән беріп, бақылау жасаулары керек деп ойлаймын. Елдің тұрмысын жақсарту-Елбасының басты мақсаттарының бірі екенін естен шығармаған жөн. Сонымен қатар, елде білім мен ғылымды дамытуға баса мән берілуде.             Өте құптарлық жайт. Егемен еліміздің өресі биік болуы үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу керек.

Жалпы, Президент халыққа Жолдауында көптеген мәселелерге шолу жасап, нақты міндеттер жүктеді. Алдағы он жылға арналған биік мақсаттарға жетудің даңғыл жолын көрсетті. Ең бастысы, Елбасының елдің ой-пікірімен санасып, бірінші кезекте қарапайым бұқараның қамын ойлайтынына ризамын.

 

Роза ЕЛУБАЕВА, Екібастұз қаласының №10 орта білім беру мектебінің директоры, қалалық мәслихат депутаты:

- Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикалық, саяси бағытын тұрғындардың ойы, мүддесі және үмітімен сәйкестендіріп қана қойған жоқ, сондай-ақ мемлекет ішінде қандай қиындықтар бар екендігін, оны қалай жеңіп шығуға болатындығын ашық түрде жеткізді. Қазақстандықтардың үміті осы жолы да ақталды. Мен Жолдауды үлкен ықыласпен тыңдадым. Қазақстандықтарды тек қана алға жетелейтін жаңа экономикалық құлшынысқа, ілгерінді инвестициялық жобалардың, экономиканы жаңартудың қажет екендігіне бағыттайтын жаңа Жолдау бізді тәнті етті. Еліміздің басты құжаты, іс-қимылдың нақты бағдарламасы болып табылатын Елбасы Жолдауы бұқараның жаппай қолдауына ие болып, іске асатынына сөз жоқ.

Жолдауда, әдеттегідей білім саласына да көп көңіл бөлінді. Бүгінгі таңда елімізде аталмыш салаға жасалып жатқан қамқорлық білім-тәрбие жұмыстарының сапасын  арттыруға негіз болуда. Жаңа білім ошақтары бой көтеріп, мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы заман талабына сәйкес жарақтандырылуда. Онымен қоса, Жолдауда аталып өтілгендей, 2011-2020 жылдарға арналған білім саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы үлкен серпіліс болмақ. Ондағы белгіленген негізгі мақсаттарды сәтті жүзеге асыру - еліміздің білім беру саласында қызмет ететін әрбір ұстаздың, маманның тікелей міндеті.

 

Адалаида ПАК, Қазақстан кәрістері ассоциациясы Павлодар облыстық филиалының төрайымы:

- Біз ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа Жолдауын жыл сайын асыға күтеміз. Елбасы Жолдауы алдағы онжылдықта әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың бағдары болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған сөздерін мұқият тыңдай отырып, еңселі еліміздің экономикасы қарыштап даму үстінде екеніне көз жеткіздім. Өткен жылы бағындырған жетістіктер биыл да жалғасын тауып, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы халық үшін игілікке толы болатынына кәміл сенемін.

 

Амангелді АВУДБАЕВ, Екібастұз қалалық тері-венерологиялық диспансерінің бас дәрігері:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында адамдардың күнделікті мұқтажынан шыққан мәселелерді шешуге, тұрмысты төмендетпей, алға бастыруға бағытталған шаралар белгіленген. Ондағы айтылған әрбір ой халық көкейінде жүрген мәселелермен ұштасып жатады. Кез-келген саланың жұмысшылары, жастар, зейнеткерлер назарсыз қалмаған. Елімізде қашан да әлеуметтік саясатқа көп мән берілетіндігі қуантады.

Мемлекеттің басты байлығы – халық, оның денсаулығы. Қазіргі кезде, емдеу мекемелерін заманға сай медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстарының пәрменділігі артып, дәрігерлерге талап күшейтілді. Дәрігерлер де, өз кезегінде, осы талап үдесінен шығуға тырысуда.

Елбасы Жолдауында өткен жылы бастау алған бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің биыл да жалғасын табатындығын атап өтті. Бұл – өте маңызды. Онымен қоса, бұдан былай ауылдық жерлерде тұратын халықтың денсаулығын жақсартуға көп көңіл бөлінбек. Жолдауда айтылғандай, алдағы он жылдың ішінде республика бойынша елді мекендерде үш жүзден астам емдеу мекемесі жаңадан тұрғызылмақ. Сондай-ақ аталмыш саладағы жаңа бастамалар денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға да өз септігін тигізеді деген ойдамын.

 

Михаил ПАРИПСА, Т.Шевченко атындағы украин мәдениетінің Павлодар облыстық серіктестігінің төрағасы:

- Жолдауда айтылған жоспарлар мен мақсат-міндеттерді мұқият тыңдадым. Ендігі мақсат – Елбасының тапсырмаларын жүйелі орындап, мемлекет байлығы болып табылатын халық игілігіне жарату.

Нұрсұлтан Әбішұлының «Ырыс ынтымаққа жолығады, дәулет бірлікпен толығады» деген сөздерін естігенде ерекше сезімде болдым. Жүзі басқа, тілегі бір халық барда саясаты сарабдал еліміздің қазынасы қыруар, болашағы баянды болады. Мемлекет басшысы осы Жолдауында әлеуметтік салаға ерекше ден қойған. Дамуымыздың негізгі тетіктері болып саналатын экономиканың және жаңа әлеуметтік даму саясатының келесі онжылдыққа арналған міндеттері айқындалды.

Елбасы өзінің халыққа Жолдауында 2017 жылы Қазақстан халқының  80 пайызы қазақ тілін білу керектігін баса айтты. Ал 2020 жылы азаматтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі қажет. Республика аумағында өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің туған тілдерін оқып, дамытуға да жол ашық. Ауызбіршілікті ту еткен республика жұртының бірлесе жұмыс атқаруының арқасында еліміз биік белестерді бағындыратынына сенемін. Халқымыз қуатты, еліміз айбынды болғай.

 

Серік Сүлейменов, облыстық мәслихат депутаты, «Болат» шаруа қожалығының басшысы, Павлодар ауданы:

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауын ерекше ынтамен тыңдадым. Себебі, биылғы Жолдаудың маңызы бөлек. Президент ең алдымен Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап қандай ірі табыстарға қол жеткізгенімізді сараптап берді. Жеке ел болғалы алғашқы 20 жылында мұндай қарқынды даму көрсеткіші Оңтүстік Корея, Сингапур, Венгрия, Польша мемлекеттерінде болған емес.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ерекше қолдауға ие болатынын атады. Соның ішінде ет бағытындағы мал шаруашылығына мән беріледі. Қойылып отырған талап бойынша, біз 2016 жылға дейін жылына 60 мың тонна етті сыртқа экспорттауға тиіспіз. Яғни, осыған дейін ішкі нарықты толығымен өзіміз қамтамасыз етуіміз керек. Шетелге ет сататын болсақ, шаруашылықтардың да жағдайы көтеріледі. Сондай-ақ ауылдықтарға кіріс көзі пайда болады. Бұл мақсатта мемлекеттен несие беріледі. Өзіміз ауыл шаруашылығы саласында жүргендіктен, Жолдауда осы бағыт көңілге нық сенім ұялатты. Осыған дейін өз шаруашылығыма Америка, Канада елдерінен асыл тұқымды мал сатып алу жөнінде жоспарым болған еді. Енді бұл бастаманың мемлекет тарапынан қолдау табатынына қуаныштымын.

Қорыта айтқанда, Президенттің биылғы Жолдауы әлеуметтік мәселелермен қатар, еліміздің экономикалық дамуына серпін беретін бағыттарды толық қамтыды.

 

Жақсыбай САРБАЛАЕВ, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің филология, журналистика және өнер факультетінің деканы, профессор:

- Президенттің биылғы халыққа Жолдауы мазмұндылығымен көңілімнен шықты. Ол еліміздің 20 жылда жеткен жетістіктерімен қатар кемшіліктерге де тоқталып, күнделікті өмірде қордаланып қалған бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтар болсақ, қазір елімізде ғылым докторлары мен кандидаттары көбейіп кетті. Елбасымыз Жолдауында елдегі 60 кандидаттың 1-уі ғана талапқа жауап бере алатындығын, ал 7 ғылым докторы болса, тағы да оның 1-уі ғана осы атаққа сай келетінін ашық атап өтті. Бұл -өте дұрыс көтерілген мәселе деп ойлаймын. Шынында да жалған ғылым кандидаттары мен ғалымсымақтардың көмегімен еліміздің көсегесін көгерте алмаймыз. Күндердің күнінде осы мәселеге тоқтау болатынынан үміттеніп жүрген едім. Бүгінде бұған Елбасымыздың өзі нүкте қойып, білім-ғылым саласын жетілдіруге бағытталған ойлары қатты қуантты. Осыдан былай отандық ғылымның сапасы артып, беделі өседі деген сенімдемін. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты да орынды ойлар айтылды.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлап жатқан тұста мемлекеттік тілдің әлі де өз деңгейінде еместігі жанымызға бататыны - ақиқат. Алдағы күндері бұл мәселе де өз шешімін табатын болды. Сол үшін мен өте қуаныштымын. Өз басым Елбасының Жолдауын шын жүрегіммен қабылдап, қолдаймын.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 30
31